Accessibility links

Қазақстан жүргізушілеріне «Яндекс» те жол көрсетпек


Жүргізуші көлігіндегі навигаторына қарап отыр. Алматы, 18 қыркүйек 2014 жыл.
Жүргізуші көлігіндегі навигаторына қарап отыр. Алматы, 18 қыркүйек 2014 жыл.

Ресейдің «Яндекс» компаниясы қазақстандық жүргізушілерге ел аумағында жол көрсететін мобильдік қосымшаны іске қоспақ. Қазақстан нарығында ресейлік өзге компанияларға тағы бір бәсекелес қосылды.

Қазір GPS-навигатордың қажеттігіне ешкімнің күмәні қалмады. Бүгін автоәуесқойларды GPS-көмекшісіз елестетудің өзі қиын. Енді жұрт «қай навигаторды таңдаған жөн немесе қайсысы жақсы» деп дауласатын болған.

Қазір Қазақстан нарығында Garmin Mobil, City Guide, Navitel Navigator, Prestigio деген навигациялық төрт бағдарлама бәсекеге түсіп отыр. Бұл брендтердің екеуі – ресейлік навигаторлар.

Alem Teshnologie компаниясы директоры Азамат Әзімхан Азаттық тілшісіне навигаторлардың қай елдерден әкелінетінін, нарықтағы бәсекеде қайсысы озып тұрғанын айтып берді.

Қазақстан нарығында брендтер жетеді, бірақ олардың бәрі Қытайда жасалған. Меніңше, аталған брендтердің ішінде Ресейдің Navitel Navigator бренді мықтырақ сияқты. Өйткені жұрт оны смартфон арқылы пайдалана алады. Ресейдің Garmin Mobil бренді де, Тайваньның Prestigio бренді де Қытайда жасалады. Қазір смартфондардың бәрінде GPS бар, жұрт бағдарламаны өздері-ақ орнатып алып, навигаторсыз-ақ жүре береді, - дейді ол.

Көлікке орнатылған GPS-навигатор.
Көлікке орнатылған GPS-навигатор.

Маркетинг компаниясы директорының пікірінше, «Яндекс» Қазақстан нарығына «әлсіздіктен емес, пайдаланушыларын көбейту үшін келген сияқты». Компанияның «Яндекс man» деген бағдарламасын смартфонға тегін жүктеп алуға болады. Ол жолдағы көлік легінің тығыздығын, апат болған және полицейлер тұрған тұстарды көрсетеді.

— Олар бұл нарықтан көп пайда таба қоймайды деп ойлаймын. Өйткені жұрт бұрынғысынша смартфонды пайдалана береді, қазір ешкім көлігіне қымбат навигатор орнатқысы келмейді. «Яндекс» навигатордан көп ақша таппаса да, пайдаланушыларының санын көбейте алады, - дейді Азамат Әзімхан Азаттық тілшісіне.

ҚАЙСЫСЫ ЖАҚСЫ?

Dеkon фирмасы директоры Дмитрий Коверзневтің Азаттық тілшісіне айтуынша, Алматыда жұрттың көбіне Prestigio компаниясының навигаторлары ұнайды. Фирма негізінен осы компанияның навигаторларын сатады. Фирма директоры «бұрын бағасы 14 мың теңгеден 58 мың теңгеге дейінгі Қытай навигаторларын сатқанбыз» дейді.

Сипаттамасы әр түрлі болғанымен, негізі брендтердің бәрі бірдей. Біздегі бағасы - 10 мың теңгеден 14 мың теңгеге дейін, - дейді Pioner Hundai дүкенінің сауда менеджері Андрей Капатилов.

«Яндекс» компаниясының баспасөз қызметінің жетекшісі Владимир Исаевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, қазақстандық көлік жүргізушілер компанияның жаңа навигаторларын қазірден жүктеп ала беруіне болады.

Қазақстанда «Яндекстің» навигаторларын смартфонға қазірден бастап жүктеп ала беруге болады. Алғашқы айда Beeline компаниясы абоненттеріне тегін қызмет көрсетіледі. Кейін олар өз тарифтерін қоятын шығар. Ал қалған қазақстандық пайдаланушылар үшін маршруттар құрастырып, түрлі сервистерді іске қосамыз. Оны дауыспен де басқаруға болады. Мысалы, «жанармай құюға кеттік» десең болды, таяу маңдағы жанар-жағармай құятын бекетке дейінгі маршрут экранға шыға келеді, - дейді Владимир Исаев.

Алматының Әл-Фараби көшесіндегі көлік қозғалысы. Алматы. 25 қыркүйек 2014 жыл.
Алматының Әл-Фараби көшесіндегі көлік қозғалысы. Алматы. 25 қыркүйек 2014 жыл.

Автомобилистерге арналған «Колеса» газетінің жазуынша, Garmin Mobil бағдарламасының интерфейсі пайдалануға ыңғайлы әрі тиісті маршрутыңды дауыс арқылы автоматты түрде тауып береді. Бұл навигатордың картасы барынша толық жасалғанымен, онша нақты емес. Топографиялық карталар негізінде жасалғандықтан, навигаторларда көрсетілген жолдардың көбі мүлде жоқ болып шығады немесе басқа да қателері бар.

Ал City Guide бағдарламасының басқа бағдарламалардан айырмашылығы - оның іздеу қызметі жақсы жұмыс істейді. Бұл навигатордың көмегімен тиісті мекенжайды ғана емес, көше қиылыстарын, ықшам аудандарды, түрлі географиялық нысандарды, тіпті дүкендер мен мемлекеттік мекемелерді де табуға болады.

Қазақстанның автонавигаторлар нарығы енді ғана дами бастағанымен, жергілікті компанияларға да орын жететін сияқты. Бірақ нарықтың бұл саласында әзірше шетелдік брендтер, әсіресе ресейлік навигаторлар көп.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG