Accessibility links

Назарбаев малшылар слетінде шетелде емес, Қазақстанда емделуге шақырды


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті (ортада) малды ауылды аралап жүр. Алматы облысы, 27 шілде 2011 жыл
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті (ортада) малды ауылды аралап жүр. Алматы облысы, 27 шілде 2011 жыл

Ол Қазақстанда «қалалықтар ауылға барып тұратындай жағдай» жасалғанын айтты. Назарбаев «бұрын еш уақытта Қазақстанның мемлекеті мен шекарасы болмаған» деді.


Қазақстан президенті сәрсенбі күні Алматы облысына сапар шекті. Мал шаруашылығы нысандарын аралап көрген ол Еңбекшіқазақ және Талғар ауданы малшыларының слетіне қатысты. Асы жайлауында өткен слетте Назарбаев тәуелсіздіктен бері «халықтың жағдайы түзелгенін» айтты.

"ЕШ УАҚЫТТА ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ БОЛҒАН ЖОҚ"

«Дотация беріп, құлап қалған жерде жатқан ауылды тізесінен тұрғыздық. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, қаладағы халық ауылға баратындай жағдай жасадық. Осы жағдай Қазақстанның қай жеріне барсаңыз да жасалған», -деді Назарбаев аталған слетте.

- Жиырма жылда жүз жылға тұратын жағдайды шештік. Еш уақытта Қазақ мемлекеті болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ. Тұңғыш рет қазақтың шекарасын шегелеп, Біріккен Ұлттар ұйымына жеткіздік. Еш уақытта қазақ өзі таңдап өз астанасын салған жоқ. Өз астанасын қазақ тұңғыш рет өзі сайлады. Сарыарқаның төрінен, солтүстік жағынан, кең байтақ жерімізді біреуге беріп қоямыз ба деп мен әдейі соны жасадым,- деді Назарбаев малшылар слетінде.

- Адамзаттың баласының дүниеде бір-ақ отаны бар. Сол отанынан айрылған адам - сорлы. Қазақтың Қазақстаннан басқа отаны жоқ, - деді Назарбаев.

Ал таяуда қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтың Ұлыбританиядан саяси баспана алғаны белгілі.

ШЕТЕЛСІЗ ЕМДЕЛУ

«Жиырма жылда Қазақстанның экономикасы адам басына шаққанда он екі есе көбейгенін» айтқан Назарбаев ауылда адамдарға барлық жағдай жасалғанын қайталаумен болды. «Ақсақалдар ауылдағы жағдайды ғана көріп отыр. Ал дүние жүзінде әлі де дағдарыс болып жатыр» деген Назарбаев жалақы мен зейнетақының өсірілуін Қазақстанның жеке жетістігі дегенге сиғызды.

Президент білім беру және денсаулық саласына да тоқталды.

- Шетелге бармай, осы жерден бәрін емдейтін боламыз. Егер дәрігерлердің мамандығы жеткілікті болса, барлық ауруды емдеуге болады,- деді ол.

250 "ҚОЗЫ" МЕН 200 "КӨЛІК"

Назарбаев Совет одағы тұсындағы жалған ақпар берудің жағымсыз жағдай болғанын да айтты. «Бұрын шопандардан "Еңбек ері" жасаймыз деп 100 қойдан 250 қозы алып масқара болдық қой» деген президент қазір малшылардың қой бағып жүріп ұялы телефон пайдаланатынын жетістікке балады. Назарбаев Совет одағы тұсында «әр 100 отбасыда екі көлік болса, қазір 100 отбасыға 200 көліктен келеді» дегенді айтты.

Слеттегі сөзінде Назарбаев «жұмыс істеген ел озады» деп Қытайды мысалға келтірді. «Қытай тырмысып жұмыс істегенінің арқасында алдыңғы қатарлы мемлекет деңгейіне жетті»,- деді ол.

«Дүниеде дін негізінде, ұлтаралық араздық барысында қанша қан төгіліп жатыр. Бізде аллаға шүкір, ондай оқиға жоқ» деген Назарбаев сөз соңында Қазақстан тарихын еске алды. Ол XIX ғасырда Ресейдің «хандарға шекпен жауып, Қазақстанды быт-шыт қылғанын» айтты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың малшылар слетіндегі сөзінен үзінді тыңдаңыз:
Нұрсұлтан Назарбаевтың малшылар слетіндегі сөзінен үзінді
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:00 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG