Телеарна журналистерімен болған кездесуде Назарбаев 22 желтоқсанға жоспарланған Украинаға сапары кезінде осы елдегі саяси жанжалда бітімгершілік рөл атқаруы мүмкін екендігі жөнінде емеурін білдірді. Оның айтуынша «қазіргі міндет - соғысты тоқтату және Украинаның аумақтық тұтастығын мойындау және келіссөзге отыру».
- Бұл жөнінде Ресей жетекшілері де айтып келеді. Еуропа елдерінің, Ресей, Украина жетекшілерімен де сөйлесіп жүрмін. Қазақстан Украина мен Ресейге бірдей көзқараспен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай мәселе жоқ. Ресей мен Украина арасындағы жағдайға бейтарап ұстанымда қараймын, - деді ол.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, «Ресейге салынған санкция Қазақстанға тікелей әсер етпейді, бірақ ешқандай жақсылығы да жоқ».
- Рубль құлдыраған соң Ресейден арзан тауар әкеле бастады. Сондықтан Ресейден қандай тауарды әкелуге болатынын, қандай тауарды әкелуге болмайтынын қарауға мәжбүр боламыз. Өйткені Ресейден келетін арзан тауар біздің кәсіпорындарымызды тақырға отырғызуы мүмкін, - деді Қазақстан президенті.
Кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев «өзінің «Нұрлы жол» бағдарламасы «арғы ата-бабалардан қалған «Мәңгілік ел» идеясының жалғасы» екенін де айтты.
Президенттің айтуына қарағанда «тәуелсіздік алғалы Қазақстан теңдессіз табыстарға жетіп, экономикасы 16 есе өскен».
Қазақстан президенті «Еуразия экономикалық одағы келісіміне қол қойғаннан кейін Қазақстан көп векторлы саясатынан бас тартуы мүмкін бе?» деген сауалға да жауап берді.
Назарбаевтың пікірінше, Қазақстан Еуразия экономикалық одағы жөнінде келісімге қол қойғанымен, биыл күзде қол қойылған Еуропа Одағымен кеңейтілген ынтымақтастық туралы келісім және Қазақстанның таяу уақыттарда ДСҰ-ға кіру мүмкіндігі Қазақстанның көпвекторлы саясатының әрі қарай жалғасатынын білдіреді.
Кездесу соңына қарай журналистер Нұрсұлтан Назарбаевтан ән салып беруін сұрады. Президент екі ән салды. Оны журналистер де қосыла айтты.
Қазақстан президентімен кездесуге сегіз тележурналист қатысты. Сұхбат жергілікті тоғыз телеарнадан бір мезгілде көрсетілді.