Accessibility links

Путин «Ресейдің ешкімге шабуылдамасын» айтты


Ресей президенті баспасөз жиынында сөйлеп отыр. Мәскеу, 18 желтоқсан 2014 жыл.
Ресей президенті баспасөз жиынында сөйлеп отыр. Мәскеу, 18 желтоқсан 2014 жыл.

Ресей президенті бүгінгі баспасөз жиынында да «Украинаның шығысында Ресей әскері соғысып жүрмегенін» мәлімдеді. Ол Қазақстанды да сөз етті.

Ресей президенті Владимир Путин бүгін, рубльдің құны қарқынды түсіп бара жатқан кезде өткізіп отырған баспасөз жиынын әуелі ел экономикасындағы қазіргі ахуалды сипаттаудан бастады.

«ЭКОНОМИКА ЕКІ ЖЫЛДА ОҢАЛАДЫ»

Владимир Путин 2014 жылдың 10 айында жалпы ішкі өнім көлемі жоғары болғанын, қаржы нарығында құбылмалы жағдайға қарамастан шығыннан табыс артық болатынын айтты.

Путин Ресей экономикасының қазіргі күрделі ахуалы негізінен "сыртқы факторлардың", оның ішінде мұнай бағасының арзандауынан қалыптасып жатыр деп түсіндірді. Ол Ресей экономикасы қазіргі дағдарыстан "шамамен екі жыл ішінде шығатынын" және осы кезеңде энергетикалық ресурстарға тәуелді экономика әр тарапта дамитынын айтты.

Путин пайыздық үстеме ұзақ уақыт тұрмайтынын айтып, үкімет қаржылық ахуалды тұрақтандыратын шаралар қабылдауы тиіс екенін мәлімдеді. Ресей президентінің сөзінше, қаржылық ахуалдың тұрақсыздығына тек орталық банк қана жауапты емес.

«ДОНБАСТА СОҒЫСЫП ЖҮРГЕНДЕР - ЕРІКТІЛЕР»

Ресей президентінің бұдан кейінгі сөзі журналистердің сұрақтарына байланысты халықаралық жағдайға, Украина дағдарысы мен Батыс елдерінің санкциясы жөнінде өрбіді.

Владимир Путин НАТО-ның Шығыс Еуропаға қарай кеңеюі мен АҚШ-тың зымыраннан қорғаныс жүйесін құруын айтып, Батыс елдерін "қырғиқабақ соғыс кезеңінен кейін жаңа Берлин қабырғасын құрып жатыр" деп айыптады.

Жиында украиналық журналист Путиннен "Украинаның шығысында соғысып жатқан Ресей әскері" жайлы сұрады. Путин Украинаның шығысында "Ресейдің тұрақты әскері жоғын" айтты. "Донбаста украин билігі жазалау операциясын жүргізіп жатыр. Ондағы әскери операцияларға ерікті түрде және жүрек қалауымен қатысып жатқандар - жалдамалылар емес, оларға ақша төлемейді" деді Ресей президенті.

Владимир Путин Украинаның шығысындағы қақтығыстарға Киевтегі билікті айыптады. Ол Киевтегі үкіметті "төңкеріс арқылы билікке келді" деп сипаттады.

Путиннің сөзінше, Украина президенті Петр Порошенко елдің шығысындағы дағдарысты шешкісі келеді, "бірақ Порошенко жалғыз емес, оның айналасындағылар жеңіске жеткенше соғысқысы келеді". Путин Украина біртұтас саяси субъект болуы тиіс және Киевтегі үкімет елдің барлық облысын құрметтеп, олардың өкілдерімен тікелей диалог жүргізуі тиіс дейді. Ресей президентінің айтуынша, Мәскеу қыркүйекте Минскіде жасалған Донбастағы қақтығысты реттеу келісімінің орындалғанын қалайды, "бірақ Киев келісімнің кейбір талаптарын бұзып отыр".

«РЕСЕЙ ӨЗ МҮДДЕСІН ҚАТАҢ ҚОРҒАЙДЫ»

Путинге сауал қойған журналистердің бірі, ресейлік журналист Ксения Собчак одан Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың таяуда Грозныйда шабуыл жасаған топтың туыстарына қатысты жазалау шаралары жөнінде мәлімдемесінің заңға қаншалықты сай келетінін сұрады. Ресейде барлық адам заңды сақтауы тиіс екенін ескерткен Путин "сот дәлелдемейінше ешкімнің айыпты деп танылмайтынын" айтты. Ол қазір құқық қорғау орындары шабуылға қатысты алдын-ала тергеу жүргізіп жатқанын, Қадыровтың "сотсыз ешкімді жазалай алмайтынын" айтты.

Жиында шетелдік журналистер Путиннен Мәскеуде "сарай төңкерісі болуы қаупі" жайлы, Ресей әскери ұшақтарының Шығыс Еуропа, Балтық бойы елдерінің әуе кеңістігінде бұзып жүрген туралы сұраған. Путин Ресейде "ешқандай сарай жоқ және сарай төңкерісі де болмайды" деді. Ол әскери ұшақтарға қатысты сауалға "Ресей ешкімге шабуыл жасамайды, тек әлемде өз мүддесін қатаң түрде қорғайды" деп жауап берді.

«ҚАЗАҚСТАН ДА ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒА АЛАДЫ»

Владимир Путинге "Ресеймен бірге Еуразия экономикалық одағына кіргелі отырған Қазақстанға бұл ортақ нарық ортақ дағдарысқа айналмай ма?" деген сауал да қойылды. Путин Қазақстанның да Ресей сияқты «сыртқы жағдайлардың теріс ықпалына тап болатынын» айтты. «Бірақ Ресей сияқты Қазақстан да мұнайға тәуелді болғандықтан дағдарыстан шығады. Әлемдік экономикада мұнайға деген сұраныс артып, біздің экономикамыз энергоресурстар бағасының арзандауына бейімделеді. Екі ел дағдарыстан интеграцияға түсіп, тауар, жұмысшы күші мен капиталдың еркін айналуына жағдай жасау арқылы шыға алады» деді Ресей президенті.

XS
SM
MD
LG