Мәжіліс депутаттарына кодекс жобасын таныстырған жоғарғы сот мамандары азаматтардан құжатқа қатысты бір мыңнан көп ұсыныс-тілек түскенін хабарлады.
Парламент депутаты Рахмет Мұқашевтің айтуынша, жаңа азаматтық процессуалдық кодекс жобасында істі сотқа жолдауға дайындау мерзімі ұзартылған, судья және сот процесіне қатысатын өзге тұлғалардың сот талап-арызды қабылдап алғаннан кейінгі жұмыс тәртібі күшейтілген, ал сотқа дейінгі тексеру кезінде тараптар айғақ-дәлелдер келтіруі тиіс.
— Егер дәлел-айғақтарды келтіру мүмкін болмаса, оларды кейінірек, сот кезінде келтіруіне болады. Ал ерекше жағдайларда айғақ-дәлелдерді аппеляциялық сотта да келтіруге рұқсат беріледі, - дейді депутат Рахмет Мұқашев.
Оның айтуынша, азаматтық процесте адвокаттардың да рөлі күшейтілген әрі тараптардың өтініші бойынша жұмыс істейтін медиация институты жетілдірілмек.
Кодекс жобасына «тараптардың соттағы өкілдерінің жоғары заң білімі болуы шарт» деген талап енгізілгенін Азаттық ертеректе жазған болатын. Сот шешіміне қатысты шағымдану және шағымды жоғарғы сотта қарау кезінде азаматтардың мүддесін қорғаумен лицензиясы бар адвокаттар ғана айналыса алады.
Жоғарғы сот судьясы Ұлболсын Сүлейменова жоба құрастырушылары халықаралық сарапшылардың кеңестерін ескеруге тырысқанын айтады. Оның айтуынша, заң жобасында әділ сот төрелігі кепілдігі алғашқы сот сатысында қамтамасыз етілуі тиіс деп көрсетілген.
— Сотқа қолжетімділік дегенді сабылып шағымдану деп түсінбей, әділ сот процесін өткізу арқылы шешім шығару деп түсіну керек. Апелляциялық соттан гөрі, кассациялық сотқа шағымдану тәртібі қатаңдау болуы тиіс. Сот төрелігі жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету, судьялар ресурсын үнемдеу, дауды қысқа мерзім ішінде шешу, дау сипатының елеусіздігін ескере отырып мақсат пен құралдардың шамаластығы сияқты заңды мақсатты көздейтін шектеулер болуы тиіс. Тараптардың дауы екі сот сатысында қаралса да жеткілікті, - дейді судья Ұлболсын Сүлейменова.
Оның айтуынша, соттың қадағалаушы инстанцияларына шағымдану мерзімі де бір айға дейін қысқарған. Судья Сүлейменова бұл мерзімді жеткілікті деп санайды.
— Тараптар бірінші және екінші сот сатысында өз құқығын қорғауы үшін біз шағымдану мерзімін ұзартып, барлық жағдайды жасап қойдық. Ал қадағалаушы инстанцияға шағымдану мерзімі - алты ай. Егер олар қадағалаушы инстанцияда қосымша айғақтары мен уәждерін келтіруге құқығы жоқ болса, мұның қажеті қанша? Іске қатысты жайттардың бәрі алғашқы сот аясында қаралатын болса, алты ай мерзім не үшін керек? – дейді судья.
Жаңа кодексті құрастырушылар істерді қарап, шешім шығару процедурасы аудандық сот пен аппеляция беру сатысында аяқталуы тиіс деген талап қояды. Мұндай жағдайда кассациялық соттарға істердің аз ғана бөлігі жетуі мүмкін.
Азаматтық белсенділер сотта тараптардың мүддесін қорғау құқығын тек адвокаттарға ғана беріп, монополия орнатуға қарсы.
— Адвокаттардың көбі құқық қорғау органдарының не қызметтен шеттетілген, не зейнетке шыққан бұрынғы қызметкерлері екенін білеміз. Адам құқығынан мүлде хабары жоқ немесе хабары аз олардың кәсіби санасы бұзылған, көбінесе айыптауға бейім тұрады, - дейді «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық ұйымы жетекшісі Айна Шорманбаева.
Ол жаңа АПК-да азаматтардың соттың қадағалаушы инстанциясында қорғану құқығы шектелген деп санайды. Енді қадағалаушы органға сот емес, бас прокуратура рұқсат еткен ерекше жағдайда ғана жүгінуге болады.
Енді азаматтар қадағалаушы инстанцияға жүгіне алмайды, оған көп адам зардап шеккен жағдайда бас прокурор ғана арыздана алады.
— Енді азаматтар қадағалаушы инстанцияға жүгіне алмайды, оған көп адам зардап шеккен жағдайда бас прокурор ғана арыздана алады. Біз бүкіл сот инстанциясына жүгініп, қорғану құқығы болуы тиіс деп есептейміз, - дейді Айна Шорманбаева.
Оның пікірінше, жаңа азаматтық процессуалдық кодексті құрастырушылар істерді қарап, шешім шығару процедурасы аудандық сот пен аппеляция беру сатысында аяқталуы тиіс деген талап қояды. Мұндай жағдайда кассациялық соттарға істердің аз ғана бөлігі жетуі мүмкін.
— Біз мұны адамның заңды қорғану құқығын шектеу деп санаймыз, - дейді Ана Шорманбаева.
Біз бұл талап ақпарат құралдары мен журналистердің үстінен арызданғыш талапкерлерді тоқтатады деп үміттенеміз. Әсіресе заңды тұлғаларға тосқауыл қояды.
Internews Kazakhstan компаниясы заңгері Ольга Диденко «біздің сот процесі баспасөз өкілдері үшін ашық әрі жария болуы тиіс деген ұсыныстарымыз ескерілмеген әрі жобаға енбеген» дейді. Заңгердің айтуынша, моральдық шығынды өндіруге қатысты талап-арыздар енді мүліктік сипаттағы талап-арыз болып саналады әрі одан үлкен мемлекеттік баж салығы алынады. Оның пікірінше, мұны кодекстің жағымды тұсы деп атауға болады.
— Біз бұл талап ақпарат құралдары мен журналистердің үстінен арызданғыш талапкерлерді тоқтатады деп үміттенеміз. Әсіресе заңды тұлғаларға тосқауыл қояды. Енді олар үшін мемлекеттік баж салығы үш пайыз көлемінде белгіленбек. Қазір моральдық зиянды өндіру мүліктік талап-арыз емес деп саналып, өтемақы өндіруші айлық есептік көрсеткіштің жартысын ғана төлейтін. Яғни, миллиондаған өтемақы талап етіп, мемлекеттік баж салығы ретінде айлық есептік көрсеткіштің жартысын ғана төлей саласың, - дейді Ольга Диденко.
Қазіргы қолданыстағы азаматтық процессуалдық кодекс 1999 жылы қабылданған. Содан бері оған 50-ден аса түзету енгізілген.