Accessibility links

Гранитный ісі бойынша сотталушылар халықаралық ұйымдарға шағымданбақ


Роза Жұмагелдиева (оң жақта), Гранитныйдағы бүлікке қатысты сотталушының анасы. Көкшетау, 17 тамыз 2011 жыл
Роза Жұмагелдиева (оң жақта), Гранитныйдағы бүлікке қатысты сотталушының анасы. Көкшетау, 17 тамыз 2011 жыл

Көкшетауда өтіп жатқан сәрсенбілік сот отырысына алғаш рет келген журналистер мен қоғам өкілдері сотқа кіре алмады.


Көкшетау қаласында Гранитный түрмесіндегі былтырғы бүлікке қатысты сот отырыстары жалғасып жатыр.

«СОТ ҮШІН КҮТПЕГЕН ЖАҒДАЙ БОЛДЫ»

Тамыздың 17-сі күні ЕЦ 166/24 қоныстандыру колониясында өтіп жатқан кезекті сот отырысына алғаш рет ақпарат құрал өкілдері, құқыққорғаушылар, жергілікті мәслихат депутаты келіп қатыспақ болды. Алайда олардың айтуынша, сотқа өзін бір мезгілде бірнеше басылымның тілшісі ретінде таныстырған ("Время", "ОКО", "Литер", «Интерфакс-)Қазақстан», "Мегаполис") Сәуле Құсайынованы ғана кіргізген.
Сот отырысына қатыса алмай, өзге азаматтармен колония қақпасының алдында қалып қалған жергілікті мәслихат депутаты Марат Жанұзақов Азаттық тілшісіне былай дейді.

- Бұл тектес соттарға тек парламент және облыстық мәслихат депутаттары ғана қатыса алады деп айтты. Шынымды айтсам, бұлай екеніне күдігім бар, - дейді Марат Жанұзақов.
Марат Жанұзақов, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты. Көкшетау, 17 тамыз 2011 жыл

Сотқа кіре алмаған азаматтардың арасында құқық қорғаушы Вадим Курамшин, тіркелмеген «Алға» партиясының белсендісі Бақытжан Қанапия, «Стан ТВ» телеарнасының тілшісі болған.

Сотталушылардың туыстарының бірі Роза Жұмагелдиеваның айтуынша, оларды кіргізу-кіргізбеу жөнінде «талқылау» сот залында жалғасқан. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін болған отырыстарға бірде-бір рет келмеген БАҚ, қоғам өкілдерінің аяқ астынан келуі сот үшін күтпеген жағдай болыпты.

- Біз соттың ашық болатынын судьяның өзі айтқанын алға тартып едік, ол «бірақ бүгін олардың келетінін ешкім күтпеген еді, осыған дейін ешкім келген жоқ» деп айтты. Ол сонымен бірге сотқа қатысқысы келетін ақпарат құралдарының алдын-ала тізімі жасалуы қажеттігін айтып өтті, - дейді Роза Жұмагелдиева.

«ТЕК ТІЗІМ БОЙЫНША КІРГІЗЕМІЗ»

Дәл осы күні Азаттық тілшісі сот өтіп жатқан қоныстандыру колониясының бастығы мен Ақмола облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысымен де сөйлескен еді.

Қоныстандыру колониясының бастығы Қайрат Аймановтың түсіндіруінше, соттың ашық деп белгіленгеніне қарамастан «бөтен адамдарды кіргізбеу» туралы қоныстандыру колониясының өз ережесі бар. «Сондықтан сотқа тек тізім бойынша кіргізіледі» деді ол. Ол «бөтен адамдардың» қатарына сотқа кіре алмай қалған азаматтарды да кіргізді.

- Олардың сотқа еш қатысы жоқ. Курамшин де, депутат та. Себебі заң бойынша сотқа кімдер қатыса алады, солардың тізімі бар менде, - дейді Қайрат Айманов.

Ол ақпарат құралдарының тек дауыс жазып алу мүмкіндігі бар екенін айтып өтті.

Ал Ақмола облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Теміржан Жәнібеков болса, ақпарат құралдарын сотқа кіргізбеу заңсыз екенін атап өтті. Оның айтуынша, әйтсе де сотта «орын жоқ» болғандықтан «қарапайым азаматтардың кіруіне шектеу қойылған» деді ол құқыққорғаушы Курамшинді меңзеп.
Айыпталушылар мен куә ретінде қатысып отырған сотталушылардың «ақылға қонымсыз шаралар» ұйымдастырғысы келетіні туралы ақпарат тарады. Сондықтан қауіпсіздік қызметі күшейтілді.

Ол бүгінгі тыйымды сонымен бірге интернетте тараған «сотталушылардың наразылық акциясы» туралы бейресми ақпаратқа қатысы бар жайт құсап сипаттады.

- Бүгін сот процесіне қатысушылар яғни, айыпталушылар мен куә ретінде қатысып отырған сотталушылардың «ақылға қонымсыз шаралар» ұйымдастырғысы келетіні туралы ақпарат тарады. Сондықтан қауіпсіздік қызметі күшейтілді, - деді ол.

Интернетте осы уақытқа дейін Гранитный ісі бойынша сот процесіне қатысушылардың яғни, сотталушылардың сотта болып жатқан заңсыз әрекеттерге наразылық акциясын ұйымдастыратыны туралы хабарлама тараған болатын.

Сотталушылардың туыстарының айтуынша, сәрсенбілік сот процесінде сотталушылар судьяға өздерінің атынан құқыққорғаушы Вадим Курамшинге сенімхат беруге рұқсат ету туралы өтініш жасаған. Осылайша олар сотталушылардың халықаралық ұйымдарға шағымданбақ ниеті барын айтқан.
Сәрсенбілік сот процесінде сотталушылар судьяға өздерінің атынан құқыққорғаушы Вадим Курамшинге сенімхат беруге рұқсат ету туралы өтініш жасаған.

Олардың айтуынша, сот өтінішті қабылдап, бірақ сотталушылардың мүддесін халықаралық ұйымдар арасында тек адвокат немесе қоғамдық қорғаушылары, я туыстары қорғай алатынын айтқан.

- Ол үшін сот қорғаушыны бекіту жөнінде қаулы шығару керек. Бұл қаулы арқылы кез-келген адам барлық деңгейде олардың атынан шыға алады, - дейді Нұрлан есімді адвокат.

Өткен жылы тамыз айында Ақмола облысы Зеренді ауданы Гранитный кентінде орналасқан ЕЦ-166/25 жалпы режимдегі түрмеде жүздеген сотталушы қарындарын тіліп, мекемеде бүлік шыққан еді. Ресми дерек бойынша, 2 тұтқын қаза тауып, 80-нен астам адам ауруханаға түскен. Бұл оқиға бойынша өткен жылы қылмыстық іс қозғалып, 2011 жылы шілденің 26-сы күні Көкшетауда сот процесі басталған болатын.

Бұл істегі айыпталушылар – ереуілге қатысқан 14 тұтқын. Оларға «тәртіпсіздік ұйымдастыру», «тәнге ауыр жарақат салу», т.б. баптар бойынша айыптар тағылған. Осыған дейін болған сот процестерінде куәлар ретінде қатысқан сотталушылар бүлік жасауға ешкім мәжбүрлеген жоқ, колониядағы тым қатал режим түрткі болды деп мәлімдеген.

Бұл іс бойынша келесі сот отырысы тамыздың 23-і күніне белгіленді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG