Наурыздың 15-і күні мерзімінен бұрын президент сайлауына үміткер ұсыну аяқталды. «Басқа жоспарлары болғанына қарамастан халықтың сұрауы бойынша қайтадан сайлауға қатысуға келісім берген» президент Нұрсұлтан Назарбаевпен сәуірдің 26-сы күні өтетін сайлауда қызу бәсекеге түсетін адамды тізімінен көру қиын. Президент сайлауына кандидат болу үшін ұсынылған 27 үміткердің бесеуі ғана мемлекеттік тіл сынағынан өтіп, кандидат болып тіркелуге қажетті қол қою парақтарын алды. Олар ОСК белгілеген уақыт ішінде өзін кандидат ретінде жалпы сайлаушылардың бір пайызы (93 мың адам шамасында) қолдайтынын көрсетіп қол қойылған парақтарды тапсыруы тиіс. Бұл сынақтан өткен соң барып үміткер президенттікке кандидат ретінде тіркеледі.
Биыл ақпанның 14-і күні Астанада өткен Қазақстан халқы ассамблеясының кеңесінде осы ұйым төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынған кезден бастап келешек сайлау процесі туралы әртүрлі болжамдар айтылған. Соның ішінде «Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі президенттікке басқа адамды ұсынуы мүмкін», «Халыққа танымал адамдар сайлауға қатысып, Назарбаевқа бәсекелесетіні туралы жариялауы мүмкін» дейтін жорамалдар да болған еді.
Осыған орай Азаттық тілшісі оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдиннің, Қарағанды облысындағы қоғамдық белсенді Айтқожа Фазылдың, Қызылорда облысындағы қоғамдық белсенді Сағат Жүсіптің биылғы сайлау процесі туралы пікірін тыңдап, жергілікті жерлердегі тұрғындардың белсенділігі туралы сұрап білді.
Серікболсын Әбділдин, саясаткер
- Кезектен тыс президент сайлауы заң бойынша қандай да бір төтенше жағдай туған кезде ғана өткізілуі тиіс. Алайда билік келешекте болуы мүмкін қиын жағдайларды желеу етіп тағы да кезектен тыс сайлау өткізгелі отыр. Егер президент өзі айтқандай еліміз әлемнің дамыған 50 елінің қатарында болса, онда уақытында сайлау өткізуден қорқатын жөніміз жоқ еді. Президент сайлауы - үлкен саяси шара. Оны апыл-ғұпыл өткізіп жіберуге болмайды.
Тағы бір ерекшелігі - бұл сайлау Қазақстанда билікті сынайтын оппозиция қалмаған кезде ұйымдастырылды. Бұрынғы сайлауларды азды-көпті оппозиция әрекет ететін. Бұл жолы бірі де жоқ. Өйткені оппозициялық ой-пікірдегі азаматтар әртүрлі қуғынға ұшырады. Сондықтан бұл сайлау оппозициясыз өтетін сайлау. Ал қолдан жасалған қуыршақ партияның өкілдері оппозициямыз дегенге биліктің өзінен өзге ешкім сенбейді.
Қазақстанда ашық, азаматтық қоғам дамымай қалды. Азаматтық белсенділік жоқ. Халық сайлауға енжар, өйткені өз дауысының сайлау процесіне әсер ететіне сенбейді. Осы күйге жеткізген - қазіргі билік. Орталық сайлау комиссиясы осы науқанға 5-6 миллиард теңге жұмсалатынын айтты. Мыңдаған адамды съезге шақырып, нәтижесі онсыз да белгілі сайлау өткізу осынша қаржыны желге ұшыру деген сөз. «Сайлау қарсаңында президент Назарбаевтың айналасындағы ірі шенеуніктер сайлауға қатысуы мүмкін» деген сөздер әрдайым айтылады. Бірақ өз басым оған сенбеймін. Биліктегі жылы орнынан кетіп, билікті сынау өте қауіпті іс екенін бәрі біледі.
Айтқожа Фазыл, қоғамдық белсенді (Қарағанды облысы)
- Бұл сайлаудың бұрыны сайлаудардан ешқандай айырмасын көріп отырғаным жоқ. Сайлау деген аты ғана. Қолында билігі бар президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ең болмаса сын айта алатын адамдарды үміткерлікке де тіркемей, мемлекеттік тіл емтиханынан құлатып жатыр. Мысалы, Уәлихан Қайсаровтың (үміткер ретінде тіл сынағынан өте алмай қалған қоғамдық белсенді - ред.) қазақшасы «мемлекеттік тілді біледі» деген баға алған Қазақстан халықтық коммунистік партиясының кандидаты Тұрғын Сыздықовтан кем емес еді. Билік сын айтатындарды сайлауға жібермеу үшін қазақ тілін құралға айналдырды.
Бұқаралық ақпарат құралдары бір адамға қарата осыдан 24 жыл бұрын айтқан одасын әлі қайталап келеді. Егер 17 миллион халықтан бір ғана адам президент болуға лайықты болса, онда халықтың келешегі жоқ деген сөз. Менің ойымша 2011 жылы Назарбаев 94,5 пайыз дауыс алса, бұл жолы одан да асып түседі.
Өз басым жергілікті жерлерде президентке хат жазып, сайлауға түсуін сұрағандарды көрген жоқпын (Ақорда президент атына оның сайлауға түсуін сұрап ел ішінен көптеген хат түсіп жатыр деп хабарлап келеді - ред.). «Халықтың өзі сұрап жатыр» деу - жай ғана саяси қулық. Ал жоғары лауазымды қызметте отырған, президенттіктен үміті барлар сайлауға түсе алмайды. Өйткені олардың өзі президенттің шылауында жүр.
Сағат Жүсіп, қоғамдық белсенді (Қызылорда облысы)
- Мені президенттіктен үміткерлердің мемлекеттік тіл сынағында өрескел қателіктер жібергені таңғалдырды. Бәлкім бұл мемлекеттік тілге сұраныстың қандай деңгейге түскенін де көрсететін шығар. Мемлекеттік тілді жетік білетін белгілі адамдар сайлауға қатысудан бас тартып отыр. Ал жергілікті жұртшылық арасында сайлауға құлшыныс байқалмайды. Әркім өзінің күнкөріс тірлігімен ғана жүр. Бұрынғы сайлаудағылардай бұл жолы да бюджет қызметкерлері үй аралап, қол жинауды бастап кетті.