Accessibility links

Билікшіл ҮЕҰ заң бойынша қаржыландырылмақ


Үкіметтік емес ұйым белсенділері ақпараттық материалдар таратып тұр. (Көрнекі сурет)
Үкіметтік емес ұйым белсенділері ақпараттық материалдар таратып тұр. (Көрнекі сурет)

Мәдениет және ақпарат министрлігі «Үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Парламентке әлі жетпеген бұл заң жобасы қазірдің өзінде дау туғызды.

Азаматтық секторда біраз өзгерістер жасауы керек заң жобасында «ҮЕҰ-лерге қаржылық қолдау көрсетіліп әрі сыйақы беріледі» деген уәде бар. Ерекше еңбегімен көзге түскен белсенділерге жыл сайын сыйақы бөлу жоспарланған. Азаматтық сектордың өкілдеріне сыйақы тағайындау ережесін ҮЕҰ-мен өзара әрекеттестік жөніндегі үйлестіру кеңесі бекітеді. Ал бұл кеңесті үкімет құрады деп жоспарланған.

ГРАНТ ПЕН ОНЫ БӨЛУ ЖОЛДАРЫ

«Айқап» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ұлан Шәмшет – Астанада жабық есік жағдайында талқыланған жаңа заң жобасымен алғаш танысқандардың бірі. Азаматтық белсенді жаңа заң жобасына көңілі толмайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл құжат билікке бағынышты ҮЕҰ-ге ғана арнап әзірленген. Ал тәуелсіз ҮЕҰ бұрынғысынша мемлекеттен ақша алмайды.

Ұлан Шәмшет - «Айқап» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі.
Ұлан Шәмшет - «Айқап» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі.
– Бұрын кез келген ҮЕҰ қашан құрылғанына қарамастан, грантқа өтініш беріп, жеңіп алу мүмкіндігі бар болатын. Енді мына заң жобасына «құрылғанына бәленше уақыт болған, жеке кеңсесі бар ҮЕҰ ғана грант алады» деген шарттар кірігізіп тастаған, – дейді Ұлан Шәмшет.

Гранттан үміткерлер қатарына қосылар алдында ҮЕҰ әлдебір реестрге – үкіметтік емес ұйымдардың тізіміне тіркелуі тиіс. Ол тізімді құруды жергілікті шенеуніктерге тапсырады. Ұлан Шәмшет «тәуелсіз ҮЕҰ бұл реестрге енуі екіталай» дейді.

– Жасыратыны жоқ, бұрын «откат» бергендер ғана грант алып, жұрттың бәрі шағымданып, талай қоғамдық қайраткер наразы болып жататын. Ал енді олар «мына ұйымға ақша береміз, мынаған бермейміз» деп ұйымдарды заң жүзінде алалау амалын жасап алды, – дейді Ұлан Шәмшет.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі басқармасының төрағасы Махамбет Әбжан да бұл пікірді қостайды. Оның ойынша ҮЕҰ реестрін азаматтық сектор өкілдері құруы тиіс. Егер заң жобасы осы қалпында қабылданса, тәуелсіз немесе билікті сынайтын ҮЕҰ бұл реестрге ешқашан кіре алмайды да, кемсітуге ұшырайды.

Махамбет Әбжан - «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Махамбет Әбжан - «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Махамбет Әбжанның айтуынша, заң жобасына ҮЕҰ өткізетін іс-шаралардың «мемлекеттік саясатқа сәйкестігінің сапасы» деген ұғымды енгізу де орынсыз. Ол Қазақстан президентінің ел халқына жыл сайынғы жолдауын мысал етеді.

– Мысалы, президенттің саясатын толық қолдамайтын, оның халыққа жолдауымен немесе кейбір тұстарымен келіспейтін ұйымдар бар ғой. Егер ҮЕҰ іс-шараларын әлдебір жолдауға сай жоспарлағысы келмесе, мемлекеттен қаржылық көмек ала алмайды. Бұл да идеологиялық белгісі бойынша кемсіту емес пе? – дейді Махамбет Әбжан.

РЕЕСТР МЕН ОНЫҢ ҚИСЫНЫ

Бұл заң жобасын астаналық билік өкілдерінің кейбірі де қолдай қойған жоқ. Парламент депутаты Айгүл Соловьеваның айтуынша, ҮЕҰ-ні мемлекеттік қолдау тұжырымдамасы Астанада 2003 жылдан бері құрастырыла бастады. Оның пікірінше, Қазақстанда әлеуметтік саясатты тиімді жүзеге асыру жағын ойлаған мемлекет өз өкілетінің бір бөлігін баяғыда қоғамның белсенді топтарына жүктеп, сенім артуы тиіс болатын.

Айгүл Соловьева - парламент депутаты.
Айгүл Соловьева - парламент депутаты.
– Ал мына жерде қоғамның ең белсенді, бастамашыл бөлігін әлдебір сыйақының аясына тықпалап тастаған. Оның үстіне қайдағы бір реестр дегенді жүргізбек. Өз басым мына шаруаның қисыны мен мәнін түсінбеймін, – дейді Айгүл Соловьева.

Құжатты құрастырушылардың есебінше, бұл заң жобасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бюджеттен қаржы бөлуде бұрнағы жылдары жіберілген қателікті түзетуге мүмкіндік береді. Бірақ парламент депутаты Айгүл Соловьева ерекше көзге түскен белсенділерді ынталандыру үшін сыйақы қарастыруды коррупцияның бір түрі ретінде бағалайды.

– Заң жобасында бұл сыйақыны тағайындаудың нақты шарттары көрсетілмегендіктен, ол кімнің қалтасына қалай түсіп жатқанын қадағалау мүмкін емес. Егер мәселе айналдырған бес-он ұйымды көтермелеу, қолдау жайында болса, бұл үшін парламентке тұтас бір заңды ұсынуды заң шығару жүйесін менсінбеу деп есептеймін, – дейді парламент депутаты.

Қазақстанда шамамен 27 мың ҮЕҰ ресми тіркелген. Сарапшылардың айтуынша, олардың көбінің қызметі қарапайым азаматтарға түсініксіз. Көбі үкімет пен жекелеген мемлекеттік ведомствоның имиджін қалыптастырумен айналысады. Мұндай ҮЕҰ-ні қазір жұрт GONGO (ағылшынша, Government-Organized Non-Governmental Organization – үкімет құрған үкіметтік емес ұйымдар) деп атайды. Билікке тәуелсіз ҮЕҰ қатары жылдан жылға сиреп барады.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG