43 жастағы Қанат Қожамұратов – төрт баласымен Өзбекстанның Жизақ облысынан Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданына көшіп келген оралманның бірі. Құжаттарымыз тез рәсімделіп, азаматтықты жылдам алған оралман отбасына жерсіну қиынға түскен. Елге оралған 12 жылдың ішінде енді ғана тұрмысы түзеле бастаған отағасы көшіп-қонып жүріп, біраз қиындық көрген.
- 2004 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданына көшіп келдік. Сол кезде ел сияқты үкіметтің отбасындағы жан басына берген 100 мың теңге шамасындағы көмекті біз де алдық. Бұған дейін жиған-тергеніміз бар, үкіметтің көмегі бар, бәрін қосқанда баспана алуға мүмкіндігіміз болды. Бірақ алмадық. Үйреніскенше ағайындардың үйінде тұрдық. Солтүстікті жерсінбей, көп тұрақтамадық, - дейді отағасы.
Бір жылдан соң өзбекстандық оралман отбасы өздеріне үйреншікті климат белдеуіне – Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданы Қазыбек би ауылына қайта көшеді. Қанат Қожамұратов үй алып, біржола орнығуға ниеттенеді. Өзбекстанмен шекаралас аймаққа көшіп барғанымен Қанат Қожамұратовтың отбасы ол жерде төрт жыл өмір сүріп, жұмыссыздық қатты батқан соң, қайта Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударады.
- Бір елден екіншісіне көшіп, тұрақтау үшін кемі екі жыл уақыт керек екен. Алғашқы жылдары ауа-райына, тұрғындарына үйренісу оңай болған жоқ. Негізі бұл жақ (Солтүстік Қазақстан облысын айтады - ред.) өмір сүру үшін ыңғайлы. Қазір бұл жерге көшіп келушілердің қарасы көбейді. Жерсінбей кетіп, жағдайын түзей алмаған соң қайтып келіп жатқандар да бар, - дейді ол.
Қанат Қожамұратовтың әйелі Алмагүл Әлібекова Азаттық тілшісі барғанда қысқа азық ретінде нәрсу дайындап отырды. Ал отағасы ағайындарымен асарлатып мал қорасының қазығын қағып жатты.
- Үлкен ұлым мен қызым Петропавл қаласындағы мектеп-интернатта сабақ оқиды. Екі кішкентай ұлым осы ауылдағы мектепте білім алады. Қазір бәрі демалыста. Үй тірлігіне көмектесіп жүр, - дейді Алмагүл Әлібекова.
Солтүстік Қазақстанда іс ашып, кәсіп қылуды оңайырақ көрсе де, Алмагүл оңтүстіктегі ата-анасы, мен туған-туысын сағынып, «үнемі бір бүйірінің сол жаққа бұрып тұратынын» айтады.
Өзін «мамандығы жоқ, шаруа адамы» деп сипаттайтын Қанат Қожамұратов әйелімнің мамандығы есепші екенін ерекше екпінмен айтады. Бірақ Алмагүл мамандығы бойынша жұмыс істемеген, үй шаруасымен шұғылданып, бала баққан.
Қанат Қожамұратов жаңа мекенді жерсіну адамның өз табиғатына, шаруақорлығына байланысты деп ойлайды.
- Ауа-райы салқын болса да, оңтүстікке барып күнкөріс қамы одан маңызды екенін түсіндік. Мұнда тұрмысқа қажетті деген жеміс-жидек, көкөністің бәрін егеміз. Картоп, қияр, қызанақ, сәбіз, қызылша піседі. Қазірге қорамызда алты бас сиырымыз, он бас қойымыз бар. Құс та асыраймыз. Жазда қысқа қамданамыз. Құрт, майымыздан бөлек күніне литрін 55 теңгеден 40-50 литр сүт өткіземіз. Сөйтіп сүттің өзінен айына отбасы бюджетіне 50-60 мың теңге түседі, - дейді ол.
Ауа-райы суық, қысы қатты әрі ұзақ солтүстікте Алмагүлге жаз маусымын барынша тиімді пайдалануды үйренуге тура келген. Отын-көмірді жаз кезінде-ақ түсіртіп алатын оралман әйел таңқурай, қарақат, бүлдірген, құлпынай мен шиеден тосап жабады екен.
- Оңтүстікте жұмыс таппай қиналдық. Ал бұл жақта қорамызда қарамыз (малымыз – ред.) бар, құсымыз бар, ішіп-жеміміз тоқ. Қара асырауға ыңғайлы. Біз қоныстанған Мақтаралда көбі мақта егеді. Мақтаға құрт түскен жылдары нан таппай қиналасың. [Ал мұнда] жағдайымызға, тұрмысымызға қарай төселіп отырмыз, - дейді Алмагүл.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, 2016 жылдың тамыз айына дейін аймаққа шет мемлекеттерден 122 жаны бар 59 қазақ отбасы көшіп келген. Оның ішінде 23 отбасы – Өзбекстаннан, сегіз отбасы – Моңғолиядан, жеті отбасы – Ресейден, 19 отбасы – Қытайдан, бір отбасы – Тәжікстаннан, бір отбасы – Қырғызстаннан қоныс аударған.
Баспасөз қызметі көшіп келген оралман отбасылардың облыстың сегіз ауданы мен Петропавл қаласына қоныс аударып, өмір сүріп жатқанын айтады.
Ресми хабарламаға сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген оралмандардың 79-ы жұмысқа қабілетті, онының жоғарғы білімі бар, 17-сі жұмыспен қамтылған, алтауы бала күтімімен үйде отыр, 18-і студент. Әкімдік «оралман статусын алу үшін мемлекеттік қызметке жүгінген барлық адамға уақтылы тиісті көмек көрсетіліп, (биылғы тамыздың 3-іне дейін) 77адамға оралман куәлігі берілді» деп мәлімдеген.
Оралмандар мәселесі туралы жиі жазатын журналист Есенгүл Кәпқызының Азаттыққа айтуынша, Қазақстанның солтүстігіне көбіне моңғолиялық оралмандар қоныстандырылып келсе де, соңғы уақытта бұл аймақта Өзбекстаннан көшкендер де көбейген.
- Солтүстік Қазақстан облысында Өзбекстаннан келген қазақтардың көп екенін көрдім. Облыстағы бір ауданда Өзбекстаннан келген қазақтардың көптігінен арнайы қазақ мектебі ашылған. Жер игеруге икемі бар қазақтардың басым бөлігі сонда. Аймақты жерсіну, жерсінбеу адамның өзіне байланысты, - дейді журналист.
Мал шаруашылығымен айналысу мақсатында жеке шаруашылық ашып, несие алған Қожамұратовтар отбасы солтүстіктен енді көшпейтіндерін айтады. Сауын сиырдың басын көбейтіп, ірі қараны бордақылау туралы жоспар құрған.
- Оған қоса, үйдің алдында 15 сотық жеріміз бар. Жылда картоп егіп, 5-6 тонна өнім аламыз. Картоп егу көп еңбекті қажет етпейді. Өйткені жер құнарлы. Тұқымын тастап, бір-екі рет арам шөбін жұлсақ, жеткілікті. Саудагерлер іздеп келіп, мысалы, өткен жылы келісін 40 теңгеден сатып алды. Осы жердің өзінен жылына 200-300 мың теңге пайда табамыз. Жалпы бұл жерге үйренісіп қалдық. Қайта көшу ойымызда жоқ, - дейді Қанат Қожамұратов.