Маңғыстау облысына Иран мен Өзбекстаннан келген оралмандар өздеріне Қазақстан азаматтығын алуды оңайлату үшін жергілікті биліктің «Астанадан рұқсат күтіп отырғандарын» айтады. Облыстық көші-қон полициясы басқармасы «оралмандардың азаматтық мәселесі сайлауға дейін шешіледі» деп үміттенеді. Ал облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Астанадан жауаптың қашан келетіні белгісіз екенін хабарлайды.
Азаттық ақпанның 25-і күні Маңғыстау облысы әкімінің халыққа есеп беру жиынында азаматтық ала алмай жүргендері туралы наразылықтарын білдірген оралмандар туралы жазған еді. Осыған орай Маңғыстау облысы әкімдігінің позициясын әкімдіктің Facebook парақшасында баспасөз хатшысы Гүлмира Балғожаева жексенбі күні мәлім етті. Оның айтуынша, 2010 жылдан бері Маңғыстау облысына 23 мыңнан астам оралман көшіп келген. Бірақ олар оңайлатылған тәртіп бойынша Қазақстан азаматтығын қабылдауға «уақытында өтініш бермеген», «заңнамада көрсетілген мерзімде өз құқықтарын толық пайдаланбаған». Баспасөз хатшысы:
- Ал қазіргі таңда оралмандарды тұрғын үймен қатамасыз етудегі қиындықтарды ескере отырып оралман мәртебесінің мерзімі тоқтатылған 150-ден астам қандасымызға оралмандарды бейімдеу мен ықпалдастыру орталығында тұруға мүмкіндік беріліп отыр, - деп мәлімдеді.
Азаттық тілшісімен хабарласқан Ираннан көшіп келген бірнеше отбасы азаматтық алу мәселесін көтеріп, Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы көші-қон жөніндегі бөлімнен оралман куәлігін сұрап барғандарын айтады.
- Бізге «Астанаға хат жібердік, хабарласып біліп тұрыңдар» деп телефон нөмірін берді, - дейді ирандық қазақтардың бірі Әбдірахман Бабық.
Облыстық жұмыспен қамту басқармасының көші-қон мәселесіне жауапты бөлім бастығы Әсет Жақсылыққызының Азаттыққа айтуынша, 2010, 2011, 2012 жылдары берілген оралман куәліктерінің мерзімі тек бір жылға жарайтындықтан жарамдылық уақыты өтіп кеткен. Сол аралықта заң бірнеше мәрте өзгеріп, 2015 жылғы желтоқсандағы соңғы өзгеріске байланысты оралман мәртебесін алғандар бірден азаматтыққа құжат тапсыра алатын болған.
Алайда көші-қон полициясы «оралман куәлігінің мерзімі өтіп кетті» деп, [ирандық және өзбекстандық қазақтардың] құжаттарын қабылдамай, келген елдің елшілігінен сол елдің азаматы жоқ тұлға екенін растайтын анықтама талап етіп отыр, - дейді Әсет Жақсылыққызы.
Маңғыстаулық оралмандардың кейбіреуіне мұндай анықтама алу қиынға соққан. Мәселен, Өзбекстанның елшілігі Алматыда орналасқандықтан, оралмандар жол шығыны зор болатынын айтып шағынады. Ал Ақтаудағы Иран мен Түркіменстан консулдықтарынан тиісті қағаз алу үшін оралмандар бас-басына 68 доллар (24 000 теңге) шамасында алым төлеу керек. Олар бұл соманы да ауырсынады. Сондықтан облыстық басқарма көші-қон мәселелеріне жауапты Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне азаматтық алуды жеңілдетуді сұрап хат жолдаған. Министрліктен берілген алғашқы жауапта оралмандарға «мәселесін өздерінің елшілігімен шешуі керектігі» айтылған.
- Бірақ Маңғыстауда азаматтық сұрап жүрген адамдардың көптігін айттық. Министрлік тізім сұрады. Бізге келгендерді тіркеп, ол тізімді ақпанның соңында жөнелттік. Бірақ оған жауап бүгін келе ме, ертең келе ме білмейміз. Сол себепті оралмандарға наурыздың аяғында келіңдер деп отырмыз, - деді Әсет Жақсылыққызы.
Басқарма өкілі мұндай мәселенің тек Маңғыстауда емес, басқа облыстарда да болып жатқанын ескерте кетті.
- Енді Астана рұқсат берсе, маңғыстаулық оралманның барлығы азаматтыққа құжатын тапсырады, - деді ол.
Ал Маңғыстау облыстық көші-қон полициясының бастығы Гүлшара Бастаубаеваның айтуынша, Иран мен Түркіменстаннан көшіп келген қазақтарға бұл елдердің дипломатиялық өкілдіктері Ақтауда орналасқандықтан «мүлдем проблема жоқ», тек сол елдің азаматтығынан шыққаны туралы анықтама алып келсе болды.
- Ол адамдардың қазір оралман мәртебесі жоқ. Енді жұмыспен қамту басқармасы Астанаға жолдаған тізімге жауап сайлауға дейін келеді деп отыр, - деді Гүлшара Бастаубаева.
Маңғыстауға Иран, Сауд Арабиясы, Түркіменстан мен Өзбекстаннан қоныс аударған этникалық қазақтар Ақтау қаласындағы оралмандарға арналған бейімдеу орталығында тұрып жатыр. 2010 жылы ашылған орталық 200 отбасына арнап салынған. Орталықта оралмандардан бөлек балалар үйінің түлектері де тұрады.