Accessibility links

Қайрат Нұрқаділов уақыт бәрін де өз орнына қояды деп сенеді


Алматы қалалық әкімдігі тұрғын үй басқармасының бастығы Қайрат Нұрқаділов. Алматы, 12 қараша, 2009 жыл.
Алматы қалалық әкімдігі тұрғын үй басқармасының бастығы Қайрат Нұрқаділов. Алматы, 12 қараша, 2009 жыл.

Әкесінің қаза тапқанына төрт жыл толған күні Қайрат Нұрқаділов Алматы әкімшілігі тұрғын үй басқармасының бастығы қызметінде алғашқы жұмыс күнін өткізді. Азаттық радиосына берген арнайы сұхбатында ол уақыт келгенде біз барлық шындықты білетін боламыз деді

2005 жылдың 12 қарашасында оппозициялық саясаткер, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кезеңдегі қатаң сыншысы Заманбек Нұрқаділовтың денесі өз үйінен табылды. Оның өліміне жүрек тұсына атылған екі оқ пен басына тиген үшінші оқ себеп болған. Ресми тұжырым өзіне-өзі қол салу деген қорытындыға келді.

Жақын туыстарының ішінен оппозициялық саясаткердің өліміне қатысты ресми қорытындыны сол уақытта да, қазір де мемлекеттік шенеунік, марқұмның ұлы Қайрат Нұрқаділов қана қолдады. Бірақ қазаға қатысты ресми биліктің мұндай тұжырымына Заманбек Нұрқаділовтың кейінгі әйелі, әнші Мақпал Жүнісова мойынұсынған жоқ.


Заманбек Нұрқаділовтың қазасына төрт жыл толған күні Қазақстанның демократиялық қоғамы саясаткерді еске алып, жылдағыдай оның басына да бармады, басқа да шаралар өткізген жоқ.

Есесіне Азаттық радиосының тілшісіне осы жылдар ішінде әкесінің қазасына қатысты баспасөз бетінде өз пікірін білдіре қоймаған Қайрат Нұрқаділовтан сұхбат алудың сәті түсті. Қайрат Нұрқаділов әкесінің қаза тапқанына төрт жыл толған күні Алматы әкімшілігі тұрғын үй басқармасының бастығы қызметінде алғашқы жұмыс күнін өткізді. Баласы әкесінің тұлғасына қатысты айтылатын көптеген қарама-қайшылықты пікірлермен келіспейді.

РИТОРИКАЛЫҚ САУАЛ

Қайрат мырза, әдетте сіз 12 қараша күні не істейсіз, сіз үшін бұл қандай күн?

– 12 қараша - әрине, 2005 жылдан бері әкемізді еске алатын қаралы күнге айналды. Осы жолы ғана мен бұл күні әкемнің зиратына бара алмадым. Ертең жұма, таңертең мешітке, әкемнің зиратына да соғып қайтармын. Мұның барлығы әкемді еске алу. Немерелері де еске алады. Әкем мен үшін пірім болған.

Сіз әкеңіздің өлімі турасындағы ресми қорытындыға сенесіз бе?

– Бұл риторикалық сұрақ. Ресми делінетін нұсқасы бар және оны ешкім де жоққа шығарған жоқ. Тағы қанша уақыт өтерін кім білсін, бірақ мен бұл іске терең бойлаған емеспін. Өйткені ол дәл қазір қазбалаудың қажеті жоқ мәселе. Уақыт өтеді, бәрі өз қалпына түседі.

Қайрат мырза, ресми тұжырымға сіздің әкеңіздің жесірі Мақпал Жүнісова неге әлі күнге дейін сенбейді деп ойлайсыз?
Әнші Мақпал Жүнісова. Алматы, 9 қаңтар 2009 жыл.

– Мақпал Жүнісованың сенбейтін себебі, ол оның қасында болған адам. Мүмкін оның өз ойлағаны бар шығар. Ол соңғы уақыттары әкемнің қасында болды. Әркімнің өз көзқарасы болады. Менің де өз түйгенім бар. Мақпалдың да көзқарасына ешкім ия немесе жоқ деп айта алмайды.

Болашақта әкеңіздің өлімінің себептерін зерттеп-тексергіңіз келе ме?

– Болашақ қалай болатындығын білмеймін, көре жатармыз. Өмір өзі көрсетеді.

Қайрат мырза, өмірінің соңғы айларындағы әкеңіздің оппозициялық қызметін қалай бағалайсыз?

– Мен әкемді қандай да бір оппозиционер болды деп есептемеймін. Олай дейтінім, оппозиция деген не? Оппозиция – бұл партия. Жалпы кез-келген өркениетті елде оппозиция деген болады, соның жағындағы өз ойын ашық айтатын адамдар болады.

Ал менің әкемнің айтқандарын қалай түсіндірерімді білмеймін. Бұл оның өз шешімі. Өйткені ол қандайда бір мәселелердің дұрысы мен бұрысы болатындығына сенімді болды. Бұған тек уақыт қана төреші. Қазіргі күні де саясат өз бетімен жүріп жатыр, оны ешкім жоққа шығарған да жоқ, бәрі өз шаруасымен әлек. Оппозиция кез келген билікте болған және болады да республика жағдайында. Монархияда да ғана оған орын жоқ. Бар айтарым осы.

"ОНДАЙ ҚҰЖАТТАР БОЛҒАН ЖОҚ"

Қайрат мырза, әкеңіздің саяси мұрасы туралы не айтар едіңіз, оның бір құжаттарды Германияға жеткізгенін білесіз бе?

– Шынымды айтсам, бұл мәселені білмейді екенмін. Сондықтан бірден айтайын. Сол дүрбелең кездері – алғашқы мәлімдесін жариялар уақытта - әкем мені мұның барлығынан шеттетіп, маған мұның бәрі өзінің жеке шаруасы деп түсіндіріп, оның отбасына ешқандай қатысы жоқтығын үнемі қайталайтын.

Сондықтан маған өтірік айтудың қажеті жоқ. Бұл туралы менен бұрындары да сұраған болатын. Осындай құжаттардан менің ешқандай хабарым жоқ. Мүмкін ол атымен болмаған да шығар деген ойдамын. Егер сол құжаттардың бары рас болса, осы кезге
Заманбек Нұрқаділов Алматы әуежайында, 2005 жылы 3 ақпанда Еуропадан қайтқанда.
дейін жарыққа бір шығар еді ғой.

Тағы бір айтарым, әкемнің мінезі сондай, ол ешқандай қарсы құжаттар жинаумен айналыспайтын. Ол ондай адам емес.

Кек сақтамайтын ба еді?

– Қалай айтсам екен, ол кекшіл емес-тін. Оның адамдарға ренжитіні бар еді және оны есінде ұзақ сақтауы да мүмкін. Бірақ ол кекшіл емес еді. Сондықтан да ресми түрде айта аламын, ол құжаттар... Біріншіден ол маған айтқан емес, екіншіден әкемнің мінезін біле тұра оның ешқашан басқалар туралы әшкерелеуші материалдар жинамағанын айта аламын.

Қайрат мырза, өткен уақытты оралту мүмкін болса сіз нені өзгертер едіңіз, әлде сол қалпында қала бергені дұрыс па?

– Қолда тұрған дүние болса, сол 2003 жылды қайта оралтар едім. Ол кезде әкем төтенше жағдайлар жөніндегі министр болып істейтін. Сол кезде мен Мәскеуде жұмыста болатынмын, әкемді көп көре алмадым. Бәрі сол уақыттан басталды. Мүмкін ол біреумен сөйлесіп, не ақылдасқысы келген шығар?.. Тым болмағанда сол мәлімдемесі болмас па еді. Тағдыр солай болса, амал нешік...

ШАҢЫРАҚ ШЫТЫРМАНДАРЫ

Қайрат мырза, әкеңіз Алматының әкімі болып тұрған кезде ол ауылдан шыққандардың көбіне үй алып берді. Енді өзіңіз тұрғын үй басқармасын басқарып отырсыз. Сіздің әкеңіздің сол қызметін жалғастырмақ ойыңыз бар ма және қазақтардың тұрғын үй мәселесін қалай шешпексіз?

– Ол кездері Қазақстанға келушілер көп болды, адамдар ұзын-сонар кезекте тұратын. Қазақстан өз мәртебесіне ие болған соң Алматыда тұрғылықты халықты көтеру керек болды. Ол кездері қазақтар Алматыда өте аз еді. Сол кездері көптеген адамдар елден кете бастады. Содан әкем тұрғылықты халықты көтеруді дұрыс деп шешкен болар. Ал енді менің тағайындалуыма келер болсам, бұл үшін Алматы әкімі Ахметжан Есімовке алғысым шексіз.

Сіздің әкеңіздің арқасында Алматы шетінде Шаңырақ шағын ауданы пайда болды. Шаңырақтың қазіргі жағдайы
Заманбек Нұрқаділовтің зираты басындағы ескерткіш. Алматы, 12 қараша 2008 жыл.
туралы не ойлайсыз? Иманғали Тасмағамбетов қалан тізгінін ұстап тұрған кезде қаншама адам баспанасынан айрылды, бұл туралы сіздің пікіріңіз?

– Бұл мәселе жөнінді мен ештеңе айта алмаймын. Дегенмен де қала әкімдігіне Есімов келгеннен бастап ондағы адамдарға үйлерін заңдастырып жатырмыз. Шаңырақтағы тұрғындар бір кездерді жерлерді басып алып, бірнеше жыл бойына тұрғандар. Кезінде кейбір кемшіліктерден жұмыссыз қалған жұрттың бәрі ауылдан қалаға, Алматыға ағылды. Қазір Шаңырақта бәрі реттеліп келеді, ол аудан енді Алатау деп аталады.

ҚАТАЛ ӘКЕ

Қайрат мырза, сіз қанша жасыңызға дейін әкеңізбен араласып тұрдыңыз?

– Мен құрылыс техникумынан кейін жұмысқа кіріп кеттім, әке-шешеммен, отбасымен 19 жасыма дейін бірге болдым. Одан соң әскерге кеттім. Әскерден оралған соң өз бетіммен күн көріп, ересектер өмірін бастадым.

Қайрат мырза, сіз әкеңізді пір тұтатындығыңызды айтып өттіңіз. Әкеңіздің қандай мінездері сіздің бойыңызда бар және онымен мақтана аласыз ба?

– Әкемнің еңбексүйгіштігі мен жігерлілігі айрықша еді. Бастаған нәрсесін аяғына дейін жеткізетін. Берген уәдесінде тұратын адам болған.

Сіздің сондай болғыңыз келе ме?

Иә, соны қалар едім.Әрине кемшіліксіз адам болмайды, ол өте қатал мінезді адам болды, бір рет айтты, бітті. Мүмкін сол кезде сондай жұмыс тәсілі керек болған шығар. Ал қазір бізде демократия, адамдардың көзін жеткізе білу керек, оларға көрсету қажет. Тіпті болмаса заңдар бар емес пе.

Қайрат мырза, әкеңіз сіз үшін қандай адам еді?

– Балалық шақ туралы сөз қозғар болсам, ол жақсы әке бола білді, бірақ өте қатал-тын. Айтайын дегенім, қасақана жасаған әрекеттерді: мәселен, өрт шығарсаң, темекі шексең немесе біреудің терезесін шағып қойсаң ол белдікпен жазалайтын. Біз оны жақсы білетінбіз.

Ал балалықпен жасалған істерге кешіріммен қарайтын, әділ болатын. Әрине, біз оны сирек көретіндігімізді де айта кеткім келеді, жексенбі күні ғана үйде болатын. Қалған күндерді ол жұмыста өткізді. Әуелі құрылыспен шұғылданып қолы босамады. Кейін мемлекеттік органға ауысты, күні-түні жүгірумен болды.

Әкеңіздің қанша немересі бар және оларға сіз ол туралы қандай әңгіме айтасыз? Олар атасын жиі сұрайды ма?

– Өзімнің балаларым әрине ол туралы жиі сұрайды. Әдетте олар бұл мәселені даурықтырып жіберген сәттерде аталары туралы білгілері келіп кетеді. Менің үлкен және ортаншы қызым атасын көрген, кіші қызымның еміс-еміс есінде қалыпты.

Үлкен қызым менің балалық шағым туралы сұрайды, әкемнің мінезі қандай болғанын білгісі келеді. Мені жазалаған жайттарды баяндап беремін, бірге күліп алатынымыз бар. Негізінен жақсылықты ғана еске аламыз ғой.
Мерей Заманбекқызы.

"МЕН ӘКЕМДІ КЕШІРГЕМ"

Сіз әкеңіздің екінші отбасымен араласып тұрасыз ба?

– Соңғы мәрте Мақпалды әкемнің жылында көрген едім, одан соң арамыз алыстап кеткендей, әрине Мерей қарындасым өсіп келе жатыр. Ол мектете оқиды, өте талантты дейді. Шынымды айтсам, бір кездесуіміз керек еді, уақыт тауып, міндетті түрде көріп қайтамын. Ал Мақпалмен ешқандай қарым-қатынас жоқ.

Қайрат мырза, сіз кемшіліксіз адам болмайды дедіңіз, әкеңіздің отбасынан кетіп, басқа шаңырақ көтергенін кешіре алдыңыз ба?

– Әрине, өткеннің бәрін де мен кешірдім, әкемді кешіргем. Қайта мен оған ризамын, алғыс білдіремін. Мен бүгін тек бір ғана нәрсе қосқым келеді. Әкеміздің арамыздан кеткеніне төрт жыл. Мені тыңдап, оқып отырғандарға уақыт бәрін де өз орнына қояды деп айтар едім.

Өйткені ең жақсы төреші де, куәгер де уақыт.Сондықтан да менің әкемнің өліміне қатысты анау еді, мынау еді деп дүрліктіре берудің қажеті жоқ. Қайткенде де шындықтың ең шынайысы - уақыттың өзі. Сол себепті де бәрі айқындалар, анықталар уақытқа дейін тірі болып, жер басып жүрейік деп тілегім келеді.

Әңгімеңізге көп рақмет, Қайрат мырза.
XS
SM
MD
LG