Accessibility links

«Батьканы мақтады» деген депутат «Нұр Отаннан» шығарылды


«Нұр Отан» партиясының Астанадағы офисі. (Көрнекі сурет)
«Нұр Отан» партиясының Астанадағы офисі. (Көрнекі сурет)

Шымкент қалалық мәслихаты депутаты, «Елбасыға сөз тигізгені үшін» «Нұр Отаннан» шығарылған Жамбыл Қалауов «ондай сөз жазған емеспін» дейді. Партия филиалы басшысы енді «Қалауовтың депутаттық мандаты қаралатынын» айтты

Беларусь президенті Александр Лукашенконың өз елінде бензинді қымбаттатуға жол бермейтіні туралы сөзі түсірілген видеоны «бөлісіп», «Батька жарады! Бізде де осындай елбасы болғанда ғой» деп жазғаны үшін Шымкент қалалық мәслихаты депутаты Жамбыл Қалауовтың Нұр Отан» партиясынан шығып қалғаны хабарланды.

Бұл деректі «Нұр Отан» партиясының Шымкент қаласындағы филиалы төрағасы Өмірзақ Мелдеханов та растады.

– Қыркүйектің 10-ы күні Шымкенттегі «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы саяси кеңесі бюро мәжілісінің кеңейтілген отырысында Шымкент қалалық мәслихаты депутаты, сондағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Жамбыл Қалауовтың партияның этикалық нормаларын сақтауы талқыланып, оны партия қатарынан шығару туралы қаулы етілді, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Өмірзақ Мелдеханов көрсеткен қаулыда: «Нұр Отан» партиясы жарғысы 3-бабы 3.6.5 тармағында көрсетілгендей, партия мүддесіне зиян келтіретін әрекеті үшін Шымкент қалалық мәслихаты депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясы мүшесі Жамбыл Қалауов партия төрағасы Елбасы (Нұрсұлтан Назарбаевты айтады – ред.) атына сөз тигізіп, наразылық танытқаны және оны интернетте таратқаны үшін партия қатарынан шығарылсын» деп жазылған. Қаулыда «Жамбыл Қалауов әрекеті ел арасына іріткі салу, ел қауіпсіздігіне ықпал етуі мүмкін болғандықтан, оның ісін қарау мәселесі Қазақстан ұлттық қауіпсіздік (ҰҚК) комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментіне жолдансын» деген ұсыныс та бар.

Өмірзақ Мелдеханов «енді Қалауовты депутаттық мандатынан айыру мәселесін мәслихат қарайтынын» айтты.

«МЕН ЖАЗҒАН ЕМЕСПІН»

Азаттық тілшісі мәслихат депутаты Жамбыл Қалауовқа хабарласып, бұл оқиға жайлы пікірін сұраған еді.

– Партия қатарынан шығарылғаным туралы хабарды естігенім жоқ, одан хабарсызбын. Ал интернетте тарады деген сөздерді мен жазған емеспін, – деп қысқаша жауап берді депутат.

Ал заңгер Абзал Құспан «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының Жамбыл Қалауовты қатарынан шығару әрекеті «заңсыз екенін» айтады.

– Бұл – заңсыздық қана емес, құқықтық нигилизм, ақылға сыйымсыз нәрсе. Депутат басқа ел президентін ұнатқанын білдірді. Қазақстан азаматтары конституциямен қорғалған. Депутат та азамат. Конституция кепіл болған ой еркіндігін «Нұр Отан» шектей алмайды. Бұл – барып тұрған асыра сілтеушілік. Депутат бұл жерде президент намысына тиіп, оның азаматтық абыройына нұқсан келтіріп отырған жоқ, – дейді заңгер.

Жамбыл Қалауовты депутаттық мандатынан айыру мәселесін сөз еткен-етпегенін білмекке Шымкент қалалық мәслихатының ресми сайтында көрсетілген телефондарға хабарласқанмен ешқайсысымен байланысу мүмкін болмады. Оңтүстік Қазақстан облысы ҰҚК департаментінің аты-жөнін айтудан бас тартқан кеңсе қызметкері Азаттық тілшісіне «Нұр Отан» айтқан «шағым туралы арызды қабылдап алған қызметкерден сұрау» туралы кеңес берді.

XS
SM
MD
LG