Accessibility links

«Балалық шағымның аспанын» жалғыз барсаңыз көре алмайсыз


«Балалық шағымның аспаны» фильмінің жарнамасы.
«Балалық шағымның аспаны» фильмінің жарнамасы.

Қазақстанда президент Нұрсұлтан Назарбаевты кейіпкер еткен «Балалық шағымның аспаны» фильмін мамандар мақтағанмен, көрермендер келмей жатыр.


Сенбі күні түске таман елдегі барлық кинотеатрлардан көрсетіле бастаған фильмді тамашалауға Азаттық тілшісі де беттеген еді. Бірақ Алматы қаласының орталығындағы екі кинотеатрға барғанымен, екеуінен де көре алмай шықты.

КӨРЕРМЕНСІЗ ФИЛЬМ

Себеп – көрермен жоқ. Ал кинотеатр қызметкерлері «кемінде 4 мың теңге жиналған кезде ғана болады. Бір адамға бола кино қоймаймыз» деп жауап берді. Сағат 11, 12-ге белгіленген күндізгі сеанстың бағасы ересектер үшін – 500-600 теңге, балалар үшін – 300-400 теңге екен.

Режиссер Рүстем Әбдірәшев түсірген бұл фильмнің осы аптада Алматыда өткен презентациясына барған Нұрлан есімді көрермен:

– Фильмнің басты кейіпкері Назарбаев болмаса да, бұл кино маңыздылығын жоғалтпайды, қарапайым бала туралы тамаша туынды болып қала береді. Режиссердің шеберлігі сүйсінтті, – дейді.

НҰРСҰЛТАН МЕН СҰЛТАН

Көрерменнің айтуынша, «фильм президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шыр етіп дүниеге келгенінен бастап, бозбала болғанға дейінгі өмірінен сыр шертеді: дүниеге келгендегі ата-анасының қуанышы, дәстүрлі қазақ отбасында тәрбиеленуі, бала Сұлтанның (фильмде солай аталыпты) ұшқыш болу арманы, қиялы, соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезең...». Фильмде сонымен қатар президенттің балалық шағы өткен өңір – Алматы облысындағы Үшқоңыр жазығы, Шамалған ауылының «әсем табиғат көріністерінен әсерлі түсірілген кадрлар көп» дейді көрермендер.

Басты кейіпкерді әр кезеңде үш актер (Елжас Әлпиев, Әбілмансұр Серіков, Нұрлан Әлімжанов) сомдаған. Басқа рольдерді Бибігүл Төлегенова, Нұржұман Ықтымбаев, Наталья Арынбасарова, Алмагүл Әлішева, Ержан Жарылқасынов ойнаған.

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ БАЛАЛЫҚ, БОЗБАЛАЛЫҚ ШАҒЫ ҒАНА...»

Фильмді түсірушілердің айтуынша, ондағы сюжеттер Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразия жүрегінде» атты кітаптарының негізінде құрылыпты.

Бір жарым жыл ішінде түсірілген «Балалық шағымның аспанына» 3 миллион АҚШ доллар көлемінде қаржы жұмсалғанын айтқан түсіру тобы бұл фильмде президенттің балалық, бозбалалық шағы ғана баяндалғанын, сондықтан «түсіру жұмыстары әрі қарай да жалғаса беретінін» айтты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG