АВТОРИТАРЛЫҚ БИЛІК АМАЛЫ
Президент Назарбаевтың «Украинадағыдай бей-берекетсіздік» жайлы ескертуін Қазақстан қоғамында әрқилы қабылдады. Кейбіреулер Назарбаев «Украинаның шығысындағы сепаратистік әрекеттерге жол бермеуді» меңзеді десе, кейбірі Киевтегі Майдан оқиғасын тұспалдады деп санайды.
Назарбаев 1 мамыр - Қазақстан халқы бірлігі күні Алматыда өткен мерекелік шарада «бұрынғы Совет Одағының ірі республикасы Украинаның экономикасы Қазақстан экономикасының жартысындай ғана. Өйткені ішкі ауызбірлігі жоқ Украина экономикамен шұғылдану орнына ұрыс-керіс, жанжалмен әуре болып жүр» деген сөзі Украина ақпарат құралдарында да жарияланып, қарсы пікір туғызған.
«Украинадағы берекесіздікті» айтқанда Нұрсұлтан Назарбаевтың нені көбірек меңзейтіні оның бұған дейінгі сөздерінен де бірнеше рет байқалған.
Қазақстан билігі мен ресми көзқарастағы ақпарат құралдарының ұзақ жылдарға созылған мұндай риторикасы қайдан пайда болды, нені көздейді деген сауалды Азаттық тілшісі сарапшыларға қойған еді.
Тарихшы Бейбіт Қойшыбаев сыртқы күштерге сілтеу, сол арқылы үрей тудыру дәстүрі советтік кезеңнен бастау алатынын айтады.
– Жер дауына байланысты Атырауда басталған қарсылық акциясынан кейін «сыртқы күштердің әсері, Батыстың ақшасына ұйымдастырылған» дегенді шығарды. Бұл баяғы большевиктік, советтік саясаттың бір түрі, -дейді ол.
Бейбіт Қойшыбаевтың сөзінше, Назарбаевтың төңкерістер туралы ұстанымдарынан Ресей ықпалы байқалады.
– Украинадағы жағдай бізге ресейлік ақпарат құралдары таратып жатқандай емес. Керісінше, ондағы жағдайды ушықтырушы – Ресей. Біздегі ақпарат құралдарында ресейлік үгіт-насихаттың әсері бар. Қазақстан билігі Украинамен қорқытпай, көрші Ресей саясатынан сақтануды ойлауы керек. Кезінде Қырғызстандағы жағдаймен қорқытты. Қырғызстан қаншалықты қиын болса да, парламенттік басқару жүйесіне көшті. Қырғызстандағы, Украинадағы жағдаймен қорқыту – «ел тыныштығын сақтаудан» гөрі өз билігін сақтап қалуға көбірек ұқсайды, - дейді Бейбіт Қойшыбаев.
Тарихшының сөзінше қарапайым халық биліктің үгіт-насихатына айтарлықтай иланады. Алайда соңғы кездегі оқиғалар халықтың саяси құқықтарын түсіне бастағанын аңғартады дейді ол.
Саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстанның қазіргі билігі ішкі мәселесіне үңілуден гөрі, сыртқы күштердің әсерін көбірек іздейтінін, содан сескенетінін айтады. Оның сөзінше, мұндай ұстаным Ресейдің бұрынғы СССР республикаларын өз ықпалында сақтап қалуды көздеп жүргізетін үгіт-насихатымен ұқсас. Сарымның пікірінше, бүгінде жер дауына қатысты Қытайға қарсы үгіттің Ресей тарапынан әсіреленген болуы да мүмкін.
– Мысалы, жер кодексіндегі даулы баптарға енгізілген мораторийден мәселе шешімін тапқан жоқ, оны белгілі бір уақытқа дейін ғана созды. Сондықтан, әлеуметтік желідегі «алақайлардың» көпшілігі, менің ойымша, саясаттан бейхабарлықтың белгісі, - дейді сарапшы.
КРЕМЛЬ ЫҚПАЛЫ
Қазақстандағы ресми позицияны құптайтын ақпарат құралдарында соңғы кездері Украинаны «жаппай тәртіпсіздіктер елі» ретінде сипаттаулардың көбеюін Қазақстандағы Украина елшілігінің басшысы Юрий Лазебник «Кремль үгіт-насихаты әсерінің тағы бір дәлелі» ретінде қарастырады.
Азаттыққа пікір білдірген украин дипломаты «басқа өркениетті елдер тәрізді бұл мәселеге кеңірек қарау керектігін» айтады.
– Ресей «орыс әлемі» деп аталатын құрсаудан құтылғысы келген, путиндік түсінікпен емес, халықаралық құқық нормасы бойынша өмір сүруді қалаған украин қоғамына жауап ретінде Украинаның бір бөлігіне басқыншылық жасады. Иә, қазір украиндар әлдебір басылымда жазылғандай ұрыс-керіс, жанжалмен әуре болып жүр. Біз гитлершілдерді қуғанбыз, путиншілдерді де қуамыз. Қазақстан сынды дос елді мұндай жағдайдан сақтасын, - дейді Юрий Лазебник.
2004-2005 жылдары Грузия, Украина және Қырғызстандағы түрлі-түсті революциялардан кейін іле-шала Нұрсұлтан Назарбаев «бұл елдердегідей оқиғалар Қазақстанда қайталанбайды» деп мәлімдеген. 2010 жылы Қырғызстанда екінші рет биліктің ауысуына әкелген сәуір оқиғасын Назарбаев «қарақшылық, билік үшін талас» деп бағалаған.
Қазақстан президентінің Грузия, Украина мен Қырғызстанда биліктің алмасуына алып келген оқиғалардан кейінгі ұстанымдары ресми ақпарат құралдарынан да жиі аңғарылды. Қазақстандағы тұрақтылықты Нұрсұлтан Назарбаевтың жетістігі ретінде көрсетуге тырысатын ресми БАҚ «төңкерістердің жағымсыз салдарын» халыққа көбірек таратуға бейіл. Қазақстанда кезекті рет мерзімінен бұрын өткен президент сайлауына дауыс беру күні қарсаңында билікке жақын телеарналар «Қырғызстандағы бүлік туралы» үрей тудыратын деректі фильм де көрсеткен.
Мұндай дәстүр 2013 жылдың қысында басталған Киевтегі Майдан оқиғасынан кейін де жалғасты. Қазақстанның ресми көзқарасты ұстанатын ақпарат құралдары Украинадағы оқиғаларды халықтың билікке наразылығының көрінісі емес, «Батыс ұйымдастырған бүлік» ретінде сипаттап, ресейлік ресми ақпарат құралдары мағлұматымен үндес хабар таратқан еді.