ЖАҢА НҰСҚА
Ұлыбританияның Financial Times басылымында жарияланған «Назарбаевтан кейінгі Қазақстан: өзгеріс желі соғайын деді ме?» атты блогта қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң билікті ауыстыру сценарийі өзгеруі мүмкін екені жайлы жазады.
Verisk Maplecroft сараптамалық ұйымы өкілі Камила Хейжланд өз мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда 25 жылға созылған «саяси тұрақтылықты» сақтаған жетекшілік рөлін атап өтіп, оның болашақта биліктен кетуі инвесторларды айтарлықтай алаңдататынын ескерткен. «Назарбаев отбасы мүшелеріне қатысты лауазым ауыстыру және институтционалдық реформалар оны алмастыруға дайындық жақын болашақта болуы мүмкін екенін көрсетеді» деп жазады автор.
«Оқиғалардың өрбуі Қазақстан билік құрылымында түбегейлі өзгерістер қарастырылып жатқанын көрсетті – билікте мықты көшбасшы емес, барынша ұжымдық жетекшілік жүйесі орнауы мүмкін, ол біршама күрделі саяси ландшафтқа әкеледі» деп жазады Financial Times басылымы.
Отбасындағы қызмет ауыстырудың мысалы ретінде президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның 2015 жылы премьер-министр орынбасарлығына және президенттің немере інісі Самат Әбіштің ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалуы аталған. «Самат Әбіш болашақта төрағалыққа тағайындалған жағдайда түбінде билік өзге қолға өтетіндігінен белгі берген болар еді» делінген мақалада.
Бұған қоса Назарбаевтар отбасы «шетелдегі дүние-мүліктерін отанына қайтарып жатыр» деген сыбыс бар. «Мүлікті [Қазақстанға] қайтаруды саяси ауысымға дайындық ретінде қарастыруға болады. Инвестицияны үйге – Қазақстанға әкелу арқылы отбасы өзін елдің экономикалық дамуын ынталандырып, бағалайтын «жауапкершілігі бар элита» ретінде көрсетеді… [Осы ісімен] Назарбаевтар отбасы ел билігі инвестицияларын Қазақстанға қайтаруға ынталандырып жүрген басқаларға үлгі көрсетеді» деп жазады Financial Times.
Назарбаев «ұлт көшбасшысы» ретінде өзін алмастыра алатын нақты ешкім жоғын «жақсы біледі» делінген мақалада. «Соның нәтижесінде мықты институттар маңызы еселі түрде артады, солайша Назарбаев өзіне мирасқор табуға тырыса ма, әлде мықты институттарға сүйенген ұжымдық басқару стиліне өте ме деген сауал туындайды. Бұл оған Назарбаевтар әулетінің болашағын қамтамасыз ету үшін отбасы мүшелерін негізгі қызметтерге орналастыру арқылы, келешекте жалғыз мұрагер тағайындау бойынша элита тарабынан да, тұрғындар жағынан да кері реакцияға жол бермеу үшін қосымша пайда тигізуі мүмкін» дейді мақала авторы.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ АФРИКА
Сингапурлық Channel News Asia телеарнасы сайтында Қазақстанға Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономдық ауданы (ШҰАА) төрағасы Чжан Чуньсянның келгені, кездесу барысында құны екі миллиард доллардың келісімдеріне қол қойылғаны туралы жазады. Телеарнаның сөзінше, бұл сома энергия, ауылшаруашылық және өнеркәсіп саласындағы жобаларға бөлінбек.
Африкалық All Africa жаңалықтар сайтында өткен аптада Қазақстан мен Беларус Либериямен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатқаны, «бұған дейін басқалар да айтқандай, барлық сала бойынша достықты нығайту және қолдауға уәде бергені» жайлы хабарлаған.
Сонымен бірге сайт Либерияның шетелдегі дипломатиялық миссиясын қамтамасыз ету үшін «көп ақша жұмсап жатқанын» сынға алып, ал бұл уақытта өзге елдер – соның ішінде Либерия дипломатиялық миссияларын ашқан мемлекеттер де бар – «шығындарын азайтып жатқаны» туралы жазған. Әсіресе Либерия тұрғындарына Шенген визасын алу үшін көрші Гана, Кот-д'Ивуар немесе Нигериядағы еуропалық елдердің елшіліктеріне баруға тура келетіндіктен, виза оларға тым қымбатқа түседі.