Accessibility links

Мәсімов Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беруді ұсынды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының съезінде. Астана, 25 қараша 2011 ж.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының съезінде. Астана, 25 қараша 2011 ж.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныс жасады. Үкімет бұл ұсынысты бірауыздан мақұлдады.


Қазақстан үкіметінің жетекшісі Кәрім Мәсімов президент Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасы - «Халық қаһарманы» атағына ұсынды. Бұл туралы қарашаның 29-ы күні Астанада өткен үкімет отырысында әділет министрі Рашид Түсіпбеков хабарлады.

- Премьер-министр Кәрім Мәсімов заңды негізде елдің тұңғыш президентіне «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені қоса тапсырылатын «Халық қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныс жасады, – деді Рашид Түсіпбеков.

Әділет министрі мемлекеттік награда президент Назарбаевқа 20 жылда «тәуелсіз мемлекет құрудағы тарихи рөлін ескере отырып берілетінін» айтады.

Үкімет мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан мақұлдаған соң премьер-министр Мәсімов тиісті қаулыға қол қойды.

- Бұл - менің өмірімде өзім қол қойған ең маңызды құжат, – деді Кәрім Мәсімов.

Енді «Мемлекеттік наградалар туралы» заңға тиісті толықтырулар енгізу туралы бұл құжат парламент сенатының қарауына жолданады.

please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00
Жүктеп алу


Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың "тарихтағы айрықша орны мен еңбегін лайықты бағалап", оған жоғары мемлекеттік награда тапсыру, немесе басқадай жолдармен оның дәрежесін көтеру туралы бастамалар бұған дейін де айтылған еді. Мысалы, 2008 жылы парламент сенаты Назарбаевқа "Еңбек Ері" атағын беруді ұсынды. Бірақ ол ұсынысты президент қабылдаған жоқ.

Ал бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев 70 жасқа толған кезде парламент оған «Елбасы» мәртебесін беру туралы заң қабылдады. Назарбаев ол заңға қол қоймайтындығын айтты. Бірақ Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, президент 30 күннің ішінде оны кері қайтарып жібермегендіктен, құжатқа парламенттің қос палатасының төрағалары мен премьер-министр қол қойып, заң күшіне енген еді.

Қазақстанда 1993 жылы тағайындалған мемлекеттік жоғары награда - «Халық қаһарманы» атағын осы кезге дейін алғандардың арасында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан азаматтар - генерал Сағадат Нұрмағанбетов, партизан-жазушы Қасым Қайсенов, Рейхстагқа ту тіккен қазақ офицері Рақымжан Қошқарбаев, ұшқыштар Бақтыораз Бейсекбаев пен Хиуаз Доспанова және қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев, академик Мұхтар Әлиев, әнші Роза Бағланова, Желтоқсан оқиғасына байланысты қайтыс болған Қайрат Рысқұлбеков, композитор Нұрғиса Тілендиев және басқалар бар.
XS
SM
MD
LG