Бибігүл Төлегенова cталиндік қуғын-сүргін салдарынан әкесінен ерте айырылған. Әнші 1937 жылы әкесін тұтқындаған кезде отбасының Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағайда тұрғанын жазады естеліктерінде.
«Бейтаныс адамдармен бірге кетіп бара жатқан әкем: «Барлығы жақсы болады», – деді. Ол бұл жағдайдың түсінбеушілік екендігіне, барлығының жақсы болатындығына уәде берді. Бірақ мен ненің жақсы болатындығын түсінбедім. Әкем кетіп қалды, бұдан соң біз оны көрген жоқпыз» деп жазады Бибігүл Төлегенова.
Қазақстанның танымал әншісі өз естеліктерінде төрт баламен қалған анасына тұрмыс қиын болғанын әңгімелейді. Олар аштықты да, кедейшілікті де, небір қорлықты да бастан өткерген екен.
«Менің анам түрмеде отырған жоқ. Бірақ тергеуге жиі баратын – ол жақтан жиі жылап, үсті-басы көгеріп келетін. Шамасы күйеуінің «халық жауы» екендігін мойындату үшін оны азаптайтын болса керек». Бұл – «Қасіретті тағдырлар» атты кітаптағы Бибігүл Төлегенованың естелігінен алынған үзінді. Бұл кітапта сталиндік қуғын-сүргін тамұғынан өткен адамдардың, олардың туыстарының естеліктері топтастырылған.
«ҚАЗАҚСТАНДА ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖОҚ»
– Ол кездері миллиондаған адам атылды. Осындай бір қиын уақыт болатын. Қуғын-сүргіндер болды. Әкемді атқан кезде мен кішкентай бала болатынмын. Оны не үшін атқанын өзім де білмеймін. Анам да білген емес. Қазір мұндай қорқынышты кезеңнің болмағанына қуанамын. Біздің Қазақстанда барлығы тыныш, бейбітшілік орнаған. Аллаға шүкір, ешқандай қуғын-сүргін жоқ, – дейді Азаттық радиосына берген сұқбатында Бибігүл Төлегенова.
Алайда Қазақстандағылардың барлығы бірдей дәл осылай деп ойламайды. Биылғы жылдың сәуір айында Қазақстанда ел президентінің мерзімнен бұрынғы кезекті сайлауы болды. Елдің үздіксіз президенті болып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев мандатын тағы да ұзартты. Шетелдік баспасөзде Назарбаевты диктатор деп атай бастады. Қазақстандағы сайлау науқаны Солтүстік Африкадағы дәл осындай авторитарлық режимдердің бірінен соң бірі күйреп жатқан кезімен тұспа-тұс болды.
Бибігүл Төлегеновамен телефон арқылы болар әңгімені Қазақстанның бүгінгі жағдайына арнау жоспарланған болатын. Жазықсыз атылған адамның қызы бүгінгі Қазақстандағы саяси жағдайды қалай бағалайтынын және көптеген қазақстандық мәдениет және өнер қайраткерлерінің билікке қызмет етуге даяр тұру себебін білгіміз келген.
Бірақ әңгімеміз жараспады. Бибігүл Төлегенова тек өз шығармашылығы жайында ғана айтқысы келді. Саяси бостандық пен құқық тақырыбына жауап бермеді, ол көптеген сауалдарды шамдана қабылдап, «арандатушы сұрақтар» деп атады.
2011 ЖЫЛДЫҢ ҚАҢТАР АЙЫНДАҒЫ ҚОЛДАУ ТОБЫ
Бибігүл Төлегенова «саясаттан аулақпын, ол жайында еш нәрсе түсінбеймін» дейді. Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы болмай қалған референдумды қолдау жөніндегі Қазақстан халқына арналған үндеуге қол қоюын опера әншісі «жеке пікірімді білдіргенім» деп түсіндірді.
– Мен өзім оны қолдаймын, – дейді Бибігүл Төлегенова. – Мен ешкімге айтпаймын, ешкімді үгіттемеймін. Әркім өз пікірін білдіреді. Мен сонда өз пікірімді білдіре алмаймын ба? Әртүрлі пікірлер бар – жақтайтындар да,
Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың үгіт парағында қолдаушылар ретінде белгілі адамдардың суреттері тұр. Астана, 2011 жылдың наурызы.
қарсы болатындар да. Біз президентті орнында қалдырғанын қаладық. Мен ешкімге өз пікірімді күштеп таңған жоқпын. Егер «біздің президент жұмыс істейді» десем, оның қалай жұмыс істеп жатқандығын көргендіктен айттым. Мен ол жерде жалғыз емеспін. Ол жерде тұтас тізім бар. Мен – өнер адамымын.Белгілі қайраткерлердің президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін ұзарту туралы үндеуі 2011 жылдың 15 қаңтарында «Казахстанская правда» газетінде жарық көрді. Бибігүл Төлегенова оған қалай қол қойғанын айтып берді:
– Біз қол қоюға кірістік. Тек өнер қайраткерлері ғана емес, ғалымдар да, студенттер де болды. Өнер қайраткерлері де болды, әрине. Бізде, театрда митинг болды. Бұдан соң тізімге енгісі келгендер қол қойып берді. Әркім шешімді өзі қабылдады, ешкім үгіттеген жоқ, сұраған жоқ. Біз президентті 20 жылдан бері білеміз, оның жұмысын, жоспарларын білеміз. Сондықтан да оны қолдаймыз.
1986 ЖЫЛДЫҢ ЖЕЛТОҚСАНЫНДАҒЫ ҚОЛ ҚОЮШЫЛАР
Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін ұзартуды қолдау жөніндегі хатқа Бибігүл Төлегеновадан басқа ондаған халық әртістері мен еңбек сіңірген әртістер, сәулетшілер, жазушылар, суретшілер және лауреаттар қол қойды. Олардың ішінде советтік киноның ежелгі сүйіктісі Асанәлі Әшімов те бар.
Қазақстандағы атақты киноактердің биліктің сойылын соққан үндеулерге үн қосуы бір бұл емес. Айталық, 1986 жылы желтоқсан айында Кремльдің өкілі Геннадий Колбиннің Қазақстан Компартиясы орталық комитеті бірінші
Бұрынғы Брежнев атындағы алаңға шыққан қазақтың бойжеткенін милиция мен әскерилер ұстап әкетіп барады. Желтоқсан, 1986 жыл. (Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін Желтоқсан» кітабындағы сурет).
хатшысы қызметіне тағайындалуына қарсы Алматыдағы орталық алаңға бейбіт шеруге шыққан жастарды қудалауға байланысты үндеуде де осындай жағдай байқалады. Сол шеру Кремльге қарсы митингіге ұласты. Жастарды аяусыз басып-жаныштады. Бұдан соң жүздеген қыз-жігіт шеруге қатысқаны үшін қудаланды.«Көптеген белгілі жазушылар, өнер қайраткерлері сол кезде қазақ ұлтшылдығын айыптаған үндеуге қол қойды. Кезінде Қонаевтың шапағатына бөленген бір егде драматург Жазушылар одағындағы жиналыста «бұл өзгерісті отыз жыл күтіп едім, ақыры Колбинді көрдім-ау» дегенді айтты» деп жазады ресейлік биограф Леонид Млечин «Назарбаев: групповой портрет с президентом» деген кітабында.
Қазақ жастарының бас көтеруінен бірнеше күн өткен соң осындай үндеулердің бірі «Вечерняя Алма-Ата» газетінде жарияланды. Онда: «Ұлтшыл пиғылдағы элементтердің айдап салуымен студенттер топтары қоғамдық тәртіпті дөрекі түрде бұзып, өрт қоюмен, қиратумен айналысты, ешқандай кінәсіз азаматтарды ұрып-соқты. Осының барлығы қазақтардың ұлттық намысы аяққа тапталды-мыс делінген даурықпа ұрандармен ұласып отырды», – деп жазылған.
Осы хаттан тағы бір үзінді келтірейік: «Біздің партиямыздың лениндік дана ұлт саясатының, бауырлас совет халқының және ең алдымен ұлы орыс халқының көмегінің арқасында экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуда үлкен табыстарға қол жеткізген қазақ халқының атынан сөйлеуге көпшілігі ішімдік пен есірткінің әсерінде болған бұл басбұзарлардың қандай хақы бар еді?!»
«Бізге өте ауыр» деген тақырыппен жазылған бұл үндеу Алматы үй құрылысы комбинатының дәнекерлеушісі М.Ахмедовтің, Қазақстан ғылым академиясының президенті М.Айтхожиннің, СССР халық әртісі А.Әшімовтың, Қазақстанның халық жазушысы Қ.Бекхожиннің, Гагарин атындағы өндірістік бірлестіктің тігінші-машинисткасы Г.Диханбаеваның, ақын Ғ.Қайырбековтің, СССР халық әртісі Е.Серкебаевтың қол қоюымен баспасөзде жарияланды.
АСАНӘЛІ ӘШІМОВ ЖӘНЕ ЖЕЛТОҚСАН
2008 жылдың желтоқсан айында «Караван» газеті Асанәлі Әшімовтің «Махаббатпен сіздің...» деп аталатын кітабынан сол бір қасіретті күндер жайындағы естелігін жариялады. Оның айтуынша, бұл оқиғалар басталған кезде «Жусан» деп аталатын фильмін тапсыру үшін Мәскеуге ұшып кеткен.
Мынау Асанәлі Әшімовтің «Караван» газетінде жарияланған естелігінен үзінді: «Ақырында, 23 желтоқсанда Алматыға ұшып келгенде көшедегі адамдардан менің алғашқы есіткенім: «Асанәлі аға, сіз қалай ғана өз халқыңызға қарсы шықтыңыз?!» – деген сөз болды. Сөйтсем, 17 желтоқсан күні газеттерде халыққа үндеу хат жарияланыпты. Онда республикаға белгілі адамдар 16-17 желтоқсан күндері Брежнев алаңында болған оқиғаларды айыптаған екен. Онда өзгелермен бірге менің де қолым жүр. Әрине, мен бұдан соң қарсылығымды білдірмек болдым, бірақ оны ешкім жарияламай қойды. Мен өзімді қоғамдастықпен кездестіруін талап еттім. Бірақ тек АХБК ұжымының алдында ғана сөйлеуге мүмкіндік алдым. Бұл кездесуді ұйымдастыруға орталық комитеттегі маған түзу көзқарастағы адамдар көмектесті».
Асанәлі Әшімов – әртүрлі мәлімдемелерге жиі қол қоятын адам. Бірде биліктің қарсыластары Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әбілязов бастаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы мүшелерінің үндеуіне де қол қойған. Бірақ кейін оның не екенін білмегенін айтып ақталған. Сол 2001 жылы Асанәлі Әшімовке «Отан» ордені берілді.
БИБІГҮЛ ТӨЛЕГЕНОВА ЖӘНЕ ЖЕЛТОҚСАН
Бибігүл Төлегенова Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларды айыптаған хатқа қол қойғандардан ешкімді білмейтінін айтады. «Ешқандай мәдениет қайраткерлері ешқайда хат жазған жоқ. Бұл жерде біздің балаларымыз бен бауырларымызды өлтіріп жатты. Хат жазатындай жағдайымыз болған жоқ» дейді ол Азаттық радиосына берген сұқбатында.
– Ол жерде маскүнемдер де, нашақорлар да болған жоқ, – деді Бибігүл Төлегенова. – Шерушілерді Ресейден келген солдаттар қуып таратты. Бұлар біздің сарбаздар емес болатын. Ресейлік «Альфа» жасағы. Барлық біздің шерушілерді, негізінен студенттерді қуып тартты. Олардың қаншасын өлтіргенін cіз білмейсіз де. Оларды қандай мәдениет қайраткерлерінің нашақор, маскүнем деп атағанын білмеймін. Мен ешкімді нашақор деп те, маскүнем деп те айтқан емеспін. Және осыншама нашақор мен маскүнемді алаңға жинау өте қиын.
Бибігүл Төлегенова Алматыдағы толқулар басталғанда ауырып жатқанын айтады.
– Тамағымның баспасы ұстап, қызуым көтеріліп ауырып жатқанмын. Бір жаққа бару үшін тұруға да шамам жоқ болатын, – дейді әнші Азаттық радиосына берген сұқбатында.
Желтоқсан оқиғасы жайындағы Бибігүл Төлегенованың тағы бір естелігі «Бәйтерек» журналында жарияланды: «Мен үшін Желтоқсан оқиғалары күтпеген жағдай болды. 16 желтоқсан – туған күнім. Ал мен бұл кезде тамағымның баспасы ұстап, қызуым көтеріліп жаттым. Осыған қарамастан туыстарым құттықтауға келді. Олар менің балконымда тұрып «Ура!» деп айқайлады. Ал төменде көшеде жүрген адамдар біздің нені тойлап жатқанымызды түсінбеді. Өйткені дәл осы кезде алаңға жастар жиналып жатқан».
«ЖҰЛДЫЗДЫ» МАДАҚ
Қазақ зиялы қауымының кейбір өкілдері Желтоқсан оқиғасы кезінде және одан кейін де жай ғана үндемей қоя салмай, партиялық функционерлердің көңілдерінен шығуға тырысқан. Олар бүгін де қазіргі авторитарлық Қазақстанның билігіне пейілдерінің түзу екендіктерін байқатуда. Олар бүгін де бутафория жасауға қатысып жатыр.
«Елімізде 15 орыс театрының және сонымен бірге кәріс, ұйғыр, неміс, өзбек театрларының жұмыс істеуі – ұлтаралық және қоғамдық келісімнің шынайы көрінісі. Бұның барлығы елдің Бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
Қазақстан президенті сайлауына шақырған билбордтағы қазақ әншісі Бибігүл Төлегенованың суреті. Астана, 1 сәуір 2011 жыл.
аса көрнекті саясатының нәтижесі. Оның саясатында жоғары руханият пен пен сөнбейтін мәдени құндылықтар өзгеріссіз басымдықа ие» делінген Қазақстан мәдениет және өнер қайраткерлерінің президент Назарбаевтың өкілетін ұзарту жөніндегі референдумды қолдайтын үндеуінде.Бұл үндеуге қол қойған Бибігүл Төлегенова мұндай хаттар мен үндеулер белгілі бір қоғамдық пікір қалыптастыру немесе халықтың наразылығын сейілту үшін билік тарапынан жүргізіліп отырған насихат науқанының бір бөлігі деп есептемейді.
Азаттық радиосына берген сұқбатында опера әншісі ешқашан ешқандай шенеунікке таңдана, тәнті бола қараған жоқпын дейді. Осыдан соң президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 70 жылдығына орай «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаланы еске салуға тура келді. Онда аутор президенттің халық әндерін айтудағы талантын тамсана әңгімелеген. Мақалаға Бибігүл Төлегенова қол қойған. Әншінің өзі бұл сұраққа ешқандай жауап берместен телефон тұтқасын тастай салды.
«НӨМІРІ БІРІНШІ АДАМЫМСЫҢ!»
Қазақстандық әдебиет және өнер шеберлерінің ішінде билікті сынайтындар некен-саяқ. Мүмкін, олардан бұл талап етілмейтін шығар. Керісінше, көбінің билік өкілдеріне айтар алғысы шексіз. Сәті түсіп қалған кезде әрқайсысы жарылқаушысын жылы сөзбен еске алады.
Аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың өз кітабында билік адамдарына көп назар аударғанын Азаттық радиосы бұған дейін жазған. Жақында ғана дүниеден өткен Роза Бағланованың жазуынша, ол бай әулеттен шыққан. Алайда совет өкіметі кезіндегі ашаршылық жұртты теңестірді. Ол да көптеген қазақстандықтар сияқты 1920-1930 жылдары аштықты, кемдікті бастан өткерді. Әкесі қайтыс болған соң Роза отбасының асыраушысына айналды. Әнші ретінде артықшылықтарға ие болу үшін бірінші басшылармен жақсы қарым-қатынаста болу керектігін ол 20 жасында-ақ түсінді.
Конформизм Қазақстандағы көптеген белгілі адамдардың өмірлік кредосына айналды. Жайлы өмірден айрылып қалудан қатты қорқу тамыры балалық немесе жастық шақтағы қиыншылықпен байланысты екендігі Роза Бағланованың мысалынан көрініп тұр.
Белгілі опера әншісі Ермек Серкебаев та аштықтың дәмін татқан. Қызы Ирина Серкебаеваның «Ермек Серкебаев. Өмір де, жастық та, бақыт та» атты кітабында әнші былай деп еске алады: «Менің осы уақытқа дейін тірі жүруім – Қазақстан компартиясы бірінші хатшысының арқасы. Ол кісінің аты Жұмабай Шаяхметов болатын. Егер ол болмағанда аштан өлетін едік. Менің әкем оны Петропавлда мектепте оқытқан. Содан соң біз Алматыға көшіп келдік. Соғыс, аранын ашқан аштық. Шыдап-шыдап, анамның шыдамы таусылды. Әкемді үйден қуып шыққандай болды: «Шаяхметовке бар, үйде ешнәрсе жоқ, нансыз қайтып келме», – деді. Әкем кетті... Келесі күні бізге отын, көмір, нан және бір шелек повидло алып келді. Ал анамды ет комбинатына жұмысқа тұрғызды. Ет пісіретін қазанды жуушы болды. Ол жерде майданға жіберетін етті даярлайтын. Менің анам қазанды жуып, кей кездері сорпаның қалған-құтқанын үйге алып келетін. Біздің жағдайымыз жеңілдеп қалды. Бір кездері әкемнің шәкірті болғандықтан ол бізді құтқарып қалды. Өзіне білім бергені үшін Шаяхметов әкеме риза болатын, сөйтіп оның да ұстазына қарымта қайтаратын кезі келді».
Бұл естеліктерінде Ермек Серкебаев та елдің кейбір басшыларын алғыс сезімімен еске алады. Әсіресе Назарбаев сияқты Советтік Қазақстанды жиырма жылдан аса авторитарлы түрде билеген Дінмұхаммед Қонаев жайында жан-жақты айтады.
«Өзіме жасаған жақсылықтары үшін оған ризамын. Оның сүйіктісі болғанымды анық білемін. Бір жолы құлағыма «сен менің нөмірі бірінші адамымсың» деп сыбырлады. Мені өте жақсы көрді, қолдады, мақтан тұтты. Барлық еркеліктеріме кешіріммен қарады. СССР халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері атақтары, Мемлекеттік сыйлықтар – бәрі-бәрі оның мені қолдауының арқасында болды. Ол операға жиі келетін. Бізді, біздің спектакльдерімізді жақсы көрді. Барлық репертуарымызды білетін. Оның қолдауының арқасында маған өмір жолы өте жеңіл болды», – дейді Ермек Серкебаев.
ЖАСТАР НЕМЕСЕ «НАЗАРБАЕВТЫҢ АРҚАСЫНДА...»
Тәуелсіз Қазақстанда да шығармашылық бағыттағы зиялы қауымының жаңа толқыны өсіп шығып, «малайлық шекпенін» ықыласпен иығына ілді.
«Қазақстан үшін дауыс бер» атты науқанның басталғанын мәлімдеген қазақстандық жас әртістер тобы бұны айқын көрсетті. Олар Қазақстанның азаматтарын ел президентін сайлайтын 3 сәуір күні сайлау учаскелеріне
Қазақстандық жас эстрада жұлдыздары кезектен тыс президент сайлауына дауыс беруге шақырып ән салып тұр. Видеоклиптен көрініс.
келуге шақырды. Билік ол кезде сайлауға бойкот жариялау туралы оппозицияның пиғылынан кәдімгідей қорқып қалған. Сайлаушыларды келтіру үшін үлкен ресурстар жұмылдырылды.Нұржан Керменбаев, Медеу Арынбаев, Баян Есентаева, Аша Матай, Мұрат Қожа, Дильназ Ахмадиева және өзге де жас эстрада жұлдыздары «Арнау» тобының бейне үндеуі мен «Қазақстан үшін дауыс бер» әнінің орысша, қазақша нұсқасын даярлап, оны интернет арқылы таратты. Баян Есентаеваның баспасөз-мәслихатында айтқан «Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстанда тұрақтылық сақталып отыр» деген сөзінен соң-ақ бұл жобаға қатысушылардың саяси бет-бейнесі айқындалды.
Қазіргі саяси басшылыққа жақын екендіктерін «ескі гвардия» да көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңіске жеткендігі жарияланған күні сахнада оның айналасында жүрген Қазақстанның белгілі адамдарының арасында танымал әнші Роза Рымбаева, белгілі скрипкашы Айман Мұсақожаевалар да болды. Залдағы президент жақтаушыларының арасында бірінші қатарда Бибігүл Төлегенова да қол соғып тұрды.
Бибігүл Төлегенова Назарбаевты өмірде де, экранда да қолдайды. Жақында ғана Назарбаевтың балалық шағы туралы кезекті көркем фильм жарыққа шықты. Бұл картина советтік кезеңдегі Лениннің балалық шағы жайлы фильмдерінің стилімен түсірілген Осы фильмде бала Нұрсұлтанның әжесінің рөлін Бибігүл Төлегенова ойнаған.
«Балалық шағымның аспаны» атты фильм – ардагерлердің мәймөңке жанрды жас жұлдыздарға беру эстафетасы сияқты. Авторитарлық билік оларды да мадақтау науқанынан тыс қалдырмаған. Нұржұман Ықтымбаев пен Ержан Жарылқасынов Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесінің, Алмагүл Әлішева мен Наталия Орынбасарова анасының рөлін ойнаған. Назарбаевтың балалық шағын Елжас Әлпиев, жасөспірім кезеңін Әбілмансұр Серіков, бозбала шағын Нұрлан Әлімжанов бейнелеген. Бұл актерлердің кейбіреулері бұған қоса кезекті сайлау науқанында Назарбаевты мадақтайтын газет мақалаларының ауторы екені тағы бар.