Қырғызстанды айтпағанда, Орталық Азияның барлық елдерінде мызғымас президенттердің жеке басына табыну ғұрпы қалыптасқан. «Тирандар құлды жасамайды, керісінше құлдар тирандарды жасайды» дейтін ежелден келе жатқан даналық сөз бар. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі билеушілердің жеке басына табынуды ойлап тапқандар кімдер? Бүгінгі авторитарлық президенттердің орнын Түрікменстандағыдай ертең басқасы баспайтынына кепілдік бар ма?
Азаттық радиосында өткен кезекті дөңгелек үстелдің тақырыбы осыған арналды.
Пікірталасқа қатысқандар: Лидия Исамова – Тәжікстан жөніндегі сарапшы, саясаттанушы (Душанбе), Тәжігүл Бегмедова – Түрікменстан жөніндегі сарапшы, «Түрікмен Хельсинки қоры» құқық қорғау ұйымының жетекшісі (Болгария); Сейдахмет Құттықадам – Қазақстан жөніндегі сарапшы, саясаттанушы, журналист және Дилором Исхакова – ақын, саясаттанушы (Ташкент).
ЖЕКЕ БАСҚА ТАБЫНУДЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ
Жүргізуші:
– Орталық Азия республикаларында мызғымас президенттердің жеке басына табынудың алғышарттары болды ма?
Құттықадам мырза, «Казахская драма на сцене и за кулисами. История современного Казахстана» деп аталатын таяуда жарық көрген кітабыңызға қарағанда Қазақстандағы саяси-қоғамдық оқиғаларға мұқият қарап, сараптап отырған сияқтысыз. Қалай ойлайсыз, тәуелсіздік алғалы Қазақстанды уысында ұстап келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаевтан ұлт көсемін жасайтындай алғышарттар болды ма?
Сейдахмет Құттықадам:
– Қазақстанның басқа да жолдармен жүретін мүмкіндіктері бар еді. Бұл ретте мен жетекші болуға жарайтын басқа да мықты азаматтардың болғанын айтып отырмын. Мәселен, Еркін Әуелбеков, бірінші және соңғы вице-президент Ерік Асанбаев. Бұлар өте күшті тұлғалар болатын, бірақ ең өкініштісі олардың бойында материалистік өнер болмады, керек кезде жалтаруды білмеді, тура жүрді. Барлығынан Нұрсұлтан Назарбаев басып озды, сөйтіп біздің тарихымызға Назарбаев жүрген жолмен жүру бұйырды.
Жүргізуші:
– Исамова ханым, Тәжікстандағы жағдай туралы, 17 жыл президент болып отырған Эмомали Рахмонов туралы не айтасыз?
Лидия Исамова:
– Біріншіден, сіздің сөзіңізді аздап түзете кеткім келіп отыр. Біздің президентіміздің билікте отырғанына 19 жыл болды. 1992 жылы ол Жоғарғы Совет төралқасының төрағасы қызметін пайдаланып, президенттікке қол жеткізді.
Ал Тәжікстан - экономикалық тұрғыдан Орталық Азиядағы ең халі мүшкіл республика. Ұланғайыр шекарасы Ауғанстан және Өзбекстанмен шектесетін Тәжікстан Өзбекстанның аяқ астынан қырын қарауы салдарынан экономикалық тұрғыдан өте қиын жағдайда қалып, тығырыққа тіреліп отыр. Ислам дінін желеу етушілердің арқасында азамат соғысы өрістеді, шындығында бұл - билікке таласып жүрген бұрынғы коммунист, қазіргі демократтардың тартысы.
Осындай жағдайда Тәжікстан елді біріктіре алатын авторитарлық тұлғаға зәру болды. Кейбіреулер баяғы коммунистік режимнен айырылғысы келмесе, кейбіреулер демократиялық исламшылдықты қолайлы көрді. Діни жікке бөлінген, азаматтық соғыс өрті соғыс шарпыған Тәжікстан тізгінін 1992 жылы қарашада өзі жас, идеясы мол, харизмасы да жеткілікті Эмомали Рахмон қолына алды.
1994 жылғы сайлауда ол жалпыхалықтық дауыспен Тәжікстан президенті болып сайланды, содан соң билік бас айналдыра бастаған болуы мүмкін. Оның үстіне сол кездері оның жақтастарының кландары оны ұлт көсемі ретінде көрсете бастады. Бұлар президентке майдай жақты. Тәжікстан билігінде осынша ұзақ отыруыныңы сыры да осында. Сондай-ақ ол тек мемлекет басшысы ғана емес, саяси көсем, биліктегі Халықтық-демократиялық партияның жетекшісі болып саналады.
Жүргізуші:
– Бегмедова ханым, Түрікменстан Өзбекстанмен қатар Орталық Азиядағы ең жабық елдің қатарына жататын мәлім. Түрікменбашы культі – Түрікменстан тәуелсіздігін алғаннан кейін пайда болған жаңа құбылыс па, әлде оның да тарихи әріде жатыр ма?
Тәжігүл Бегмедова:
– Жеке басқа табынушылықтың алғышартары СССР құлап, тәуелсіздік аспаннан түскендей болғаннан кейін пайда болды. Түрікменстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Ниязов президенттікті мұраға алды. Осыдан келіп жеке басқа табынушылық шықты.
Жүргізуші:
– Исхакова ханым, Өзбекстан тәуелсіздік алғанға дейін немесе одан кейін президент Ислам Кәрімовтің жеке басына табынушылық пайда болатындай алғышарттар бар ма еді?
Дилором Исхакова:
– Әрине, бар болатын. Осылай болатыны әуел бастан-ақ мәлім еді. Барлық республикалар тәуелсіздік алып жатқанда, біздің республикамыздың басшылығына да ұзақ жылдар бойы коммунистік партияның көрнекті қайраткерлерінің бірі келді. Оның лауазымы да солай аталды - Өзбекстан Республикасы компартиясының бірінші хатшысы.
Бұл адамдардың бойында коммунистік партияның, жалпы советтік биліктің барлық жаман жақтары әбден сіңген. Сондықтан алдағы уақытта да олардың дүниеге көзқарасы өзгере қалады деуге болмайды. Жалпы, олар өздерін өзгерте алмады, сол себепті жеке басқа табынушгылықтың өрістеуі - заңды құбылыс.
ҚҰЛДАР ТИРАНДЫ ЖАСАДЫ
Жүргізуші:
– Егер «құлдарды тирандар жасамайды, керісінше құлдар тирандарды жасайды» деген байырғы тәмсілге қарайтын болсақ, Орталық Азия президенттерін кім деуге болады? Мызғымас президенттердің жеке басына табынуын кім, қалай жасады?
Лидия Исамова:
– Бір өкініштісі, Тәжікстан халқы көсем не айтса соған иланады. Президенттің сөзі Құдай сөзімен бара-бар. Тәжікстан билігінде өте қатаң субординация сақталған. Оған діни жетекшілер де үлес қосып отыр. Жеке дара билігін сақтау үшін біздің көсеміміз керек болса марапатты да аямайды, қажет кезде аяусыз жазалайды.
Басқа Орталық Азия елдеріндегідей Тәжікстандағы көсемшілдік те непотизм мен трайбализмнен туындады. Саяси жүйе «шах пен уәзірдің» қарым-қатынасы сияқты.
Тәжікстандағы көсемшілдікті тоталитаризммен тең деп санаймын. Барлығы көсемді дәріптеуге жұмыла кірісті. Біздің көсеміміз нағыз харизматикалық жетекші, кітап та жазады, спортты алға сүйреп, жүгіруге де қатысады, халықпен де кездеседі, балалар үйіне де жәрдемдеседі. Бір сөзбен айтқан тұла бойы тұнған талант, мейірбан әке, ізгі адам. Тоқ етері – ұлттың әкесі. Мұндай атағы ресми түрде болмағанымен халық солай атайды. «Мені телеарналардан азырақ көрсетіңдер» бірнеше рет айтқанына қарамастан, арада бірер ай өте баяғы сарынға қайта басады.
Наурыздың алдында президент жүретін көшенің бойында тұрған бірнеше портреттерін алдырып тастаған сияқтанды, бірақ басқа көшелердегі плакаттар сол күйі қалды. Яғни «жеке басқа табынушылықпен күрес жүріп жатыр» деп БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты ұйымдарды алдарқату үшін жасалды.
Қазір мұның үйреншікті жайтқа айналғаны соншалық, енді президенттің бейнесін көріп отырмаса халыққа ас батпайтын болды. Бұрын оны жай ғана «президент мырза» дейтін еді, қазір «жоғары мәртебелі мырза, құрметті президент» деп атайтын болды.
2007 жылы қараша айында өткен инаугурациясының алдында президентке арнап арнайы әуен жазылды, сөйтіп оны президенттің жүрген-тұрған жерлерінің көрсеткенде қолданатын болды.
Дилором Исхакова:
– Корольді король ететін – нөкерлер. Менің ойымша, Кәрімовты тірі пұтқа айналдырған өзбек халқының өзі. Егер өзбек, тәжік не түрікмен халқы қаламаса олар қазіргідей ойына келгенін істей де алмас еді.
Халық шыдап отырғандықтан олар өзгермейді, қайта жеке табынуды күшейте береді. Осылай болғанын өзіміз қаладық, енді зардабын да тарта береміз.
Жүргізуші:
– Яғни «тирандар құлдарды жасамайды, керісінше құлдар тиранды жасайды» деген баяғының даналық сөзі Өзбекстанда айна-қатесіз орындалғаны ғой?
Дилором Исхакова:
– Дәл солай. Тиранды жасайтын құлдардың өзі. Әрбір халық өз билеушісіне лайық. Біз бүгін Кәрімовке лайықты болып отырмыз.
Тәжігүл Бегмедова:
– 2007 жылы бізде билік ауысқанымен, жеке басқа табынушылықтың белгілері сол күйі қалды. Бас пайдасы үшін бұрынғы билікті дәріптеушілер енді жаңа билікке арнап ән салатын болды. Соның арқасында байлыққа да, мансапқа да, тағы да басқа жеңілдіктерге қол жеткізіп отыр. Мұның бәрін алдын ала ойластырып отырған биліктің өзі.
Байқасаңыз, президентке жаңа атақ беруді ұсынатын қарапайым мұғалім, жай шаруа емес, негізінен оның айналасында жүрген жағымпаздар ғана (мәселен, Түрікменстан президентінің «Арқадағ» деген атағы асқар тау, тірек деген мағынаны білдіреді)
Сейдахмет Құттықадам:
– Әрине, Назарбаев өзімен бәсекелес бола алатын адамдардан қисынын тауып құтылды. Саяси алаңнан ығыстырып шығарды, өзін көрсетуге мүмкіндік бермеді, т.б. Ол қолындағы билікті оппозициялық алаңды көбірек тазартуға жұмсап отыр.
Бастапқы кезде оның жанында тәуелсіз, озық ойлы адамдар болды. Бірақ уақыт өткен сайын олардың қатары селдірей берді, қазір өзіне мейлінше берілген, тіпті бір ауыз сөз айта алмайтын адамдар қалды.
Ең басында сол адамдарды өз төңірегіне топтастыруға ұмтылды, ал енді олар жаңа көсем жасаумен шұғылданып жүр. Президенттің өкілеттігі жыл сайын ұзартылып келеді. Қазір ол тек президент қана болғанымен, соттар да соның құзырында, барлық деңгейдегі соттарды түгелдей президенттің өзі тікелей тағайындайды. Бір партиялы парламентке дейін жеттік. «Нұр Отан» алдындағы «Нұр» - Нұрсұлтанның «нұры». Сөйтіп біздің отанымыз тек бір адамның ғана отанына айналды. Бұл процесс әлі де жалғасып жатыр.
Таяу Шығыста болып жатқан оқиғалар біздің биліктің де қатты мазасын қашырды. Бірақ Таяу Шығыста толқулар басталған кезде біздің елімізде сайлау өткізілетіні белгілі болып қойған еді. Енді билік халық алдындағы абыройын өйтіп-бүйтіп сақтап қалуға әрекет жасап жатыр. Бірақ соның бәрі - сырт көзге ғана жүзеге асырылып жатқан әрекеттер.
Қалай болғанда да, бұл жайт, менің ойымша ұзаққа созылмайды. Халық қатты шаршады, наразылық қатты күшейіп барады. Әрі кеткенде үш жылдан кейін бұл билік бәрібір ауысады. Реформа жоғарыдан басталады, егер жоғарыдан басталмаса төменгі жақтағылар өзі бастайды.
ОЛАРДАН КЕЙІН НЕ БОЛАДЫ?
Жүргізуші:
– Бүгінгі авторитарлық-тоталитарлық жүйенің Орталық Азияның болашағына ықпал қандай? Қазіргі диктатордың орнына басқа диктатор келмей ме? Бүгінгі режимдердің салдары қандай болмақ?
Тәжігүл Бегмедова:
– Түрікменстанда билік ауысады деп айта алмаймын. Өйткені белсенді азаматтық қоғам жоқ. Біздің билктің көзі қалт еткенді қағып түсетін қырағы, сондықтан бізде ондай алғышарт әзірге болмайды.
Дилором Исхакова:
– Кәрімов кеткеннен кейін халықтың жағдайын жасайын, еліміз демократиялы мемлекет болсын дейтін адам билікке келеді деп айта алмаймын. Билікке келсе тек Кәрімовтің төңірегінде жүрген, Кәрімовпен ауыз жаласқан адам ғана келеді. Өзгерісті өзіміз талап етпесек, өз өмірімізде үлкен өзгерістер жасауға өзіміз кіріспесек, келесі президент те дәл осылай болады. Экономикалық тұрғыдан да, саяси-әлеуметтік тұрғыдан да билік шіріп біткен. Күйреп жатқан барлық сала енді жақсарады деп ойламаймын. Бүгінгіні көрген келесі президент бұранданы Кәрімовтен де қатаңырақ бұрайтын болады. Сондықтан Кәрімовтен кейін қуғын-сүргін күшейе түседі.
Лидия Исамова:
– 2014 жылы Тәжікстанда президент сайлауы өтетіндігіне қарамастан қазіргі уақытта бұл лауазымнан нақтылы үміткер тұлғаның көрінер түрі жоқ. Конституция бойынша Эмомали Рахмон ендігі президент сайлауына қатыса алмайды, қазір қоғамды «келесі президент кім болады» деген сауал мазалап отыр.
Үлкен ұлы Рустам мұрагерлікке дайындалып жатыр деген қауесеттер болған. Бірақ Конституция бойынша 35 жасқа толмағандар президент бола алмайды, ал Рустам 2014 жылы небәрі 26 жасқа шығады. Азаматтық қоғам енді «президент өілеттігін ұзарту үшін референдум өткізіле ме, әлде 25 жасқа толғандар президент сайлауына қатыса алады деген сұрау бойынша референдум жасала ма» деп күтіп отыр.
Біздің билік трайбализимге негізделген. Биліктің негізгі тұтқалары оңтүстік өңірден шыққандардың қолында. Сондықтан президенттіке үміткерлер де солардың арасынан шығары анық.
Менің ойымша, қалай дегенмен де азаматтық соғыстан кейін жергілікті өңірлердегі жікшілдікті бақылауға алып, ұлтты біріктіру тек авторитарлы биліктің ғана қолынан келеді. Біздің қоғам алдына қойғанды еш қарсылықсыз, талғаусыз жұта беруге беймделген. Авторитаризм, менің ойымша, әрі қарай жалғаса береді.
Сейдахмет Құттықадам:
– Меніңше, Орталық Азия республикаларының барлығында, әсіресе Қазақстанда сталиндік дәстүр байқалатын сияқты. Сталин өлген соң билікте бір де бір күшті тұлға қалған жоқ. Күштілердің барлығының көзі жойылғандықтан анархия орнады. Сөйтіп ешкім күтпеген кездейсоқ Хрущев билікке келді.
Қазақстандағы қазіргі жағдай осыған ұқсайды. Нұрсұлтан Назарбаев күшті, тәуелсіз саясаткерлерді мұқият ығыстырып шығарды, айналасында өңкей әлсіз адамдар қалды. Егер ол биліктен бүгін кететін болса, онда биліктің өз ішінде лайықты кандидатура жоқ.
Ең өкініштісі, оппозицияда да дәл осындай жағдай. Күнбе-күн жасалған қысымнан кейін оппозиция да қатты әлсіреді. Елдегі жағдай күрделі. Қаптаған қаржылық топтардың арасында, өңірлер арасында қайшылықтар бар. Кландық топтар әбден күшейді.
Сондықтан, менің ойымша, Назарбаев өзі кеткенше күшті тұлғаларды әзірлемесе бізді жаппай анархия күтіп тұр. Билікке кім келсе де ұзақ отыра алмайды, оны оппозиция ғана емес, жанында жүрген бәсекелестері де тағынан аударып түсіреді. Руаралық тартыс қатты күшейеді. Меніңше бұл жағдай жеті жылға дейін созылады.
Бірақ қалай болғанда да, қазір қолымызда бар аз-маз сөз бостандығы, саяси бостандық шамамен жеті жылдан кейін билікке дені дұрыс, күшті саясаткер келген кезде шын мәнінде орныға бастайды. Сол кезде ғана еліміз басқа жолға түседі.
Елдегі жағдай туралы аз жазғаным жоқ. Өкініштісі, менің болжамдарының 90 пайызға жуығы іске асып жатыр. Бұл - өте қауіпті. Қауіптенетін тек біз ғана емес, Назарбаевтан кейін не болады деп жүрген биліктің маңайындағы азаматтарды да білемін. Бұл сұраққа ешкім, тіпті Назарбаев та жауап бере алмайды.
Егер ол ең болмағанда соңғы екі-үш жыл ішінде күшті тұлғалардың көрінуіне жол ашса, мейлі билікте болсын, мейлі оппозицияда болсын, Қазақстан бұл тығырықтан шығады.
Жүргізуші:
– Құрметті қатысушылар, осымен Азаттық радиосы өзінің бүгінгі дөңгелек үстелін аяқтайды. Пікірталасқа қатысқандарыңызға редакция атынан алғыс айтамын. Сау болыңыздар.