Наурыздың 9-ы күні бір топ шоу-бизнес өкілі елдегі жастарды алда келе жатқан президенттік сайлауда белсенділік танытып, дауыс беруге шақырды. Олардың айтуынша, президенттікке ұсынылып отырған кандидаттардың арасында «лайықтылар көп».
«САЯСАТТАН ТЫСҚАРЫМЫЗ»
- Өз басым елде болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарай алмаймын. Құдайға шүкір, бізде бәрі жақсы. Бейбіт өмір. Бізде керемет елбасы бар. Бұл менің жеке азаматтық позициям екенін жасырмаймын. Осы залда отырғандар, жалпы Қазақстан азаматтары сәуірдің 3-і болатын оқиғаға немқұрайлы қарамауы тиіс деп есептеймін. Меніңше, әрбір азамат келіп, өзінің президентін таңдауы тиіс, - деді Баян Есентаева сәрсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында.
Саяси шараға қатысуға шақырған өнер адамдары дегенмен жиын барысында өздерінің саясаттан тысқары екендіктерін үнемі еске салып отырды. Қазіргі таңда интернетте жалғасып жатқан «сайлауға байкот жариялау» акциясы туралы естігенде әнші Медеу Арынбаев «мен оған сенбеймін» деп күдік келтірсе, телерадио жүргізуші Маржан Сұлтанбаева ол мәселелерден хабардар болса да, оны шешу шоу-бизнес өкілдерінің қолында еместігін айтты.
- Кандидаттарға тиісінше уақыт беріліп жатқан жоқ. Мұның барлығынан біз хабардармыз. Кімнің қалай емтиханнан өтіп жатқанын, президенттікке өзінің кандидатурасын ұсынған жандардың алғашқы қадамдарын, тіпті Амантай қажының емтиханға не себепті бармай қалғанын біз ғаламтор арқылы күн сайын біліп отырмыз. Бізді мүлде бейхабар деп ойламаңыздар. Бірақ бұл мәселелерді шешу біздің құзырымыздағы жайт емес, - деді Маржан Сұлтанбаева.
НҰРЖАН МЕН МЭЛС
Сәрсенбілік жиында шығармашылық өкілдері қазіргі жастардың саясаттан алшақ жүргенін, оларды саяси белсенділікке өздеріне таныс жұлдыздар шақырса, біршама өтімдірек болатынын да айта кетті. Спикерлердің бірі Маржан Сұлтанбаеваның пікірінше, жастардың көбісі тіпті президенттікке үміткерлердің өздерін жөнді танымайды.
- Саясаткерлер арасынан жастар кімді таниды? Сіз айтыңызшы, Мэлс Елеусізовті көрсе, тани ма? Оның қасында жастар арасында Нұржан (Керменбаев, «Арнау» тобының әншісі – ред.) танымал. Солай ғой? - деді Маржан Сұлтанбаева.
Сайлауға қатысты ақпарат құрал өкілдерін жинаған жұлдыздар әйтсе де, журналистер қойған сұрақтардың барлығына түгел жауап бере алған жоқ. Арасында «бізбен саясаттанушылар сияқты сөйлеседі. Біз шығармашылық адамдарымыз» деп ренжігендері де болды.
Осылайша шоу-бизнес өкілдері жастарды сайлауға келуге шақырып жатса, дәл осы күні бірқатар жастар ұйымы сайлаудың заңсыз белгіленгенін алға тартып, оған қатыспайтындықтарын мәлімдеді.
«ҚОҒАМДЫҚ КОМИССИЯ МІНДЕТІН ДҰРЫС АТҚАРСЫН!»
Олар наурыз айының басында құрылған сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның жұмысын сынап, комиссия құрамына кірген қоғамдық тұлғаларға «ертеңін ойлауға» «кеңес берді».
- Комиссия құрамында өте қатты сыйлайтын, өзіміз үлгі тұтатын азаматтар бар. Бұлар Дулат Исабеков пен Смағұл Елубай ағаларымыз. Неге олар мемлекеттік тіл комиссиясына қатысты өздерінің пікірлерін айтпайды? Неге Мырзатай Жолдасбеков бастаған лингвистикалық комиссия қазақша екі сөздің басын құрай алмайтын Ғани Қасымов емтиханнан өткізеді де, қазақша әп-әдемі сөйлейтін Уәлихан Қайсаров емтиханнан құлайды?...Осы тұрғыдан алғанда да республикалық қоғамдық комиссияның айтатын ешқандай ойлары, уәждері жоқ сияқты. Бұл шын мәнінде қазіргі таңда сайлауға демократиялық реңк, халықтық сипат берудің бірден-бір түрі, - деді «Қазақ журналистер клубының» модераторы Жанболат Мамай сәрсенбілік жиында.
«Рух пен тіл» клубының жетекшісі Инга Иманбаева қоғамда демократияға қатысты ұғымдардың мән-мағынасы бұрмаланып бара жатқанын айтады.
- Қазір билік оппозиция деп Әлихан Бәйменовті қолдан шығарады. Азаматтық қоғам дегенде Ерімбетов немесе оның пікірсайыс алаңдары деген ұғымды қалыптастырғысы келеді. Ал негізінде «азаматтық қоғам», «демократия» Ақ орданың сценариі бойынша жасалатын жасанды дүние емес қой. Сондықтан бұл комиссия құрамына кірген Дулат Исабеков болсын, Смағұл Елубай болсын, сол ағаларымызға осыны ескерту ретінде айтқымыз келеді, - деді Инга Иманбаева.
Қоғамға белгілі 13 азамат мүше болып кірген сайлауды бақылау жөніндегі республикалық-қоғамдық комиссия наурыздың басында құрылған болатын. Осыған дейін комиссияның тең төрағасы Нұрлан Ерімбетов комиссия мүшелерінің ешқандай партияны қолдамайтынын, оның тәуелсіз жұмыс атқаратынын мәлімдеген болатын.