Accessibility links

Ресми орындардың қазақша сайтын сынаушылар көп


Қазақстан үкіметі сайтының скриншоты. Көрнекі сурет.
Қазақстан үкіметі сайтының скриншоты. Көрнекі сурет.

Тұтынушылар мемлекеттік органдар вебсайттарының қазақша нұсқаларына разы емес. Ал мәдениет және ақпарат вице-министрі ресми мекемелердің сайттарын бақылап отыратындарын айтады.

Журналист Өміржан Әбдіхалықұлы қызмет талабы бойынша ақпарат іздеп, күн сайын мемлекеттік органдардың ресми сайттарын оқиды. Тілші мұндай сайттардағы қазақ тілінің қолданылу аясына көңілі толмайтынын, көбіне толық ақпаратты орысша жағынан табатынын айтады.

– Қазақша парақшадағы ақпараттар кешігіп жатады. Мысалы, төтенше жағдай министрлігінің сайтындағы шұғыл ақпараттардың бәрі ылғи бірінші орысша шығады, – дейді ол.

Өміржан сияқты қазақтілді журналистердің бірқатарын мемлекеттік сайттардағы қазақша ақпараттың көп жағдайда шалағай, калька болып аударылған түсініксіз тіркестерге толы екені де алаңдатады.

Үш тілде (қазақша, орысша және ағылшынша) жүргізілетін мемлекеттік органдардың ресми сайттарының қазақша нұсқасы ақпараттық мазмұны жағынан орысшасынан кем түсіп жататынын интернет қолданушы Алмас Мұстафа да ескертті.
Қазақша парақшадағы ақпараттар кешігіп жатады.

– Мемлекеттік органның сайты болған соң онда жаңалықтар, жариялаған байқаулар – бәрі болуы міндетті. Бірақ, мысалы, мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтына қазақша ақпарат алу үшін кірсең, әрқашан бос тұрады, – дейді Алмас Мұстафа.

Мұндай кемшіліктерді мемлекеттік органдардың сайттарын шолған Азаттық тілшісі де байқады. Мысалы, қыркүйектің 20-сы күні ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) сайтының орысша жағында 17 қыркүйек күнгі, ал қазақша жағында 12 қыркүйек күнгі жаңалық тұрды. Мұның себебін білмек болып ҰҚК-ге хабарласқанымызбен жауап ала алмадық.

«ҚАЗАҚШАСЫНЫҢ САПАСЫН ТЕКСЕРЕТІН ЗАҢ ЖОҚ»

Заңгер Абзал Құспанның айтуынша, Қазақстан заңдарында мемлекеттік органдардың сайттарына байланысты тікелей норма жоқ. Бірақ бұл мәселе Қазақстанның тіл туралы, тұтынушылар құқығын қорғау туралы және тағы басқа заңдарымен реттеледі. Оның сөзінше, мемлекеттік органдардың сайттары арыз-
Заңгер Абзал Құспан. Алматы, 10 қыркүйек 2013 жыл.
Заңгер Абзал Құспан. Алматы, 10 қыркүйек 2013 жыл.
шағым, өтініш қабылдау сияқты қызметтер атқарғандықтан тұтынушылар туралы заңға қатысы бар.

– Осы тұрғыдан келгенде жалпы заңдылықтар сақталады. Мысалы, мемлекеттік органдардың сайттарында қолданушы қай тілде жазса, сол тілде жауаптарын алып жатыр, – дейді ол.

Заңгердің айтуынша, «мемлекеттік органдар бұл талапты орындайды – бірақ қолданыстағы заңдарда мемлекеттік тілде қызмет көрсетудің сапасына қатысты талаптар жоқ болғандықтан сайттардың қазақша нұсқасы орысшасының көшірмесі деңгейінде қалған».

– Қазақшасы – заңды айналып өту үшін ғана жасалып отырған нәрсе. Себебі заңда «қызметті қазақ тілінде көрсетуі тиіс» деген талап бар. Ал сапасын тексеретін, талап ететін бірде-бір заңдық тетік жоқ. Басқа-басқа, бас прокуратураның сайтына кірсеңіз, қазақша нұсқасында қатеден көз сүрінеді. Қазақстан заңдарының орындалуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын органның сайтының өзі осындай, – дейді Абзал Құспан.

«ҚАРЖЫ МЕН ҚЫЗМЕТКЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ»

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаевтың айтуынша, министрлікке қарасты ақпарат және мұрағат комитеті мемлекеттік органдардың
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев. Алматы, 19 қыркүйек 2013 жыл.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев. Алматы, 19 қыркүйек 2013 жыл.
сайттарына тұрақты түрде талдап, ұсыныс деңгейінде ескерту жіберіп отырады.

– Қолымыздан келгенше мемлекеттік сайттардың администраторларына, редакторларына түзету туралы хабарламалар жібереміз. Негізінен барлық органдар орындайды. Мәселе – оның жылдамдығында. Кейбірінде қаржы-қаражаттары көбірек, олар тезірек орындайды. Кейбір қызметкерлер шынында да кей нәрселерді білмей жатады. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Мемлекеттік органдардың сайттарын жасауға бюджеттен қанша теңге жұмсалғаны туралы дерек алу мүмкін болмады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметі бойынша, қазақстандық сайттардың 12 пайызы ғана қазақ тілінде ақпарат таратады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG