Accessibility links

Маңғыстаудағы ереуілді сөз еткен оппозиция өкілдері қамаудағыларды босатуды талап етті


Жармахан Тұяқбай, "Азат" ЖСДП төрағасы. Алматы, 18 тамыз 2011 жыл
Жармахан Тұяқбай, "Азат" ЖСДП төрағасы. Алматы, 18 тамыз 2011 жыл

Оппозиция белсенділері «Халық майданы» қозғалысы мүшесі Жанболат Мамайды босатуды, түрмеде отырған заңгер Наталья Соколова мен шартты жаза алған Ақжанат Әминовтың ісін қайта қарауды талап етті.


Тамыздың 18-і күні Алматыда өткен жиында «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Жармахан Тұяқбай биліктің мұнайшылар мәселесін шешіп берудің орнына оларға күш қолданып, «әлеуметтік араздық қоздырды» деген сияқты әлемдік тәжірибеде кездеспейтін күштеу әдістерін қолданып жатқанын сынады.

«СОВЕТ КЕЗІМЕН ЖЫЛАП КӨРІСЕТІН БОЛДЫҚ»

Қазақстанда ой-пікірін ашық айтқан азаматтардың жаппай жауапқа тартылып жатқанын айтқан қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов «совет кезімен жылап көрісетін болдық» деді.
Мұхтар Шаханов, ақын, қоғам белсендісі. Алматы, 18 тамыз 2011 жыл.

– Ол кезде көшеге шығып та өзіміздің ойымызды айта беруші едік. Мына Желтоқсан көтерілісі кезінде жұрттың бәрі көшеге шығып, өздерінің ойларын айтты. Ал енді қазір көшеге шықсаң, жауапқа тартыласың, – дейді Мұхтар Шаханов тамыздың 18-і күнгі баспасөз мәслихатында.

Батыс Қазақстанда ереуілдеп жатқан мұнайшылардың қиын жағдайда қалғанын айтқан ол «бұл мәселені аяғына дейін апаруымыз керек» деді.


БИЛІКТІҢ ҚОРҚЫНЫШЫ

Тіркелмеген «Алға» партиясының мүшесі Болат Атабаев Қазақстанның батыс өңірінде болып жатқан «қуғындауларды» 1937 жылғы репрессияға теңеді. Оның пікірінше, билік Жанболат Мамайды өзгелерге «сабақ болу үшін» қамап отыр. «Бірақ соған қарамастан күресті әрі де жалғастыра береміз» деді ол.

– Билік еркін ойлайтындардан, тәуелсіз, көзі ашық азаматтардан қорқады. Олар Жаңаөзен, Ақтаудағы ереуілшілермен кездесуге барған азаматтарды осылайша қорқытамыз деп ойлап отыр. Біз қорықпаймыз. Бәрібір мұнайшыларды қолдап, бара береміз, – дейді Болат Атабаев.
Мамай Бекхожиев, Жанболат мамайдың әкесі. Алматы, 18 тамыз 2011 жыл

Еңбек дауының үш айдан артық созылуы мүмкін еместігін айтқан ол «соған қарағанда әлеуметтік жанжал билікте отырған кейбір саяси күштерге тиімді болуы мүмкін» дейді.

Бейсенбілік жиынға Жанболат Мамайдың әкесі Мамай Бекхожиев та келді. Баласы қамалған әке «шындықты айтқан үшін қамап тастау ешқандай заңға сыймайтынын» айтты.

– Неге шындықты айтқаны үшін қамап, қорлайды? Қашанғы отырамыз осылай? Кеудемізде жанымыз бар, намысымыз бар қазақ деген ұлтпыз – неге төзе береміз? – деді Мамай Бекхожиев.

«ҰЖЫМДЫҚ КЕЛІСІМ-ШАРТ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРГЕ ТИІМСІЗ»

Маңғыстау облысында бірнеше ай болып, жүздеген мұнайшыға құқықтық көмек көрсеткенін айтқан заңгер Жиынбек Рәбілұлы жергілікті полицияның сәт сайын тексеріп, аңдып, әуре-сарсаңға салғанын айтты.

– Артымыздан үнемі адамдар еріп жүрді. Түнгі сағат 12-де үйді тоқылдатқан кездер болды. Сондағы жігіттер «қонақ үйге жатуға болмайды, себебі қауіпті» дейді. Содан пәтер жалдап, осы 26 күннің ішінде төрт пәтер ауыстырдым, – дейді Жиынбек Рәбілұлы.

Оның айтуынша, Маңғыстаудағы мәселе жұмыс берушілерге тиімсіз болатындықтан шешілмей отыр. Сондықтан жұмыс беруші жақ «ұжымдық келісім-шартқа отырмай отыр» (ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін жұмысшы мен жұмыс беруші ұжымдар арасындағы жазбаша түрдегі құқықтық актіге қол қоймай отыр – Азаттық) дейді ол.
Жиынбек Рәбілұлы, заңгер. Алматы, 18 тамыз 2011 жыл

– Жұмыс берушілер отырғысы келмесе, жұмысшылар «отырайық» дейді. Неге отырудан қашады? Себебі отырса – қосымша ақша жоғалады. Еңбекақыға төлеу керек. Әлеуметтік мәселесіне, ауырғанына-сырқағанына төлегісі келмей ме. Содан қашады, – дейді Жиынбек Рәбілұлы.

Шамамен бір сағатқа созылған жиында журналистердің бірі «Жанболат Мамай Әблязовтың ақшасына Ақтауға барып, сол үшін жұмыс істеп жатыр» деген пікірге қалай қарайсыздар?» деген сұрақ қойған еді.
Бұл саяси режимді өзгерту үшін шайтанмен де ауыз жаласуға бармын.

– Онда тұрған не бар? Иә, Әблязов оппозицияны 2000 жылдан бері қаржыландырып келеді. Егер ол жұрт жазып жатқандай ұры болса, онда ақшаны толығымен қайтарғаны. Әблязовты қолдаймын, қаржыландыра берсін. Бұл саяси режимді өзгерту үшін шайтанмен де ауыз жаласуға бармын, – дейді Болат Атабаев.

«Халық майданы» қозғалысының мүшесі Жанболат Мамайды Ақтау полициясы ұстап, тамыздың 17-сі күні әкімшілік соттың шешімімен 10 тәулікке қамаған. Оған «полицияға қарсылық көрсетті» деген айып тағылып отыр.

Мамыр айынан бері жалғасып келе жатқан Маңғыстаудағы мұнайшылар ереуіліне тамыздың 17-сі күні тура 3 ай болды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG