Accessibility links

Сақып Жаңабаева: Мені оппозиционер қылған кері кеткен биліктің өзі


Жұмысшылар қозғалысының жетекшісі Сақып Жаңабаева. Аламты, 6наурыз, 2009 жыл
Жұмысшылар қозғалысының жетекшісі Сақып Жаңабаева. Аламты, 6наурыз, 2009 жыл

Сақып Ғалиқызы қоғамдық-саяси өмірдегі белсенді әйелдердің бірі. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Азаттық тілшілері Жұмысшылар қозғалысының жетекшісі Сақып Жаңабаевамен сұхбаттасқан еді.

Алматыдағы билікке қарсы немесе басқа да қоғамдық, әлеуметтік және саяси партиялар өткізетін шерулер мен митингілерден Сақып Жаңабаеваны жиі көруге болады. Ол мұндай жиындарда жұрттың жанын жегідей жеп жатқан өзекті мәселелерді ашық мінберлерден ашына айтып, қаймана елдің қайғы - мұңын биліктің ұшар басындағы ұлықтардың құлағына жеткізуге тырысып жүрген жандардың бірі.

Сырт қарағанда, 62 жастағы шүйкедей қарапайым ана Сақып Ғалиқызының бүгінгі қоғамдық-саяси және ұлттық мәселелер жөнінде айтар ойы атан түйеге жүк болғандай.

Біз ең әуелі Сахиб Жаңабаевадан қоғамдық-саяси өмірге бел шешіп кірісуіне не себеп болғанын сұрадық.

— Білесіз бе, қазір ер азаматтарға ұлттың сөзін сөйлеп, оппозиционер болып, саяси күреске шығу өте қауіпті. Егер ол қауіпті болмаса, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Заманбек Нұрқаділовтер бүгінде тірі жүрер еді ғой. Олардың өліміне билік кінәлі екеніне өз басым сенімдімін. Мұның бәрі бүгінгі Қазақстандағы саяси биліктің ауыспай, өзгермей отыруынан.

Совет өкіметі кезіндегі халықты алдаған, екіжүзді коммунистер бүгін Тәуелсіз елді басқарып отыр. Олар кезінде бізді коммунизмге апарамыз деп ұрандатқан еді, енді капитализмге апарамыз деп ұрандатып жатыр. Олар тек бет-пердесін өзгертті. Бар болғаны сол.

Ал, шындығында, бізде криминалды капитализм. Мен өз ұлтымды сүйем. Бірақ қазақты бүгінгі билік барынша кемсітіп отыр. Ер азаматтардың тағдыры әлгіндей болған соң, биліктің түрі жоғарыдағыдай болса, қалай қоғамдық-саяси өмірге қалай араласпауға болады. Өз ұлтының мұңын, қиындығын бөлісу, онымен бірге болу әр адамның міндеті деп ойлаймын.

Мен негізі, қоғамдық шаруаларға 1996 жылы араластым десем болады. Сол жылы мен 24 жыл қызмет еткен экономикалық ғылыми зерттеулер институтын жекешелендіретін болды. Міне, осы кезден бастап мен қоғамдық-саяси жұмыстарға кеттім. Жұмысшылар қозғалысының жетекшілері басында ер-азаматтар болды. Қазір мен жетекшілік етіп келем. Негізі аты Жұмысшылар қозғалысы болғаны болмаса, қозғалыс мүшелерінің барлығы ғылымның адамдары. Бәрі ғалымдар,-дейді Сақып Ғалиқызы.


Сақып Жаңабаеваның әкесі Ғали ұлтшылдығы үшін қуғын көрген және үнемі НКВД ның бақылауына болған адам екен. Бір кіндіктен тараған 12 балаға да ата-анасы қатал болған көрінеді.

- Ол кісілер өмірде қуғында жүріп, көп қиындық көргендіктен балаларына бір айтқанын екінші қайталамайтын. Қатал еді. Бәрімізді «Қайда барсаң да, қай жерде жүрсең де қазақтың атына кір келітуші болмаңдар. Егер зиян келтіретін іске қадам басқалы тұрсаң табан астында бас тарт. Өз ұлттарыңның атына кір келтірсеңдер, бізді ренжіткендердің» деп құлағымызға қйып өсірді,- дейді Сақып Жаңабаева.

Сөйтіп, мектеп бітірер кезде, Мәскеу мемлекеттік университетіне түскім келеді деген арманын айтқан Сақыптың көңілін ауылдастары «оған тек кілең беске оқығандар болмаса, сен түсе алмайсың » деп су сепкендей басқан екен.

Бірақ, ММУ-не қайтсемде түсем деген Сақып ауылдастарына уәде береді. Ақыры Қарағанды облысына қарасты Қайрақты ауылынан мектепті беске бітірген екі қыз Людмила Мышева, Людмила Граматчиковамен бірге Сақып та аттанады. Сөйтіп, күні-түні кітаптан бас көтермей дайындалып, ММУ- не түсіп, өз уәдесін орындайды.

Ал беске оқыған екі қыз ММУ не түсе алмай ауылға қайтқан екен. Сақып Ғалиқызының әңгімесіне қарағанда, әке-шешесі Мәскеуде оқуына қарсы болған екен. Қызының алған бетінен қайтпасын білген анасы «Егер оқуға түсе алмасаң, қайтып оралушы болма» деп қатты ренжіген екен.

Оқуға түскен кезде үйден ақша да алмай, оқи жүріп, үш жерде жұмыс істеген Сақып Ғалиқызы ММУін бітіріп, жолдама бойынша, Рига, Ленинград қалаларына барудан бас тартып, тек Қазақстанның солтүстік облыстарына барамын деп, табандап тұрып алған. Ақыры оны Алматыға жібереді. Алматыдағы әңгімесін Сақып Жаңабава былай сабақтады:

— Алматыға келген кезде мені керемет күтіп алды. Мен «қазақ кадрларын керемет қабылдайды екен» ғой деп ойладым. Сөйтіп, бір айдан кейін институттың басшысына кіріп, мені шақыртқан кезде уәде етілген үйді қашан бересіздер десем, анау кісі «Сен, Қарағандыға, еліңе қайт. Біз сені Орталық комитеттегі бір адамның туысқаны екен деп ойлағанбыз. Сөйтсек, шатасыппыз" дейді.
Осылайша мен алғаш рет қазақтардың рушылдығын көрдім. Мен ешқайда кетпейтінімді айтып, ақыры қалдым. Сөйтіп, экономика институтында табаны күректей 24 жыл қызмет еттім. Мәскеуге барып, кандитаттық қорғап келдім,-дейді ол.

Әңіменің ауаны тағы да ұлт тақырыбына ойысқан кезде, Сақып Жаңабаева әуелі қазақ жастарының жел өтіндегі ағаштай қамқорлықсыз, елеусіз қалып бара жатқанынан бастады.

— Мемлекетте жастар саясаты әлі күнге дейін жоқ. Қазақ жастары үйсіз-күйсіз қаңғып жүр. Олар еңбегін, жігер-күшін ұлтының, мемлекетінің болашағына арнайтын кезеңде әлеуметтік қиындықпен күресіп, қоғамның ең ауыр қабатында қиналып қалды.

Менің есебім бойынша, Қазақстанда 4 млн. ға жуық қазақтың мүлдем жағдай ауыр. Тіпті олар болашақтан күдер үзген десе де болады. Қаншама жастар маскүнемдікке, нашақорлыққа салынып кетті. Оған алаңдап отырған билік жоқ. Өйткені, бәрі биліктің қолында. Бүкіл БАҚ да билікке бағынышты. Телевизордан Үкімет басшылары күнде сөйлеп жатады. Мысалы, бүгін Президент кезекті жолдауын жасады. Білесіз бе, олардың сөзінің бәрі жалған. Айтатындары бәрі жақсы, бәрін жасаймыз. Ал іс жүзінде ешнәрсе жоқ.

Адам баласының негізгі міндеті ұрпақтың қамы. Ұрпақ үшін күресу. Ұрпақ үшін болған күрес ұлт үшін болған күрес. Егер ұрпақтың ұлттық болмысын бұзбай сақтап қалсақ, біз қазақты сақтап қаламыз. Шынымды айтсам, қазіргі билік ұрпақты, жас буынды адастырып барады. Мысалы, қазақ жастарының көпшілігі мемлекеттік қызметке, құқық қорғау орындарына қызметке орналасқанды қалайды. Сөйтеді де, биліктің қолбаласына айналып шығады. Ал билік қазаққа қарсы жұмыс істеп отырғанын сөзімнің басында айттым.

Негізі қазақ халқының қаны таза, рухы күшті халық. Қазақтың санасы, миы нақты ғылымға өте бейім. Бәлен жылғы саясат қазір бізді көп сөйлейтін, ешнәрсеге қыры жоқ халық етіп шығарды.

Менің әкем 12 баласын да техникалық және нақты ғылым саласының мамандығына берді. Өйткені, ол кісі гумантарлық ғылымды жек көретін. Тіпті, «Тарихты билікке кім келсе, сол жасайды. Сондықтан тарихтың көп беті шындыққа жанаспайды» деп отыратын.

Осылай деп, ұлт ұрпағының ертеңіне алаңдаған Сақып Ғалиқызы кезінде митингіге шығып, ашына айтқан сөздерінен кейін биліктің бүкіл ұжымның пәтер мәселесін шешіп бергенін де жырдай ғып айтып берді.

Сақып Жаңабаева "түптеп келгенде мені оппозиционер еткен биліктің өзі" дейді. Сұхбатымыздың көмбесіне келген тұста Сақып Ғалиқызы халықаралық әйелдер мерекесіне байланысты өзінің тілегін айтты.

— Барлық әйелдерді мерекелерімен құттықтаймын. Олар жақсы өмірге, жақсы дүниелерге лайық деп ойлаймын. Қазақстан қандай да бір жетістікке жетер болса, ол үшін ең алдымен аналарға, әйелдерге қарыздар. Сондай-ақ, «Шаңырақтағы» өз үйлері үшін күрескен жігіттердің отбасындағы жарларын, қыздарын, аналарын бөлекше атай отырып, құттықтаймын. Сонымен қатар, Ауғаныстандағы соғыста қаза болған азаматтардың рухының алдында бас ие отырып, барлықтарыңызға бейбіт өмір мен жақсылықтар тілеймін.
XS
SM
MD
LG