Accessibility links

Қазақстанның балалар үйлеріндегі жағдай «жантүршігерлік» дейді сарапшылар


Анасы ұлының мектеп-интернатта нәпсілік зорлық көргенін айтады. Ақтөбе облысы, 20 қазан 2010 жыл.
Анасы ұлының мектеп-интернатта нәпсілік зорлық көргенін айтады. Ақтөбе облысы, 20 қазан 2010 жыл.

Мемлекеттік интернат мекемелеріндегі балаларға қатысты зорлық-зомбылықты зерттеудің қорытындысы осындай болды.


Астанада 27 мамыр күні жария болған бұл есеп Қазақстандағы БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) мен Адам құқықтары жөніндегі Өкілетті ұйым арасындағы ынтымақтастық меморандумы аясында дайындалды. Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры өкілінің орынбасары Радослав Жекахтың пікірінше, мемлекеттік интернаттарда тәрбиеленетін әрбір екінші балаға зорлық-зомбылық жасалады немесе дене мүшесіне зақым келтіріледі.

- Бірқатар мекемелерде балаларға қатысты қатыгездікті тәрбие деп түсіндіреді, мысалы, баланы ас үйге қамап қоюды тәрбие деп қабылдайды. Алайда әрбір баланың қаталдық пен қорқыныш сезімін көрмей өмір сүруге құқы бар, - дейді Радослав Жеках.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ПЕН МЕНСІНБЕУШІЛІК

«Қазақстан интернаттарындағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық: жағдайға баға беру» атты баяндаманы жасаған ЮНИСЕФ-тің халықаралық кеңесшісі, доктор Робин Хаарр өздерінің балалар үйлері, мінез-құлқында ауытқушылықтары бар балаларға арналған ұйымдар - барлығы 30
ЮНИСЕФ-тің халықаралық кеңесшісі Рабин Хаарр. Астана, 27 мамыр 2011 жыл.

мекемедегі 630 қызметкер мен 997 балаға сұрау алған. Зерттеу Қарағанды, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілген.

«Жетім балалар үйіндегі балалардың 26 пайызы, балаларға арналған ұйымдардағы балалардың 35 пайызы, ал мінез-құлқында ауытқушылықтары бар балаларға арналған мекемелердегі балалардың 41 пайызы өздеріне қарайтын қызметкерлердің балаларға қатысты жәбір көрсететіндерін айтты» делінген есеп баяндамасында.

- Қызметкерлер балаларды дәретханаға жібермей қояды, оларға психологиялық немесе физикалық зорлық-зомбылықтар жасайды, немесе шағын бөлмелерге ұзақ уақытқа қамап қояды, тіпті байлап та тастайды, - дейді Робин Хаарр.

Балалар қызметкерлердің сөзбен кемсітетіндерін де жеткізген. Робин Хааррдың пікірінше, осыдан кейін бала өзімен-өзі тұйықталып, көрген құқайы жайында ешкімге шағымданбайтын болады. Осылайша баланы жәбірлеу де, оған баланың шағым айтпауы да біртіндеп әдетке айналады.

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған көптеген балалар мен жасөспірімдер жарақат алып, дене мүшелерінде тыртық, қанталап кетуі ұшырасқан. Балалар мен жетім балаларға арналған ұйымдардағы балалардың көпшілігі өздерін есінен танғанша ұрып-соғатынын жеткізді» делінген есеп баяндамасында.

ИНТЕРНАТТАН ҚАШАТЫН БАЛА ӨЗІН БАҚЫТСЫЗ СЕЗІНЕДІ

Интернаттардан қашу жағдайларына да талдау жасалыпты. Зерттеушілер «балалар арасында интернаттан қашу жағдайлары көбінесе олардың өзге балалардан немесе интернат қызметкерлерінен қорыққандығынан жасалады. Сондай-ақ балалар өзге балаға жасалған жәбірді байқаған кезде
Бөбектер үйінің тәрбиеленушілері. Шымкент қаласы, 26 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

немесе мекемеден шығып кеткісі келген кезде қашады» деген қорытындыға келген.

Сарапшылар балаларға қатысты зорлық-зомбылық эмоционалды көңіл-күй тудырып, баланың өз-өзіне қастандық істеуіне түрткі болады, тіпті кейде өзіне қол жұмсауға дейін апарады деп санайды.

- Балалар үйінен қашқан бала қашпаған баладан гөрі төрт есе көп дене жарақатына ұшырайды. Өзді-өзіне дене жарақатын салған барлық бала өздерін бақытсыз ретінде сезінетіндіктерін айтты. Мұндай жағдайға ұшыраған қыздардың да саны көп. Ондай балалардың ішінде бірнеше рет денесін жаралаған балалар да жеткілікті, - дейді Робин Хаарр.

Баяндамада сонымен қатар балалар үйлерінің тәрбиеленушілерімен болған әңгімелер де келтірілген. Олар әңгіме барысында басқа балалардың немесе интернат қызметкерлері тарапынан жәбір көргендерін айтқан.

Баяндамада бір қыз баланың: «Бүкіл баланың бір ұл баланы қорлаған кезі болды. Жоғары сынып оқушылары бір баланы ақыл-есі дамымай қалған деп ұрып-соғып, жәбір көрсетеді. Олар оны ешнәрсе түсінбейді деп ойлап, киімдерін шешіп алады. Ас үйден нан ұрлауға мәжбүрлейді және тағы сол сияқтыларды істетеді. Ал тәрбиелеушілер де баланы ұлды ақыл-есі дұрыс емес деп санағандықтан, ешқандай шара қолданбайды. Тіпті осындай «қызықтардың» барлығын тамашалап отырады» деп әңгімелеп бергені де келтірілген.

- Бұл кестеде балалар үйіндегі қызметкерлердің 40 пайызы, психоневрологиялық мекемелердегі қызметкерлердің 69 пайызы және арнайы түзету мекемелеріндегі қызметкерлердің 80 пайызы мекемелерінде балаларды жәбірлеуді өз көздерімен көргендерін айтады. Жағдай өте қорқынышты, себебі психоневрологиялық мекемелердегі үш қызметкердің біреуі балалардың бірін-бірі қалай қорқытқанына куә болған, - дейді Робин Хаарр.

Сарапшылар балалардың 11-22 пайызы жәбірлеу мен менсінбеушілікке қатысты өздерінің көрген-білгендерін, сондай-ақ балалар үйінен қашқан оқиғалары мен дене жарақатын салу жайын толық айтпағанына сенімді.

Зерттеудің мәліметтері бойынша, интернат директорларының көпшілігі сұхбат алу барысында мекемелеріндегі балаларға қатысты зорлық-зомбылық шараларының бар екендігін жоққа шығарған. Робин Хааррдың пікірі бойынша, бұл директорлардың өз мекемесінде болып жатқан оқиғалардан хабарсыз екендігін көрсетеді. Халықаралық кеңесші:

- Директорлардың тек 37 пайызы ғана балаларға жасалатын зорлық-зомбылық фактісін тіркеп отыратынын жеткізді, - дейді.

МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕ ҰСТАНЫМЫ

Білім және ғылым министрлігінің бала құқықтарын қорғау комитетінің өкілі Раиса Шерге халықаралық сарапшылардың есебі ұнамады. Оның сөзінше, Қазақстан интернаттарындағы жағдай соншалықты алаңдайтындай емес. Раиса Шер зерттеуге тек жабық 30 мекемедегі балалар ғана тартылғанын және аталған баяндама «балаларды құрту»
Білім және ғылым министрлігінің бала құқықтарын қорғау комитетінің өкілі Раиса Шер. Алматы, 20 мамыр 2010 жыл.

жайын ғана сөз қылатынын атап өтті. Оның пікірінше, жағдай мүлдем басқаша.

Бірақ Раиса Шер Қазақстанда тәрбиелеудің балама жолдарын дамыту керектігін мойындады. Ол сондай-ақ республикада қамқор отбасылардың да бар екендігін, балаларға қамқорлық жасау жұмыстарының басталып кеткендігін, отбасы типіндегі білім беру ұйымдары мен отбасы типіндегі балалар ауылының бар екендігін де айтып кетті.

Балалар құқын қорғау жөніндегі комитеттің мәліметтері бойынша, бүгіндері республикада 210 интернатта 14 мыңнан аса жетім бала тұрып жатыр. Раиса Шер олардың 2 мыңнан астамының әке-шешесі жоқ тұл жетім екендігін, қалғандарының ата-аналары тастап кеткен әлеуметтік жетімдер екендігін жеткізді.

- Бұл балалар балалар үйіне түскенге дейін-ақ моральдық және физикалық немесе өзге де тұрғыда жәбір көріп келген. Біз екі жыл бойына ЮНИСЕФ-пен бірігіп осындай зерттеу жүргізіп келеміз. Бұл біз үшін жаңалық емес. Есепте келтірілген жайттарды ерекше назар аударуды қажет етеді және барлық мемлекеттік интернаттардағы балаларға жасалатын зорлық-зомбылық жасау оқиғаларына белгілі бір деңгейде баға беруге мүмкіндік тудырады, - дейді Раиса Шер.

Комитет қызметкері балаларға зорлық-зомбылық оқиғалары көп жағдайда жасырылып қалатынын, ал балалардың оны айтуға қорқатынын мойындайды.

- Жабық мекемелерде тұратын көптеген балалар өздерінің физикалық, интеллектуалдық кемшіліктерінің себебінен қызметкерлер тарапынан болатын физикалық, психологиялық жәбірлеуге немесе менсінбеушілікке көбінесе қарсы тұра алмайды. Ондай балаларға қызметкерлері мұндай мәселелерге назар аударатын әрі барлық жақсы жағдай жасалған және басшылықтың қадағалауы күшті мекемелерде де өзге балалар тарапынан жәбір көрсетіледі, - дейді Бала құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы.

Раиса Шер балалардың тәрбиеленіп мекемеден не себептен қашатынын бұдан екі жыл бұрын болған оқиғаны мысалға келтіріп, түсіндіріп берді.

- Бұдан екі жыл бұрын Алматы облысының Үштөбе ауылындағы балалар үйінде зерттеу жүргізілді. Онда балалардың қамқоршы орындары 14-15 жасқа толған балаларды ата-аналық қамқорлықта болу құқынан айырған. Ол бала жабық мекемеде өмір сүріп үйреніп кете алмаған, қазір ересек болып қалған. Оның ойы, тілегі басқа. Ал туған-туысқандарын немесе таныстарын табудың орнына оларды балалар үйіне жіберген, - дейді Расиа Шер.

БАЛАЛАР ҮЙІНДЕГІ СЕНІМ ТЕЛЕФОНЫ

Бала құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы бұдан басқа жылына екі рет барлық балалар үйін бас прокуратура органдарының тексеріп шығатынын айтты. Сондай-ақ Раиса Шер балалар үйінің тәрбиеленушілері өздерінің құқы бұзылған жағдайда қайда барып шағымданатынын білетінін де жеткізді.

Раиса Шер тәулік бойы жұмыс істейтін тегін телефон желісінің бар екенін айтты. Оның көмегімен балалар өздеріне қатысты жәбір көрсету деректерін айта алады. Ал ең басты мәселе - Қазақстандағы балалар
"Дельфин" жетім балалар үйі. Қостанай тамыз, 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

үйлерінің көпшілігінде телефоннан қоңырау шалу мүмкіндігі жоқ. Комитет төрағасы жуырмаңда бұл мәселенің шешілетінін айтады.

Төрағаның айтуы бойынша, бұдан екі жыл бұрын Бала құқықтарын қорғау жөніндегі комитетке Қарағанды облысындағы жетім баладан хат келген. «Көшпелі комиссия құрылып, дерек нақтыланды» дейді Раиса Шер.

Раиса Шердің айтуынша, тек осы жылы ғана Қазақстанның үш облысындағы 64 интернат үйлеріне тексеру жүргізілген. Осы тексерістің барысында Солтүстік Қазақстан облысында жоғары сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларына жыныстық сипатта жәбір көрсеткені анықталған. «Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр» дейді ол.

- 15 сәуірде мінез-құлқында ауытқушылығы бар балаларға арналған мекемеден кәмелетке толмаған тоғыз бала қашып кеткен еді. Алматы қаласының прокуратурасы мекеменің тәрбиелеушілері тарапынан кінә жоқтығын анықтады. Дегенмен, балалар қашып кеткендіктен ол мекемеде бір нәрсенің дұрыс еместігі көрініп тұр, - дейді Раиса Шер.

Келтірілген есеп баяндаманың қорытындысы бойынша халықаралық сарапшылар қалыптасқан жағдайды өзгертуге қатысты ұсыныстар жасалды.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG