Accessibility links

Зейнетақы туралы заң жобасы президентке қол қоюға жіберілді


Зейнетақы реформасына қарсылық акциясына қатысушылар. Алматы, 27 сәуір 2013 жыл. Көрнекі сурет.
Зейнетақы реформасына қарсылық акциясына қатысушылар. Алматы, 27 сәуір 2013 жыл. Көрнекі сурет.

Маусымның 12-сі күні Қазақстан парламенті президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескертпелерімен келісіп, «зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын қайта қабылдады.

Қазақстан парламентінің мәжілісі президенттің айтқан ескертпелері енгізілген зейнетақы туралы заң жобасына қайта дауыс берді. Бірауыздан қабылданған заң жобасы президенттің қол қоюына жіберілді.

Реформа әйелдердің зейнетке шығу жасын біртіндеп ұлғайтуды және мемлекеттік біртұтас зейнетақы қорын құруды көздейді. Үкімет ұсынған бұл өзгерістерді парламент мамырдың 23-і күні мақұлдаған. Алайда өткен аптаның аяғында президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасын қайта қарау үшін парламентке қайтарып, әйелдердің зейнет жасын 2014 жылдан емес, 2018 жылдан бастап ұлғайтуды ұсынды.

Президент кері қайтарған заң жобасын парламент қайта қарар алдында Қазақстанның зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар Әлібаев Азаттыққа зейнетақы реформасының негізгі жаңалықтары жайлы сұхбат берген еді.

Азаттық: – «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңды қабылдаудың экономикалық қажеттілігі бар ма?

Айдар Әлібаев: – Қазір зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңға өзгеріс енгізудің экономикалық еш қажеттілігі жоқ. Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың парламент депутаттарын қорқытқанындай, қолданыстағы заңнан бюджетке еш салмақ түсіп жатқан жоқ. Ол айтқан 19,5 миллиард долларға тең иықтан басатын жүк жоқ.

Мұншалықты түсініксіз түрде әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайтуға асығудың да қажеті жоқ. Барлық зейнетақы қорларының бірігуіне де еш экономикалық қажеттілік жоқ. Бәсекелі нарықты жойып, монополист жасауға да еш мұқтаждық жоқ. Әйтпесе қызмет бағасы қымбаттап, ал бірыңғай зейнетақы қорының сапасы нашарлап кетеді. Нарық жойылып кетеді.

Азаттық: – Онда бұл өзгерістердің пайда болуының себебі неде?

Айдар Әлібаев: – Кейбір шенеуніктер зейнетақы активтеріне қол жеткізгісі келеді. 15 жыл ішінде зейнетақы қорларында жиналған 21 миллиард доллар –
Айдар Әлібаев. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
Айдар Әлібаев. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
кейбір шенеуніктер үшін «жіліктің майлы басы». Олар бұл ақшаны пайдаланғысы келеді.

Бірақ олардың бұл қаржыны игеруі тиімсіз болады. Бұл ақшаны қалай жұмсап, қандай бағалы қағаздарға салып жатқанынан хабарсыз қаламыз. Бірыңғай зейнетақы қоры ашық болмайды. Мұндай жағдайда қаржыны мақсатсыз жұмсау, талан-тараж ету қаупі мол.

Азаттық: – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың заң жобасына қатысты ескертпелерінен айтарлықтай не өзгереді?

Айдар Әлібаев: – Президенттің ұсыныстарынан бірқатар жағымды жайттарды көріп отырмын. Біріншісі, жүкті әйелдердің 10 пайыздық зейнетақылық салымын сақтау. Әзірге қандай жолмен екені белгісіз, бірақ оларды қорғап қалу идеясының өзі жақсы.

Екіншісі, ауыр өндірісте еңбек ететіндерге қосымша зейнетақы салымын төлеу. Бірақ бұл жайтты ешкімге зиян келмейтіндей етіп ойластыру қажет.

Үшіншісі, зейнетақы қорының 5 пайызын жұмыс берушінің төлеп тұруы. Бұл да – егде адамдарды қорғайтын жақсы идея. Бірақ оны жұмыс берушіге кері әсерін тигізбейтіндей етіп ойластырған жөн. Әйтпесе олар салық төлемей, қолма-қол ақша беріп, біржола көлеңкелі бизнеске кетіп қалуы мүмкін.

Бірақ зейнет жасын ұлғайту мен зейнетақы қорларын біріктіруге үзілді-кесілді қарсымын.

Азаттық: – Президент Нұрсұлтан Назарбаев әйелдердің зейнет жасын
"Пенсия жасы". Азаттықтың Facebook-тегі досы Жандос Өмірбектің карикатурасы.
"Пенсия жасы". Азаттықтың Facebook-тегі досы Жандос Өмірбектің карикатурасы.
ұлғайтуды 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтата тұруды ұсынды. Яғни ол негізгі өзгерістердің бірін жүзеге асыруды төрт жылға шегеріп отыр. Бұл ұсыныс аталған мәселені қалай шешуі мүмкін?

Айдар Әлібаев: – Бұл ұсыныс мәселені шешпейді. Мәселе 2018 жылға дейін қала тұрады. Бірақ сол кездің өзінде қажетсіз болып қалады. Парламент аралық шешім қабылдауы мүмкін. Бірақ зейнетақы қорларын біріктіру ұсынысы қала беруі ықтимал. Мені бұл заң жобасының осылайша жылдам қаралып жатқаны алаңдатады.

Азаттық: – Парламент бұл заң жобасын қоғамдағы барлық тарап разы болатындай етіп қалай өзгерте алады?

Айдар Әлібаев: – Парламенттің өзі ештеңені жөндей алмайды. Бұл жұмысқа бірнеше ай қажет. Сарапшыларды, зейнетақы қорларының мамандары мен қоғам өкілдерін тарту керек. Депутаттар үлгермейді.

Кеше ғана президент заң жобасын қайтарды. Одан кейін еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрін орнынан алды. Енді, міне, бүгін парламент қайта қарап жатыр. Олар (депутаттар – ред.) ешқандай өзгеріс енгізбейді. Олар тек бір ғана цифрды – 2014-ті 2018-ге ауыстыра салады.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.
XS
SM
MD
LG