2016 жылғы наурыздың 20-сы күніне белгіленген ерте парламент сайлауына түсетін Қазақстандағы алты саяси партия сайлауға бәсекені бастап кетті. Орталық сайлау комиссиясы «Нұр Отан» билік партиясы, билікке жақын «Бірлік», «Ақ жол», «Ауыл» және Қазақстан коммунистік халықтық партиясы (ҚКХП) мен өзін оппозициялық партия санайтын жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) ұсынған кандидаттар тізімін тіркеді.
Ресейлік саясаттанушы Андрей Зубов Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстан парламентаризмі жайлы ойларын айтады.
БИЛІК СОВЕТТІК МҰРА ЫҚПАЛЫНАН ШЫҒА АЛМАЙ ОТЫР
Азаттық: - Қазіргі Қазақстан парламенті неге ұқсайды?
Андрей Зубов: - Мен білетін ақпаратқа қарағанда, бұл - объектілік әрі субъектілік тәсілмен бақыланатын «қалталы» парламент. Кей партиялар сайлауға еркін қатыса алмайды (бұл – объектілік бақылау), ал сайлаушылардың дауысы бұрмалануы мүмкін (субъектілік бақылау).
Бұрынғы СССР территориясында парламентаризмді дамыту және өткеннің құрсауынан құтылу процестері енді ғана басталып келеді. Бұл процестер Грузияда жап-жақсы, ал Украинада қиындықпен жүріп жатыр. СССР құрамына кіргенге дейін парламентаризм тәжірибесі болған Балтық елдерінде бұл процестер сәтті жүріп кетті. Ал қалған елдерде - Армения, Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Орталық Азия елдері мен Қазақстанда парламентаризмді дамытуға көп тосқауыл бар екенін байқап отырмыз. Өйткені бұл елдерді басқарып отырған адамдар советтік авторитарлық жүйеге үйренген. Оларға осылай ыңғайлы, олар өзге әдістерді білмейді.
Парламенттік демократия қоғаммен өте шебер жұмыс істеуді талап етеді. Ал ашықтан ашық өтірік пен зорлық-зомбылық, фальсификация сияқты дөрекі әдістерді қолдану саяси жүйенің нашар жұмыс істеуіне ұласады. Парламентаризм өсіп бара жатқан коррупциямен күресетін құрал болар еді. Көлеңкелі бизнес, халықты тиімді жұмылдырудың жоқтығы – совет заманынан қалған мұның бәрі билікті де, өзге жүйені сынап көрмеген қоғамды да өз құрсауынан шығармай тұр.
Мен - біздің елдерде парламенттік үлгі шынымен іске асқанын қолдайтын адаммын. Бұл іске асқан кезде Қазақстанда қазақ парламентаризміне тән ұлттық сипаттары көріне бастайды. Ал ондай сипаттар кейбір келеңсіз принциптерге қарамастан бар. Мысалы, Қазақстан - көпұлтты қоғам, сондықтан түрлі этникалық топтардың мінез-құлық формалары жағынан бір-бірінен айырмашылығы бар. Бұдан бөлек, қоғамда үш жүзге бөлінетін кландық байланыстар әлі бар. Сондықтан қалғандары сияқты олар да қайта өзгереді.
Азаттық: - Қазір елде кейбіреулер бір партиялық парламентке оралуымыз мүмкін деп болжайды, бұл қаншалықты қауіпті?
Андрей Зубов: - Бірпартиялық парламент – мән-мағынадан жұрдай нәрсе. Оны астың дәмін кіргізе алмайтын тұзға теңеуге болады. Ол нақты өмірге мүлде сәйкес емес, өйткені қоғам болған соң консервативтік және революциялық көзқарастағы адамдар болады. Сондықтан радикалдық және консервативтік партиялар әрқашан болуы тиіс.
Парламент түрлі көзқарастар мен түрлі тәсілдердің таласы туған кезде пайда әкеледі. Қоғам тараптардың уәж-дәйектерін көріп барып, олардың арасынан таңдау жасауы тиіс. Парламенттің тағы бір функциясы – атқарушы билікті бақылау, оның ұрлығына, билігін жеке қамы үшін пайдалануына жол бермейді. Ал атқарушы билік парламентті бақылайды әрі бұл саяси күресте аймақтардағы өзін өзі басқару органдары мен тәуелсіз соттармен күш біріктіреді. Билік тармақтарының осындай бірін-бірі тежеу жүйесі - саяси жүйе мен бәсекенің дұрыс жұмыс атқаруына аса қажет дүние.
Сондықтан бірпартиялық парламент онда отырған біраз адамнан басқа ешкімнің көсегесін көгертпейді - ақыры ешкім сыйламайтын, білмейтін, депутаттардың өздерінен басқа ешкімге қажеті болмай қалатын парламентке айналады. Мұндай парламент қоғамды аздырады.
Азаттық: - Қазақстанда парламент «пікір таластырыратын орынға» айналу үшін не істеу керек?
Андрей Зубов: - Қоғамдық сана өзгеруі тиіс. Қоғамдық сана авторитарлық шешімдер мен басшыға деген көрсоқыр сенімге бейіл советтік сипаттан арылуы тиіс. Қазір постсоветтік елдердің бәрі транзиция жағдайында (өтпелі кезеңде) тұр. Грузия немесе Украина сияқты елдерде ол тереңдеп барады, ал кей елдерде, мысалы оңтүстіктегі көршілеріңізде (Қырғызстаннан өзгесінде) тіпті басталған да жоқ.
Меніңше, мына ұрпақ тұсында қоғам санасынан ілгерілеуді байқай алатын шығармыз. Өйткені экономика нарықтық қатынастарға көшкендіктен, жүйе советтік қалпында қала алмайды. Сондықтан парламентаризм түбі бәрібір жеңеді.
ПАРЛАМЕНТАРИЗМ ПРИНЦИПТЕРІ
Азаттық: - Құрылымы, формасы, жұмыс істеу принциптері жағынан алғанда, Шығыс пен Еуропа парламентаризмінің ортақ тұстары бар ма?
Андрей Зубов: - Ұқсайтын да, ұқсамайтын да тұстары бар. Нағыз парламентаризм немесе «сайлау» деген аты ғана болған Совет Одағындағы сияқты өтірік парламентаризм Шығыста да, Батыста да болуы мүмкін. Соғыс қарсаңындағы Германияда да, Франко тұсындағы Испанияда да өтірік парламентаризм болған. Жалған парламент дегеніміз құр декорация ғана. Ал нағыз парламентаризм дегеніміз - заң шығарушы мекемені іс жүзінде халық сайлайды, яғни адамдар өз таңдауын еркін жасайды, саяси партиялар еркін қалыптасады (олардың қалыптасуына ешкім кедергі жасамайды), еркін саяси бәсекелестік болады. Шығысқа да, Батысқа да тән нағыз парламентаризмнің ортақ белгілері, міне осылар.
Ал парламентаризм белгілі бір қоғамда орныққан құндылықтарға қарай өзгешеленеді. Әр елдің адамға, жалпы саясатқа, үкіметті қалыптастыруға деген өз көзқарасы бар. Шығыс елдерінде, мысалы Үндістанда саяси процесс өте қарқынды жүреді. Бұл елдің қарқынды дамуы үшін өте пайдалы. Сондықтан кастаға, нәсілге, ұлтқа, конфессияға жіктелген қоғамның күрделі құрылымына қарамастан, қарапайым мажоритарлық принципке негізделіп құрылған парламенттік жүйе өте тиімді жұмыс істейді. Мұндай қоғамда сайлау нәтижелерін бұрмалай алмайды. Кезінде Индира Ганди бұрмалауға тырысамын деп биліктен айырылған.
Азаттық: - Парламент пен басшы арасында сөзсіз қақтығыс туатын өзге мысалдар бар ма?
Андрей Зубов: - Жапонияда император биліктің символы болғанымен, билікті либерал-демократиялық партия бермей келеді. Мұны ұжымдық «жуан жұдырық» деп атауға болады. Бірақ ол жақта сайлау мінсіз өтеді, ал оппозицялық құрылымдар билікті жағы түскенше сынайды, бірақ кім басшы болатынын партияның өзі шешеді.
Ал Үндістанда басқа модель қалыптасқан. Ол жақта көпке дейін Үндістан ұлттық конгресінің үстемдігі жүрді әрі ол бір адамның билігіне негізделген бас партия болды. Бірақ Индира Ганди бала тууды шектеп, оған бақылау орнатпақ болған кезде қоғамда толқу басталып, Үндістан парламенті тарихында тұңғыш рет билік оппозициялық партияның қолына өтті. Оппозиционерлер билік басына жиі келетін болғандықтан, сол кезден бастап доминантты-партиялық жүйе жойылды. Жапонияға қарағанда, Үндістан саясатында бір адамның билігі маңызы жоғары, бірақ ол жақта лидерлер нағыз күрес жүргізеді, ал халық - шешуші күш саналады.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.