Павлодардағы жасөспірімдер үйі түлектеріне сыйға берілген төрт бөлмелі пәтерді жаңадан қоныстанған Ислам Қазықов, Ілияс Кенин және Иван Агеев екі аптада өз күштерімен жөндеп шыққан. Олар ортақ достары Эльдар Шолохов әскерден келгенше жөндеу жұмыстарын бітіріп қоюға тырысқан.
ЖАҢА ҚОНЫСТАҒЫ ҚАРБАЛАС
Әскерден оралғанда өзін жайлы пәтер күтіп тұрғанын Эльдар білмеген. Ол әскерден келетін кезге қарай достары құттықтау жасалған баннер жасатып, подъезге іліп қойған.
– Мұндай сый күтіп тұр деп ойлаған жоқпын! Тіпті әлі сене алмай жүрмін. «Енді өз пәтерің болады» деп келген бетте бірден айтты. Бұл әлі менің пәтерім емес. Әрине, кезекте тұрғаныма көп болды, өз баспанам болатын күнді армандаймын. Бұл арманым бір кезде орындалады деп үміттенемін, – дейді Эльдар Шолохов.
Эльдар Шолохов әскерде болған бір жылда баспана мәселесін көп ойлағанын айтады. Оның туыстары да, жеке баспанасы да жоқ. Жасөспірімдер үйінде әлі біраз қалу мүмкіндігі болған. Эльдар күш құрылымдарына жұмыс істесем деп армандайды.
Ал пәтерлес достарының қазірдің өзінде мамандығы бар: Ислам Қазықов – құрылысшы, Ілияс Кенин – мейрамханада аспаз, ал Иван Агеев – машинист-экскаваторшы. Төртеуі де бірнеше жылдан бері баспана кезегінде тұр.
Жаңа қоныс иелеріне жиһаз бен тұрмыстық техника сатып алуға қала тұрғындары мен қаладағы кәсіпорындар көмектескен. Ал пәтерді Павлодар облысындағы шаруашылық қожалығының басшысы Александр Поляков 11 миллион теңгеге (шамамен 33 мың доллар) жетім балаларға арнап сатып алғанын айтады. Ол пәтерді «Жас ұрпақ» жасөспірімдер үйі балансына өткізген. Пәтерде тұратын жігіттер коммуналдық қызмет ақысын өздері төлеуі тиіс. Ілияс, Иван, Ислам және Эльдар мұнда жеке баспана алғанша тұра алады. Жасөспірімдер үйі өкілдерінің айтуынша кейін әлгі пәтерге өзге жетім балалар кіреді.
МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА БОЙЫНША ПӘТЕР КЕЗЕГІ
Жасөспірімдер үйі басшысы Айжан Қойсоймасова «мұнда жұмыс істегелі бұл – жетім балалар тәрбиеленетін мекемеге жылжымайтын мүлік сыйлаған алғашқы оқиға» дейді. Жасөспірімдер 23 жасқа толғаннан кейін жасөспірімдер үйінен кетуі тиіс. Ол кезге қарай түлектердің көбі мемлекеттік бағдарлама бойынша әлеуметтік баспана алуы тиіс, бірақ ондай оқиға жиі болмайды. Жеке меншік пәтері немесе мұраға алған баспанасы жоқ жас қыз-жігіттердің көбінің жасөспірімдер үйінен кеткеннен кейін баратын жері жоқ.
– Олардың бәрі баспана кезегінде тұр. Тоқсан сайын барып кезегін тексеріп тұрады. Аудандарда, Ақсу және Екібастұз қалаларында кезек тезірек жылжиды. Павлодарда сәл баяу, бірақ кейінгі екі жылда кезек тез жылжи бастады. Бізден кеткеннен кейін оларға орын табу өте қиын. Жастарға қолдау, әсіресе мына сияқты үлкен көмек керек. Енді өздері жеке, талай жыл бірге болған достарымен бір отбасы сияқты бірге тұратынын естігенде олар қатты қуанды, – дейді «Жас ұрпақ» жасөспірімдер үйі басшысы Айжан Қойсоймасова.
Көбі балалар үйінен келетін жасөспірімдер үйінде тәрбиеленушілер өз қажетін өздері өтейді. Жасөспірімдер үйінде тұратын студенттерге тамақ ақысын төлеуде жеңілдік жасалады әрі коммуналдық қызмет ақысын төлеуден босатады, ал жұмыс істейтіндер мұның бәрін өздері төлейді. Айжан Қойсоймасованың сөзінше, баспана кезегіндегі қыз-жігіттер жұмыс табуға, ақша жиюға тырысады.
Пәтер кезегі баяу жылжиды. 2010 жылдан бері Павлодарда жасөспірімдер үйінің 56 түлегін ғана баспанамен қамтамасыз еткен. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі өкілдерінің хабарлауынша, биыл 2002-2004 жылдары кезекке тұрған жетім балалар пәтер алған.
– Қазір бізде «жетім балалар» категориясы бойынша 1973 адам тіркеуде тұр. Биыл пайдалануға өткізілген үйлерден жетім балаларға 27 пәтер бөлінді. Жыл аяғында тағы үйлер тапсырылады, сондықтан жетім балаларға тағы 20 шақты пәтер бұйырып қалатын шығар деп үміттеніп отырмыз, – дейді Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығының орынбасары Елена Кускова.
Павлодардағы «Жас ұрпақ» жасөспірімдер үйінде қазір 98 тәрбиеленуші тұрады. Балалардың төртеуінің ғана жеке меншік баспанасы бар, оларды кәмелетке толғаннан кейін пайдалана алады. Жасөспірімдер үйі басшылығы енді қыздарға арнап үшін пәтер сатып алу үшін өзге кәсіпкерлерден көмек сұрамақ.