Accessibility links

Тұрғындар тасқыннан соңғы өтемақыны азырқанады


Көктемгі тасқын салдарынан бүлінген үйдің жанында тұрған адам. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы. 14 маусым 2017 жыл.
Көктемгі тасқын салдарынан бүлінген үйдің жанында тұрған адам. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы. 14 маусым 2017 жыл.

Тасқыннан зардап шеккен Петропавл қаласының тұрғындары өтемақы көлемімен келіспейді. Олар бөлінген қаражат үйлерін толықтай жөндеуге жетпейтінін айтады. Қалада бірде-бір үй апаттық жағдайда тұр деп танылмаған.

Наталья Чорба - көктемде баспанасы су астында қалған Петропавл тұрғындарының бірі. Су кеткеннен кейін оралған ол "үйімді танымай қалдым" дейді. Айтуынша, құрлысшылар баспананы қайта тұрғызуы керек болады. Наталья кез келген кезде үйі қирап, үйіндінің астында қалып қоямын ба деп қорқады

- Су тасқынынан соң үйге келіп, қираған баспанамды көрген сәтте жағдайым нашарлап, қан қысымым көтеріліп кетті, - дейді ол Азаттыққа. Оның айтуынша, әркімнің шығыны әртүрлі. Тұрғындардың кейбірінің үйі кірпіштен, ал тағы бірінің үйі ағаштан жасалған.

- Жақында көршім «біздің үйіміз ағаштан жасалған, біз барлық сазды алып тастадық, ағаштарды кептіріп аламыз, шіріген тақтайларын алып тастаймыз да әрі қарай тұра береміз» дейді. Олардың пештері де бүтін, - деген Наталья өз үйінің саманнан салынғанын айтады.

Ходыкиндар отбасы тасқын салдарынан баспанасынан да, мүлкінен де айрылды. Қазір қариялар таныстарының үйін паналап жүр. Өйткені сыз тартқан үйде тұру мүмкін емес, тек күндіз келіп киімдерін кептіреді. Берілген 700 мың теңге өтемақы шығынның жартысын ғана өтейді дейді олар. Қариялар үйлерін жөндету үшін жұмысшы жалдауға мәжбүр.

- Жұмысшы жалдап оларға да ақы төлейміз. Ал бұл қаржы бізге аз болады, - дейді Ольга Ходыкина.

Оқи отырыңыз: Тасқыннан соңғы тұрмыс

Анатолий Полутеев екінші топтағы мүгедек. Комиссия оның су тасқынынан тартқан шығынын 860 мың теңгеге бағалаған. Дүние мүлкінен айырылған ол белгіленген өтемақы зардаптың жарты құнына да жетпейді дейді. Ол қаражатқа келіскенінен басқа амалы жоқ екенін айтады.

- Төлеген өтемақы құрлысқа жетпей жатыр. Басқа ешқандай көмек жоқ. Бөлінген қаражат аз. Енді өзім ақша тауып, үстінен қоспасам болмайды, бір жерден іздеп қосуым керек. Құрылыс материалдары өте қымбат,-дейді Анатолий Полутеев.

Арнайы құрылған комиссия су басқан 256 үйдің шығынын 96 млн теңгеге бағалаған. Петропавл қаласының бюджетінен су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың шығынын өтеу үшін барлығы 107 млн теңге қаражат бөлінген.

Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Жанар Жанғазинаның айтуынша су тасқынынан кейін зардап шеккендердің шығынын есептеу үшін комиссия құрылған.

- Сәуірдің 27-сінде материалдық шығынды өтеу бойынша комиссия жұмысын бастады. Қандай құжаттар керек, оларды қайда тапсыру қажеттігі тұрғындарға түсіндірілді, - дейді ол. Жанар Жанғазинаның айтуынша, мамырдың 24-інен бастап тұрғындарға өтемақы төлене бастаған.

Ресми дерек бойынша, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша биылғы көктемгі су тасқыны кезінде 17 елдімекенде 380 үйді су басып, оның тоғызы қираған. Ал Петропавл қаласы аумағында 256 үй зардап шекті.

XS
SM
MD
LG