Accessibility links

Мамандар су тасқынының түрлі себептерін айтады


Ақтөбе шетіндегі көшелердің бірінде қайықпен жүрген адамдар. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.
Ақтөбе шетіндегі көшелердің бірінде қайықпен жүрген адамдар. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.

Қазақстанның бірқатар аймақтарында көктемгі қар суы жайылып, тасқын ондаған елді мекенді алып кетті, мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілді. Кейінгі бірнеше жылда қайталанып жатқан табиғат құбылысының себебін Азаттық тілшісі сарапшылардан сұрап көрген еді.

Қазақстанда су тасқыны әбігерінің басталғаны жайлы хабар наурыз айында бір шығып басылып, сәуірдің 11-і Петропавл қаласының шеткі аудандарындағы ондаған үйді қар суы басқаннан кейін жиілей түсті. Сәуірдің 14-і мен 15-і күндері Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе өңірлеріндегі ондаған елді мекенге су жайылғаны хабарланды.

Су тасқынына қатысты мамандар пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:20 0:00
Жүктеп алу

Қазақстанның осы төрт облысында су деңгейінің көтерілуіне байланысты республикалық маңызы бар жолдардың жабылғаны, олардың кейбір бөліктерін су шайып кеткені туралы да ақпараттар тарады. Бұл облыстарда қауіпсіз аймаққа көшірілген адамдар қазір үш мыңнан асты. Елді мекендерден келіп жатқан тасқын туралы деректердегі ортақ жайт – шағын өзендердің тасығаны.

«ЖЫЛ САЙЫН ШЫҒЫНДАЛМАЙ, АУЫЛДЫ КӨШІРСЕ»

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Садовое ауылында тұратын Құрмет Уәжіпұлы «Ауылын осыдан бес күн бұрын басқан судың әлі қайтпағанын, ауыл халқының екіге бөлініп, жартысы тауда түнеп жүргенін» айтты. Оның сөзіне қарағанда, «бейсенбі күні 70 үйден тұратын Садовое ауылын басқан судың деңгейі әзірге 20 сантиметрге ғана төмендеген».

300-ге жуық тұрғыны бұл ауылды көктемгі қар суы 2015 жылы да басып қалған болатын. Билік судан зардап шеккендердің кейбіріне жаңадан үй салып берсе, кейбіріне қаржылай көмек көрсеткен еді. Биыл сол жаңа салынған үйлерді тағы су алып кеткен.

Садовое ауылында 2015 жылы болған тасқын кезінде белуардан су кешіп жүрген тұрғын. Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, 15 cәуір 2015 жыл.
Садовое ауылында 2015 жылы болған тасқын кезінде белуардан су кешіп жүрген тұрғын. Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, 15 cәуір 2015 жыл.

- Қазір ауыл тұрғындарының жартысы малмен бірге тауда жүр. Ал жартысы көрші Гагарин ауылын сағалап жүр. Осыдан екі жыл бұрын су алғанда үкімет миллиондап қаржы бөлген еді. Биыл сол қаржыға салынған үйлерді тағы да су алып кетті. Сол себепті үкімет жыл сайын шығындала бермей, тұтас ауылды көрші Гагаринге (мол маңдағы ауыл - ред. ) көшірсе, – дейді Құрмет Уәжіпұлы.

«ҚАЛЫҢ ЖАУҒАН ҚАР МЕН БІТЕЛГЕН ӨЗЕН АРНАЛАРЫ»

Қазақстандағы «Халықаралық экология» академиясының президенті Мұсағали Дуамбеков «жергілікті жердегі билік өкілдерінің дұрыс жұмыс істемеуі, өзен табандарының бітіп қалуы – су тасқынының басты себебі» дейді.

- Кейінгі кездері біз «ғалам жылып кетті» деп көп айтып жатырмыз. Ал күнделікті жағдайымызға қарасақ, су молайып жатқан сияқты. Себебі, қазір еліміздің жазық аймақтарында да су тасып жатыр. Бұл ауыл шаруашылық саласының дұрыс жұмыс істемеуінің кесірінен. Өйткені бізде көптеген өзен арналары функциясын атқармай отыр. Өзендердің барлығы бітеліп қалған. Табаны қоқысқа толы. Көптеген өзендер қажетті су мөлшерін өткізе алмайды. Сондықтан таулардан кішкене артық су келсе, мөлшерден кішкене артық қар жауса өзеннің ернеуінен шығып, тасқынға айналып жатыр, - дейді эколог.

Ал Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Оразхан Қарлыханов «Су тасқыны табиғаттың өзіне тән құбылыс» деп есептейді.

Су жайылған көшелер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.
Су жайылған көшелер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.

- Қардың, жаңбырдың деңгейі кей жылдары орташа мөлшерден асып кетеді. Мысалы, биыл Қазақстанның барлық облыстарында қар қалың жауды. Биылғы жағдай соған байланысты болып тұрған құбылыс, - дейді су шаруашылығы иститутының өкілі.

Маман «судың тасуына жергілікті жерегі билік өкілдерінің жайбарақаттылығы себеп болып отырғанын да» айтады.

- Қар мөлшері бірнеше жыл төмен болып, су тасқыны болмай қалса, жергілікті билік өкілдері сақтық шараларын мүлдем ұмытып кетеді, енді қайтып су тасқыны болмайтын секілді, - дейді ол.

ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУДАН КӨРУ

Эколог әрі саясаткер Мэлс Елеусізов Қазақстандағы су тасқыны проблемасын климаттың жылынуымен байланыстырады.

Осы жарты градус мұхит суларын буландырып жатыр. Соның әсерінен жауын-шашын (қарды қоса алғанда – ред.) көбейді. Ал Қазақстанда [температура] 0,75 градус көтерілген.

- Жер шары температурасы жарты градусқа көтерілді. Табиғат оны сезіп жатыр. Қазір үлкен мұздар еріп жатыр. Алатау мұздарының 40 пайызы еріп кетті. Осы жарты градус мұхит суларын буландырып жатыр. Соның әсерінен жауын-шашын (қарды қоса алғанда – ред.) көбейді. Ал Қазақстанда [температура] 0,75 градус көтерілген. Бұл (су тасқынын айтады – ред.) жыл сайын көбейе беруі мүмкін, - дейді Елеусізов.

Елеусізов «200 жылда адамзаттың мұнайды көп жаққанын» ескерте келіп, «көмірқышқыл газы бөлінуін азайту керек» деген пікір айтады.

- Қазақстанда көп ағаш отырғызу керек. Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында ғана жарты пайыз жерде орман бар, басқа жерде жоқ. Көмірқышқыл газын жұтатын - сол ағаш. Сосын қоқысты азайтып, өңдеу керек. Қоқыс өзінен-өзі жанады, оның үстіне оларды біз де өртеп жатырмыз, - дейді эколог.

Мэлс Елеусізов.
Мэлс Елеусізов.

Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» президенті Зәуреш Батталованың да пікірі «жаһандық жылыну» төңірегінде болып шықты.

- Су тасқыны қарды күреп, жинамағаннан емес. Мынау жаһандық жылыну біздің табиғатқа да әсер етіп отыр. Осыны ескеріп, судың ағынын қай бағытта жүргізу керек деген мәселені шешу керек. Сосын бұл үшін бюджеттен қанша қаржы бөлу керек деген мәселені ойластыру қажет, – дейді Батталова.

Қазақстандағы төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Ғабдолла Шағыровтың пікіріне қарағанда, тасқындардың себебі - қардың қалың түсуі.

- Қыс күндері алдын ала ескерту жұмыстары жүргізіледі. Ол кезде қардың түсу мөлшерін әуеден алдын ала бақылап, жергілікті билік өкілдеріне ескертеміз. Негізінде жергілікті әкімдер мен ауыл тұрғындары қауіпсіздік шараларын өздері бақылауға алғаны дұрыс, - дейді төтенше жағдайлар комитетінің өкілі.

Қазақстандағы қазіргі тасқынның әбігерін сәуірдің 11-і күні "Қазгимдромет" орталығының гидрологиялық болжаулар бөлімі ескертіп, күрт жылынуы салдарынан Қазақстанда су тасқыны күшейе түсетінін мәлімдеді. Сол күні Петропавл қаласының шеткі аудандарындағы ондаған үйді қар суы алып кетті. Ал сәуірдің 14-і мен 16-сы аралығында Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ондаған елді мекенге су жайылды. Қарағанды өңірінде – 1500-дей адам, Ақтөбе облысында – 1200-ге жуық адам, Солтүстік Қазақстан аймағында 700-ден астам адам, Ақмола облысында да бірнеше жүз тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Келген шығынның мөлшері, қанша үйдің жарамсыз болып қалғаны әлі хабарланған жоқ.

Қазақстанда бірнеше облысты қамтыған мұндай тасқын 2015 жылы да болған еді. Сол тасқыннан кейін билік ондаған үйлерді жаңадан салып, кейбірін жөндеп берген. Алайда сол жылы үйлері мен қора-қопсысы қираған, басқа да шығынға батқан кейбір адамдар әлі күнге өтемақыларын толық ала алмай келеді.

XS
SM
MD
LG