Accessibility links

Үйлерін су басқан мыңға жуық адам көшірілді


Ақтөбедегі су тасқыны
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:52 0:00

ВИДЕО: Ақтөбедегі су тасқыны

Ақтөбеде жүздеген тұрғын үйді су басып, қалада төтенше жағдай жарияланды. Арнасынан асып кеткен Електің суы өзен жағасындағы елді мекендер мен саяжай тұрғындарын әбігерге салды. 898 адам қауіпсіз аумаққа көшірілді. Құтқарушылар Ақтөбедегі тағы бір өзен - Қарғалының да тасуы мүмкін екенін ескертіп жатыр.

ТАСҚЫННЫҢ ЗАРДАП ШЕККЕН ЖҰРТ

Елек өзенін жағалай қонған саяжай ұжымдарының бірі «Рассвет-Лесхоз» деп аталады. Мұнда тасқын сәуірдің 14-іне қараған түні келген.

- Түнгі бірде үйіміз суға кете бастады. Шыға алмай қалып, таңғы сегізге дейін тастай қараңғы жерде отырдық. Таң атқасын көмек келіп, бізді үйден шығарып алды, - деді саяжай тұрғыны Тоты Тоқышова.

Ақтөбеде 579 үй мен ауланы су басты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:23 0:00
Жүктеп алу

Зейнет жасындағы әйел өзімен көрші тұратын қарт кісілер мен төрт баласы бар келіншектің жайына алаңдайды. Тоты Тоқышованың айтуынша, екі күннен бері көршілерінің қалта телефондары өшірулі, бір хабарын біле алмай отыр. Үйінен шығарда тек құжаттарын алып үлгерген әйел дүние-мүлкінің де жайын уайым қылып тұрды. Бірақ Тоқышовтардың су басқан үйіне бара қоятындай қайығы жоқ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Ақтөбедегі су тасқыны (суретті басыңыз)

Азаттық тілшісі сәуірдің 16-сы күні түске дейін Електің жағалауындағы тағы бір елді мекен Кірпіштіге барды. Резеңке қайық мінген Кірпіштінің тұрғындары су ортасында қалған көршілерін өз күштерімен эвакуациялап жатты. Сол маңда тұрған, қолдарында күрек пен шелектері бар көше сыпырушылар тобы өздерін «УК-1» мекемесі жұмысшыларымыз» деп таныстырды. Айтуларынша, басшылары «көмекке баруымыз керек» деген соң, қолдарында бар құралдарын ала келген. Олардан бөлек, Кірпіштіде абыржулы жұртқа көмектесіп бірнеше полиция қызметкері де жүрді. Құтқарушылар көрінбеді.

- Мына тұрған үйден документімізді алуға бізге қайық берген жоқ. ЧС-ке (Төтенше жағдай департаментін айтады – ред.) звондап, қайық сұрасақ «барыңдар да, сатып алыңдар» дейді. Біз қайықты қайдан аламыз? Алдын ала ешкім ештеңені ескерткен жоқ. Сәуірдің 12-сі күні өзен арнасынан шыға бастады. Содан бері қақсап, бәріне звондадым. Ешкім көмекке келген жоқ, - дейді Кірпіштінің «Эко» деп аталатын бөлігіндегі шеткі үйді «баспанам» деп иегімен нұсқаған жас әйел.

Азаттық тілшісінің кей сұрақтарын ашуланып тұрып, жауапсыз қалдырған жас әйел иегімен нұсқаған үйдің тасқын су терезесіне дейін жеткен екен. Зәулім коттеждердің бергі шетіндегі тоқал тамның иесі оны көріп, әлсін-әлсін күрсіне берді.

Ақтөбе көшесінде қайықпен жүрген тұрғындар. 16 сәуір 2017 жыл.
Ақтөбе көшесінде қайықпен жүрген тұрғындар. 16 сәуір 2017 жыл.

Ақтөбеде суға кетіп жатқан негізінен Елек өзені жағалауындағы саяжай ұжымдарына қарасты баспаналар. Алайда «саяжай ұжымы» деген қазір ресми атау ғана. Кейінгі жылдары жұмыс іздеп, ауылдан қалаға қоныс аударушылар саяжайларды «тұрғын үй массивіне» айналдырып жіберген. Қала іргесіндегі бейресми «ықшамаудандар» - қазір мыңдаған адамның мекені. Тұрғындардың көпшілігінің саяжайдағы шағын үйшіктерден басқа барар жер, басар таулары жоқ .

- Осыдан 10 жыл бұрын Әйтеке би ауданынан көшіп келгенбіз. Әрең қол жеткізген үйіміз еді. Жұрт «дачада неге отырады, суға кеткен жерде неге отырады?» дейтін шығар. Қолымыздың жеткені - осы! Тірнектеп жинағанымыздың бәрі су астында қалды, - дейді «Горсетьсвет» саяжай ұжымының тұрғыны Ақханша Әлімбекова.

БИЛІКТІҢ ӘРЕКЕТІ

Су тасқыны кезінде эвакуацияланған адамдар Ақтөбедегі орта білім беретін мектептердің жанынан жасақталған 12 пунктке жеткізілген. Бұл пункттер қал-қадарларынша зардап шегушілерді үш мезгіл тегін ас-сумен, жатын орынмен қамтамасыз етіп жатыр.

Азаттық тілшісі барған кезде Ақтөбенің «Сүт зауыты» деп аталатын ауданында орналасқан №15 мектептің медбикесі спортзалдағы уақытша паналау пунктінде егде тартқан ер адамның қан қысымын тексеріп жатты. Бір-біріне мұң шағысып отырған әйелдерге мектеп директоры «Балаларыңыз түгел, бастарыңыздың амандығын айтыңыз. Алланың бір беріп тұрған қиындығы шығар...» деп басу айтып тұрды. Бұл пунктке 61 адам орналастырылған. Оның 16-сы - бала. Зардап шегушілердің алғашқы легі мұнда сәуірдің 14-і күні таңғы сағат төрттер шамасында түскен.

№15 орта мектептегі паналау пунктінде тұрып жатқан адам. Ол мектеп алдындағы орындықта отыр. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.
№15 орта мектептегі паналау пунктінде тұрып жатқан адам. Ол мектеп алдындағы орындықта отыр. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.

«Сүт зауыты» ауданымен іргелес «Горсетьсвет», «Ақсүт» және «Геолог» аталатын саяжай ұжымдары бар. Бұл пункттегі адамдар - сол саяжайлардың тұрғындары.

Мектеп директоры Нұргүл Байниязованың сөзіне қарағанда, «жыл сайын көктемде мектеп жанынан су тасқынына қарсы пункт жасақталады. Бірақ бұрын соңды мұндай жағдай болып көрмеген».

ТЖД МӘЛІМЕТІ

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) сәуірдің 15-і таратқан ақпаратына қарағанда, «су тасу қаупі бар өзендердің төменгі бөлігіндегі 600-ге тарта аулалар хабарланып, 522 адам эвакуациялаудан бас тартқан. Облыс аумағында су тасқынына қарсы 13 штаб құрылып, сәуірдің 15-іне дейін тұрғындардан түскен 1543 өтініш бойынша, 3398 текше метр инертті материалдар жеткізілген, 194,2 мың текше метр су сорылып, 4100-ден астам қаптар төселген».

ТЖД-ның сәуірдің 16-сы күні кешкілік таратқан мәліметінше, су басқан аумақтардан 898 адам қауіпсіз жерге шығарылған. 403 аула су астында қалған. Бес үй құлаған. Қауіпті аймақтан эвакуацияланған 257 адам қазір қаладағы орта білім беретін мектептердің базасында ұйымдастырылған 12 эвакуациялық пунктті паналап отыр. 641 тұрғын туыстарының үйлеріне кеткен. Құтқарушылар Ақтөбенің іргесіндегі Кірпішті, Келешек, Махамбет, Қарғалы, Заречный-2 елді мекендеріндегі жағдайдың әлі де күрделі екенін айтады.

Сәуірдің 16-сы күні SMS арқылы ТЖД таратқан хабарламада тұрғындарға Қарғалы өзені де арнасынан шығып, тасуы ықтимал екендігі ескертілді. Ақтөбе облысы аумағындағы су тасқыны жағдайына байланысты ТЖД-да шұғыл психологиялық көмек көрсету үшін «Қауырт желі» - 55-31-12 телефоны ұйымдастырылған. Одан бөлек, ТЖД қаланың бау-бақша ұжымдары тұрғындарына «112» нөміріне де хабарласуға болатынын ескертеді.

ТЖД Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларының жай-күйі ерекше бақылауда тұрғанын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG