– Бірнеше сағат бұрын Алматы қалалық ішкі істер департаменті қызметкерлері «полиция қызметкерлерінің өліміне қатысты» деген күдікпен бір топты ұстаған болатын. Топтың құрамы және қай жердің адамдары екендігі әлі жарияланбайды. Бұл – Алматы қаласының төңірегінде болған арнайы операция. Қазір барлық тергеу амалдары тағайындалды. Соның нәтижесінде аталмыш адамдардың қылмысқа қатыстылығы дәлелдене ме, дәлелденбей ме - анықталады, – дейді Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
«ЭКСТРЕМИСТІ» ҰСТАУ
Бұған дейін «Московский комсомолец» басылымы: «Облыстық ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы жасағы өткен аптада екі полицейді атып кеткен экстремисті ұстауға әрекет етіп жатыр. Бірақ ол үйінде әйелі және бес баласымен тығылып отырғандықтан, арнайы жасақ жоғарыдан тапсырма күтуге мәжбүр», – деп жазған еді.
Салтанат Әзірбектің айтуынша, Алматының маңындағы арнайы операцияға ҰҚК жасағы қатыспаған.
Күдіктілердің экстремистік топқа қатысы бар-жоғын анықтау үшін Алматы ҰҚК департаментіне хабарласқан едік, ондағы кезекші қызметкер бейхабар екенін айтты.
Астанадағы ҰҚК өкілі «бұл іске қатысты барлық мәліметтер бас прокуратурада» деді. Ал бас прокуратура өздерінің тек заң аясында ғана жұмыс істейтіндігін айтып, «арнайы сұрау салыңыздар, заңда көрсетілген мерзімде жауап береміз» деді.
Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек «Московский комсомолец» жазған дерекке – «күдіктілердің экстремизмге қатысы бар екен» деген сөзге күмән келтіріп отыр.
– Ол мақала туралы мен айта алмаймын. Ол нақты мәлімет емес. Нақты ақпарат бізде, – деді ол.
Оның сөзінше, бүгінгі операция барысында адам шығыны болған жоқ.
ЕКІ ПОЛИЦЕЙДІҢ ҚАЗАСЫ
Естеріңізде болса, қарашаның 8-і күні түнде Алматыда, Райымбек көшесінің бойында (Момышұлы мен Саин көшелерінің арасында) ішкі істер департаменті патрульдік полиция полкінің екі қызметкерін белгісіз біреулер атып кеткен еді.
Полиция старшинасы Мақсат Дабылов бірден қаза болған, оның әріптесі Ғалымжан Әбдіров жедел жәрдем көлігінде жан тапсырған. Ресми ақпарат бойынша, полицейлердің біріне үш оқ, екіншісіне екі оқ тиген. Оларды, болжам бойынша, 9 мм калибрлі Макаров тапаншасымен атқан.
Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, осы оқиғадан екі күн өте бере күдіктілер мінген «Мицубиси Делика» микроавтобусы табылған; көлік жүргізушісінің айтуынша, полицейлерді атқан адам радикалды ислам бағытын ұстанады.