БІРІНШІ ОҚИҒА: ӨЛІМДІ ЖЕҢГЕН ДЖОБС
5 қараша күні Apple компаниясын құрушы, осы компанияның директорлар кеңесінің төрағасы, америкалық бизнес-магнат һәм өнертапқыш Стив Джобс қайтыс болды.
– 17 жасымда «Әр күніңді тірі жүрген соңғы сәтім деп ойласаң, әйтеуір бір күні сол болжамың айнымай келеді» деген сөзді естідім. «Өлемін-ау» деген ой өмірімде талай маңызды шешім қабылдауыма қамшы болды. Өлімді ойлаған адам ешкімнің айыптауынан, сөгуінен қорықпайды. Ондай жанның өз жүрегі әмірімен жүрмеске амалы жоқ, – деген еді Стив Джобс 2005 жылы Стэнфорд университеті студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде.
Стив Джобстың осы күнгі сөзі оның іскер бизнесмен, епті саудагер, тынымсыз еңбекқор ғана емес, терең ақыл иесі екенін де көрсетті.
– Ешкімнің өлгісі келмейді. Жұмақты аңсайтын адамдар да ол жаққа бару үшін өле қоймайды. Бірақ ажал – бәріміздің сапарымыздың ақыры. Одан құтылған ешкім жоқ. Солай болғаны да абзал! Өйткені өмірдің ең кемел туындысы – өлім болса керек. Өмірдегі бар өзгеріске өлім себеп болады. Өлім жаңаға жол ашу үшін ескіні күреп тастайды. Өзгенің пікіріне көніп, жүрегіңнің үнін өшірме. Ең бастысы - өз жүрегің мен түйсігіңе еретін ерлігің болсын! – дейді «өлмей тұрып өлімді жеңген» Стив Джобс.
P.S. Азаттық сайты блогшы Тимурдың «Тумақ сүннет болғанда, өлмек – парыз» һәм Стив Джобс бақилық» деген блогын жариялаған еді. Өз басым блогтан гөрі бір оқырманның соған жазған пікіріне таң қалдым.
«Мен түсінбедім, Стив Джобс мұсылман болған ба? Ол үшін дұға жасап, Құран аяттарын жазғанға қарағанда. Негізі кәпір адам болса, ол үшін Аллахтан кешірім де сұралмайды, дұға да жасалмайды» депті ара деген оқырман.
Календарьға қарап едім, 2011 жыл екен. XXI ғасыр!
ЕКІНШІ ОҚИҒА: ПУТИНДІ СҮЙЕТІН РАМЗАН
Шешенстанның орталығы Грозныйда қала күні - 5 қарашада (яғни Рамзан Қадыровтың туған күнінде - қандай таныс сәйкестік, ә!) «Грозный-Сити» деп аталатын кеңселер мен тұрғын үйлер кешенінің ашылу салтанаты болды. Бұл тойда Рамзан сахнаға шығып билегенде шешен халқының залда отырған игі жақсылары көздері жасаурап, жүздері алаулап, алақандары ойылғанша қол шапалақтап емініп тұрды. Жұртына разы Рамзан сөзін «Аллаху акбар!» деген айғаймен аяқтап, сахнадан түскен кезде елде тіпті ес қалмады.
«Шешенстан ұлан-асыр той жасайтын осынша ақшаны қайдан табады?» деген бір журналистің сауалына:
– Аллах береді. Білмеймін. Ақша бір жақтан келеді, – деп жауап берді Рамзан Қадыров.
Азаттық радиосының орыс қызметіне «Путин – менің пірім! Мен оны сүйемін, сыйлаймын! Ол үшін жанымды қиямын! Оған жаныммен қарыздармын!» деп сұқбат берген Рамзан Қадыровқа «Грозный-Сити» құтты болсын!» дейміз бе?!
P.S. Е, ұмытып барады екенмін ғой: Рамзан Қадыров – Шешенстанның 2007 жылдан бергі президенті – яғни Ресей империясымен 30 жыл күресіп, ақыры 1859 жылы пайғамбар жасында «құрметті тұтқын» атанған Имам Шәмілдің бүгінгі мұрагері.
ҮШІНШІ ОҚИҒА: ПРЕЗИДЕНТТІКТЕН «ЖЕРІГЕН» ПРЕЗИДЕНТ
«Зинһар, сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар» - өткен аптадан бері ойланып, жауабын таппай отырмын.
Естеріңізде болса, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үздік он магистрантқа арнайы шәкіртақы тағайындап, сол жастармен кездесіп еді ғой. Ол сөзін әдеттегідей «қазақтың бұрын тәуелсіздігі, шекарасы, мемлекеті болмағанынан» бастаған.
– Қазақ халқының көп ғасырлық тарихында мұндай тәуелсіздік, мұндай ауқымда, мұндай шекарада, мұндай дүниежүзіне белгілі болып, мемлекет құрғаны болған емес. Тарихи 20 жылдық елдің есінде еш уақытта ұмытылмайды, – деген еді Қазақстан президенті.
«Хабар» арнасынан сол кездесуді тамашалап отырып «мұндай елді басқару, президент атану, саясаткер болу мерейсіз, игіліксіз, құрметсіз іс екен ғой» деген ой түйдім.
– Егер мен сіздердің жастарыңызда болсам және менен: «Кім болғың келеді? Балаларыңның кім болғанын қалар едің?» деп сұраса, мен саясаткер немесе президент болуды айтпасым анық. Мен оларды ғылымға бағыттайтынымды айтар едім, әрине, егер қабілеттері болса. Мерей де, игілік те, құрмет те сонда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сол кезде президентпен кездесуден шабыттанған жастардың бірі шыдамай атып тұрып:
– Жоқ, Нурсултан Абишевич, мен президент боламын: а) сіз бұл қызметтен жалығып, өз еркіңізбен кеткенде; ә) Қазақстанда әділ сайлау өткенде; б) сіз «ақырғы аялдамаға» жеткенде... – деп айтып қала ма деп, үрейім ұшып мен отырдым.
Құдай сақтады! Құдай сақтады! Құдай сақтады!
Біреудің аузынан ондай сөз шыққанда не болар еді, а?!
P.S. Айтпақшы, магистранттарға берілген ақша – Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі, Днепродзержинск кәсіби-техникалық училищесінің түлегі Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке стипендиясы екенін естеріңізге саламын.