БІРІНШІ ОҚИҒА: «ӨЛІП-ТІРІЛІП, ҚАЙТА ӨЛГЕН» ТӨРТЕУ
Естеріңізде болса, биыл шілденің 11-іне қараған түні Балқаш түрмесінен қашпақ болған 16 тұтқын күзетшіні өлтіріп, колония аумағындағы өндіріс цехына тығылып, арнайы күштер келгенде он алтысы бірдей «өздерін-өздері жарып жіберген» (ресми орындардың айтуына қарағанда).
Ал тамыздың 3-і күні Қазақстан ішкі істер министрлігі жедел тергеу тобының өкілі «жарылыс болған жерден 12 адамның мәйіті табылып, 4 тұтқынның қашып кеткенін» хабарлады.
Енді осы аптада (12 қазанда) ішкі істер министрлігі баспасөз-мәслихатын өткізіп, 16-ның төртеуі қашпағанын, олардың геномды-молекулярлық сараптамасы жуықта ғана жасалып, кім екендіктері анықталғанын айтты.
Анықталғаны жақсы болды! Әйтпесе шілдеде «өліп», тамызда «тіріліп», қазанда қайта «өлетін» аты-жөні белгісіз төрт тұтқынды тірінің санатына қосар ма едік, өлінің есебіне тіркер ме едік? «Мың өліп, мың тірілген» ол төртеуі ендігәрі «өздерін-өздері» жармай-ақ қойса екен, жарса да – қашпай-ақ қойса екен!
P.S. Аты-жөні белгісіз демекші, қазақстандық соттар да алдына келген адамды есімімен емес, арнайы кодпен атауға көшкен сияқты.
Шұбарши-Кеңқияқтағы оқиғаға байланысты сотталған төрт адамға шығарылған үкімді хабарлаған Ақтөбе облысы сотының баспасөз хатшысы Гүлнар Симатова «1984 және 1985 жылы туған сотталушылар - өмір бойы, 1987 жылы туған сотталушы - 14 жылға, 1990 жылы туған сотталушы - 6 жылға бас бостандығынан айырылғанын» айтты өткен аптада.
«Атыңды ұмыт!» деген бұйрық естіген жоқсыз ба, 19... жылы туған оқырман!
ЕКІНШІ ОҚИҒА: «ӘТТЕҢ, НОБЕЛЬ...»
Бәріміздің көптен бергі бір арманымыз... Нобель сыйлығы еді. Өткен аптада Нобельдің өзіміз (дұрысы – Қазақстанның 1991 жылдан бергі президенті, 1940 жылы туған Нұрсұлтан Назарбаев) дәметкен бейбітшілік сыйлығы үш әйелге – йемендік құқық қорғаушы Таваккул Карманға және Либерия президенті Элен Джонсон Серлиф пен оның отандасы, қоғам белсендісі Лейма Гбовиге бұйырды.
Обалы не керек, президент Назарбаевты бұл сыйлыққа лайық көрушілер Қазақстанда 2006 жылы-ақ бастама көтерген еді. Сол жылы Қазақстандағы жеті ұлттық-мәдени орталық ел президентінің «халықтар арасындағы достықты нығайтқанына» разы болып, осы атаққа ұсынған.
Одан бергі бес жылда шешен ұлтының ұйымы да, дүниежүзілік түркі халықтары ассамблеясы да, норвегиялық Bike for Peace қоғамдық ұйымының басшысы да, республикалық «Ақ орда» қозғалысы да... тіпті, қырғыз парламенті де Назарбаевтың Нобель сыйлығына әбден лайықты екенін айтып-ақ бақты. Бірақ не шара...
Қазанның 6-сы күні бұл сыйлықтың бұйырмайтынын білген Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «биыл болмаса да, ендігі жылы аламыз» деп «жұбатты».
АҚШ конгресінің мүшесі Эни Фалеомаваега да Нобель сыйлығы комитетіне «ренжіп», Нұрсұлтан Назарбаевтың «ядролық қаруды таратпаудағы еңбегін бағалау керегін» ескертті.
Бірақ «жұбатушы» мен «ренжушінің» сөзіне не алжыған кәрі, не ессіз сәби сенбесе, әйтеуір өзім иланған жоқпын.
P.S. Осы сыйлықты алушылардың бірі – Йеменнің құқық қорғаушы белсендісі Тавакулл Карман сыйлыққа алған жарты миллион долларын президент Али Абдулла Салех биліктен кеткеннен кейін Йеменнің халық қазынасына беретінін айтты 9 қазан күні.
Егер президент Назарбаев бұл сыйлықты алған болса, ол да халыққа таратып берер ме еді осы ақшаны... президент Али Абдулла Салех биліктен кеткеннен кейін?
ҮШІНШІ ОҚИҒА: ДІН ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖӘНЕ «ДАЛАДА ЖҮРГЕН БЕДЕУІН»
Қазанның 13-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Діни қызмет және діни ұйымдар» туралы заңға қол қойды.
Бұл заңды мақұлдаған соң, дәл осы күні Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Қазақстан президенті аузына қарап, әр сөзіне елтіп тұрған қауымға дін жайлы ойын айтты.
– Өзіміздің дінімізге айналып келіп жатырмыз, таза дінге, біздің қазақы мұсылмандыққа, сондықтан біз барлығын елестей бермеуіміз керек. Әнеугүні айттым ғой Түркістанда. Олар... мұсылманбыз, әрине, бәріміз Құранға жүгінетін адамдармыз. Но... бірақ әр елдің өзінің салты бар, біз араб емеспіз, біз парсы да емеспіз. Құранның сөзі бойынша ешқандай әруаққа жүгінбеу керек, тек қана Аллаға жүгіну керек деген. Ал біз әруақты айтпай қандай қазақпыз? Солай ғой? Біздің салт-ғұрпымыз, баланың тууы, үлкенді жерлеу, біздің салтымыз басқа. Сондықтан «біздікі – осындай, тек қана мынандай жолмен жүріңдер» деген ол болмайды. Біз мұсылманбыз расында да, түсінеміз, барлығын білеміз. Сондықтан менің айтып жүргенім – біз қазақ еш уақытта қыздарымыздың... аналарымыз ақжаулықпен жүреді әруақытта, қыздардың басына орамал салып, хиджап салған емес. Хиджап – деген қазақтың сөзі емес, ол арабтың да сөзі емес, парсының сөзі. Хиджап деген далада жүрген бедеуіннің ішіне қоятын шымылдықты айтады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президентінің «Әнеугүні айттым ғой Түркістанда» деген сөзі мынау еді: «Біздің өз жолымыз бар. Өз жолымызға түсу үшін осы Қожа Ахмет Яссауидің жолына табан тіреуіміз керек. Егер де зерттейтін болсақ, бұл қазақ үшін нағыз Конфуций болып шығады».
P.S. Дәл осы күні Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық сотында прокурор өздерін «қазақ Конфуцийінің», яғни Қожа Ахмет Яссауидің жолын ұстаушылармыз деген топтың жетекшісі Исматулла Мақсұмды 14 жылға, «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі Алматы филиалының жетекшісі Саят Ыбыраевты 12 жылға соттауды сұрады. Адвокаттың айтуынша, Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры Саят Ыбыраевқа тағылған айыптардың қатарында «уаххабшылардың құқығын бұзды» деген бап та бар.
Сіздерден сұрайын дегенім, «далада жүрген бедеуін» Қожа Ахмет Яссауидің жолын ұстайтын ба еді?