І. ТӨРТ ПРЕЗИДЕНТТІҢ БІР ПРЕЗИДЕНТКЕ «МАХАББАТЫ»
Осы аптада Қазақстан құрылысшылар одағының президенті Любовь Нысанбаева, архитекторлар одағының президенті Ақмырза Рүстембеков, дизайнерлер одағының президенті Тимур Сүлейменов, суретшілер одағының президенті Байтұрсын Өмірбеков Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазды.
Елдегі ең үлкен президентке хат жазған кіші президенттер ол кісінің «Алматыдағы, Астанадағы, аймақ орталықтарындағы құрылыс пен әлеуметтік-экономикалық дамуға байланысты бастамалары Қазақстан қалалалары дамуының басты бағыттарын айқындағанын» баса айтыпты. «Елбасының алапат еңбегінің арқасында Қазақстан деген жаңа егемен ел құрылып, Астана деген жаңа астана салынғанын» да президент Назарбаевтың есіне салып өтіпті.
Президентті біреу мақтаса, жамандыққа бұрып үйреніп қалған басым: «Бұл кісілер Назарбаевтан не сұрамақ екен?» деп қауіптене бастадым. Өйтсем, гәп мынау екен (ойдағыдай аудара алмасам, «Казахстанская правда» газетінен кешірім сұраймын):
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз Қазақстанның көп ұлтты халқын ұйыстырдыңыз, еліміз сіздің дана басшылығыңызбен алға сенімді басып барады. Қазақстанның қоғамдық шығармашылық ұйымдары Сізге бір үлкен өтініш айтпақ – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Алматы қаласындағы Тұңғыш президент паркіне өз қаржымызбен Сізге, заманымыздың аса үздік мемлекет қайраткеріне ескерткіш орнатайық деп едік».
P.S. Дәл осы күні «Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр енді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық реформалар бойынша кеңесшісі болмақ» деген жаңалықты естідік.
«Тони Блэр полковник Муаммар Каддафи сияқты досынан айырылған шығар, бірақ оның орнына енді мұнайға бай Қазақстанның автократ президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жұмыс істемек» деп қуанып жатыр батыстық басылымдар.
Бірақ Тони Блэрдің бір жылдық «ақылының» ақысы Қазақстанға 8 миллион фунт-стерлинг шығын болмақ.
«Заманымыздың аса үздік мемлекет қайраткеріне» ескерткіш орнатқысы келген азаматтар осы ақшаны да төлей салмас па екен?
ІІ. БАС МҮФТИДІҢ «ТАКТИКАСЫ»
Қазанның 21-інде «Халифат сарбаздары» деп аталған исламшыл топ араб телеарнасына бейнежазбасын шығарып, Қазақстанды дін туралы заңының күшін жоюға шақырды.
Ол видеода беттерін бүркемелеген қарулы төрт жауынгер «бұл заңда мемлекеттік орындарда намаз оқып, орамал тағып жүруге тыйым салынған; егер бұл ұстанымдарыңнан бас тартпасаңдар, сендерге қарсы әрекет ете бастаймыз» дейді.
Исламшыл топ өкілдері Қазақстан билігінің саясаты Тунис, Ливия және Египеттегідей екенін айтып, ұзақ жыл ел билеген президенттерді «Араб көктемі» тақтан тыраң еткізгенін айтып, әбден доқ көрсетіпті.
P.S. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі «Халифат сарбаздарының» мәлімдемесіне орай:
– Бұл сандырақ! Үрейленбеу керек, жұртты дүрліктірмеу керек! – деді.
Арғы аптада Ақтөбе облысына барған бас мүфти «Шұбарши мен Кеңқияқтағы оқиғалардан соң мүфтилік қандай шаруа жасап жатыр?» деп сұраған журналистерге:
– Немене, басқа айтатын әңгімелерің жоқ па? Ағартушылық жұмыспен айналысамыз, мешіт, медресе ашамыз, – деп ұрсып тастаған еді.
Әбсаттар Дербісәлінің айтуынша, «медреселер жаңа имамдарды оқытып шығара берсе, радикалдар өзі-ақ тыйылады». Бірақ Қазақстандағы барлық мешіттерді «дұрыс имамдармен қамтамасыз ету үшін» екі жыл керек екен.
Кезінде дүние жүзінің суннитері мен шиитеріне бірігіңдер деп бұйырған бас мүфти мырза енді «Халифат сарбаздарына» да «Екі жыл күте тұрыңдар!» деп айтпас па екен?
ІІІ. КАДДАФИДЕН РЕЗЕҢКЕ ОҚҚА ДЕЙІН
«Алматы ақшамы» газеті 25 қазан күні – Ливияның бұрынғы жетекшісі Муаммар Каддафиді шөл далаға апарып жасырын жерлеген күні – «Жаман» Каддафидiң 21 жақсылығы» деген мақала жариялап, марқұмның жақсы патша болғанын, халқын қарық қылғанын көп айтыпты.
Газеттің жазуынша, Каддафидің Ливияға жасаған жақсылығы мынандай:
«Жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі – 14 192$;
Отбасының әрбір мүшесіне мемлекет дотация ретінде жылына 1000$ төлейді;
Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы – 730$;
Медбикенің жалақысы – 1000$;
Жаңадан тұрмыс құрған отбасыларға пәтер алу үшін 64 000$ сыйға беріледі...»
Ары қарай оқуға шыдамым жетпей, әлден-ақ Ливияға көшіп кеткім келіп, ең соңына үңіліп едім: «Сонда Каддафи билігіне халық не үшін қарсы шықты? Демократия мен сөз бостандығы үшін бе?» деген мысқылмен аяқталыпты «Алматы ақшамының» мақаласы.
P.S. «Демократия мен сөз бостандығы» дегеннен шығады: қазанның 26-сы күні Ақтауда Stan.TV бейнепорталының тілшісі Өркен Бисенов пен оператор Асан Амиловты белгісіз біреулер соққыға жығып, резеңке оқпен атып жаралап кетті.
Сол күні кешке Жаңаөзенде ереуілші мұнайшылар белсендісі Естай Қарашаевты да біреулер сабап, резеңке оқпен атты.
Демократия мен сөз бостандығының жайын білдік, Маңғыстауда әзірше қорғасын оқ тапшы екенін білдік – диктатор Каддафидің Ливияға көрсеткен нығметтерінің енді қайсысы Қазақстанда бар екен?