Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсанның 27-сі күні парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдауын жариялады.
Бұл жолдаудың 19,7 пайызы ғана (яғни 3709 сөздің 750-і) қазақша болғанын айтпай-ақ қояйын – ең бастысы, Қазақстан президенті: «Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 процентке дейін жететін болады» деді ғой.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауда айтқан жоспарларын – енді төселуі керек 1 200 шақырым жолды да;
жылына бензин өндіруді 1,7 миллион тоннаға, дизель отынын 1,4 миллион тоннаға жеткізу тиіс мұнай өңдеу заводын да;
салынған соң жылына 500 мың тонна пропилен, 800 мың тонна полиэтилен өндіруге міндетті газ-химия кешенін де сөз қылмай-ақ қояйын – «Мұнша өнімді Қазақстанда шығарып көрген емеспіз» деп ол кісінің өзі де мойындады ғой.
Сонымен...
І. «НҰР ОТАН» ЖӘНЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ
Қазақстан президенті биылғы жолдауында Жаңаөзен оқиғасына баса назар аударар деген дәмемен отырған едім. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзенге төрт-бес сөйлем ғана арнады.
«Мемлекет Жаңаөзенде төтенше жағдай жариялап, қаладағы ахуалды қалпына келтіру бойынша кешенді шаралар жасауға мәжбүр болғанын», «қазіргі уақытта ондағы ахуал қалыпты арнасына түскенін» айта келе:
– Мәжіліс сайлауында Жаңаөзен тұрғындарының басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясына дауыс берді. Бұл олардың мемлекет саясатын толық қолдайтынын көрсетеді. Сондықтан мен Жаңаөзендегі төтенше жағдай режимін бұдан әрі созбау жөнінде шешім қабылдадым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жаңаөзенде жарияланған төтенше жағдай тәртібінің созылу-созылмауы қала халқының неше пайызы «Нұр Отанға» дауыс беруіне байланысты екенін бұған дейін білмегеніме таң қалдым. «Нұр Отанға» дауыс беру – мемлекет саясатын қолдау екенін бұған дейін білмегеніме қапа болдым.
«Алайда, бұл оқиғадан тиісті түйін жасалып, одан сабақ алып, ұдайы ескерілуі керек» деп аяқтады президент Жаңаөзен жайлы сөзін.
P.S. Жаңаөзен оқиғасынан «түйін жасалып, одан сабақ алып, ұдайы ескерілуі керегін» саясаттанушы Айдос Сарым да айтқан екен «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында.
Ол «Ақтөбеде, Таразда, Астанада, Алматыда, басқа жақтарда сондай жағдайлар болып жатыр» дей келе:
– Әсіресе, тәуелсіздіктің ту сыртынан қадалған пышақтай болған соңғы Жаңаөзен оқиғасы қатты ойландырады. Осындайда халық даналығы белсенділік танытуы тиіс. Зиялы қауым, партиялар қайда? Бүкіл қоғамдық ұйымдардың, партиялардың басшылары, ақсақалдардың кеңестері, бәрі жиналып алып, бетімен жайылуға жол бермейміз деп неге үлкен митинг өткізбеске? Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылықтан асқан құндылық жоқтығына жұртты неге ұйытпасқа? Баспасөз бар, қоғамдық пікірге ықпал етіп отырған топтар бар, күштер бар, – депті.
Айдос Сарымның «пышақ» туралы сөзінен кейін ойланып қалдым.
Енді «зиялы қауым», «партиялар», «ақсақалдардың кеңестері»... бәрі жиналып, президентке хат жазса да таң қалмаспын:
– Құрметті президент, Жаңаөзендегі төтенше жағдай режимін әрі қарай да соза бергеніңіз жөн. Пышақты суырып алса, жаралы адам қансырап өліп қалуы мүмкін. Оданша, Доспамбет жырау айтқандай, «Жара бір қатты, жан тәтті, Жара аузына қан қатты. Жарықшылар жоқ па екен Жармай білте саларға?!» деп жата бергені дұрыс. Әне, Сирия да 1963 жылы жариялаған төтенше жағдай режимін доғармай-ақ бақытты өмір сүріп жатыр ғой, – деп.
ІІ. «АУЫРҒАННЫҢ ТИІМСІЗДІГІ» ЖӘНЕ АМНИСТИЯ
Президент Назарбаев бұл жолдауында денсаулық сақтау мәселесіне де біраз уақытын арнады. «Медицинаның болашағы – сақтандыру шарасын енгізу» екенін айтқан президенттің маған аса қатты ұнаған бір сөзі болды.
– Адам ауырғанның өзіне тиімсіз екенін түсінуі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президенттің айтуынша, «Адамның денсаулығы нашар болған сайын оны аз сақтандырады, жақсы болған сайын – сақтандыру сомасы көп болады».
Сөздің тоқетерін мен айтайын: бұған дейін «тиімді болады» деп ауырып жүрсеңіздер, бұдан былай ол қулықтарыңыз іске аспайды.
P.S. Ауырғанды айтасыз, өлудің өзі «тиімсіз» екеніне көзім тағы бір мәрте жетті осы аптада. Әсіресе ажалыңызға полицей себепкер болса...
Жаңалық агенттіктерінің хабарлауынша, Шымкент соты 16 жастағы оқушы Динара Атажанованы 2011 жылы 21 қараша күні көлікпен қағып өлтірген полицейді ақтады. Полиция майоры Асқар Құлбаев көлікті мас болып айдап, оқушыны жаяулар өтетін жерде 90 км/сағат жылдамдықпен келіп соғып, 60 метр жерге ұшып кеткен балаға қарамай өте шыққан екен.
Сот полицейдің бұл ісін «Абайсызда жасалған қылмыс» деп бағалап, оның «тергеу жұмысына белсене көмектескенін» ескере отырып, президент Назарбаев жариялаған амнистия бойынша сот залынан босатып жіберді.
ІІІ. «КІСІ ЖҰМСАҒЫШ» МИНИСТРЛЕР
Жұма күні министрлер кабинетінің отырысында сөйлеген президент Назарбаев «берген тапсырмаларымды уақытында орындамады» деп қатаң сынады үкіметті.
Президенттің айтуынша, оның тапсырмасын алған үкімет басшысы бұйрықты тез орындаудың орнына министрге тапсырады екен, министр көмекшісіне, ал ол агенттіктерге жүктейді екен – сөйтіп бір бұйрықтан он бұйрық шығады екен.
– Премьер-министрдің тапсырма алған әрбір орынбасары оны Қазақстанға жолдамай, өзі орындауы керек. Президенттен тапсырма алған әрбір министр оны өзі орындауы керек. Әйтпесе бұл жерде неғып отырсыңдар! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
P.S. Президенттің осы сөзін естігенде бас прокурор Асхат Дауылбаевтың Жаңаөзен оқиғасы туралы 25 қаңтардағы мәлімдемесі есіме түсті.
Бас прокурор халыққа қарсы оқ атылғанына айыпты адамдар ретінде облыстық және қалалық деңгейдегі төрт басшының – Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Өтеғалиевтің, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес бөлімінің бастығы Бағдабаевтың, Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Бақытқалиұлының; Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің жедел уәкілі Жолдыбаевтың «қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын» хабарлаған еді.
Әттең, президент Назарбаев жаңағы сөзін ертерек айтқанда бұл төрт басшы да, Жаңаөзендегі басқа полицейлер де сотталмас еді.
Өйткені Жаңаөзен мен Шетпеде 17 адам оққа ұшпас еді, жүздеген адам жараланбас еді – жалғыз министрдің қару ұстайтын неше қолы бар дейсіздер.