Құрметті оқырмандар, сіздердің өтініштеріңіз бойынша Қазақстан президенттігіне кандидат – Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаевты онлайн-конференция өткізуге шақырып, хат жолдаған едік. Ол хатта сайлау кампаниясы аясындағы үгіт-насихат жұмысы жайлы бірде-бір сөз болмаған.
Хат жазған соң бір айдан кейін хабарласқан Азаттықпен телефон арқылы сөйлескен Бағлан Майлыбаев (президент Назарбаевтың баспасөз хатшысы) анық жауабын айтпады. Тек наурыздың 30-ында ғана президент баспасөз қызметінің қызметкері Абзал Саманов ауызша (телефон арқылы) «президент Назарбаев сайлау кезінде өзін-өзі насихаттаудан бас тартты, сондықтан ешқандай онлайн-конференция болмайды» деп мәлімдеді.
Азаттық ол хатты Қазақстан президентінің баспасөз қызметіне ақпанның 14-інде жолдаған. Ал Назарбаев үгіт-насихат жұмысынан ақпанның 28-інде бас тартқанын естеріңізге салайық.
Оқырмандар президент Назарбаевқа қоятын сұрақтарын төмендегі форумға жазады. Ал президенттікке кандидат әрі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сауалдарға осы форум арқылы тікелей жауап бергісі келсе, әр пікірдің оң шақ шекесіндегі «Сіздің бұған қосарыңыз» деген сілтемені басып, әрі қарай жаза береді. Бұлай тілдесу «сайлау алдындағы үгіт-насихат» болып есептелмейді.
Сұрақ қою және жауап беру сәуірдің 1-інде аяқталады.
P.S. Құрметті оқырман, өкінішке қарай Нұрсұлтан Назарбаев мырза да, оның баспасөз қызметінің қызметкерлері де сіздердің сауалдарыңызға қатысты жақ ашып жауап бермеді. Сәуірдің 1-і түн ортасы ауғанша бір де бір жауап түскен жоқ. Қазақстандағы мерзімінен бұрын президенттік сайлау кезіндегі үгіт-насихат сәуірдің 2-і тоқтауы керек. Орталық сайлау комиссиясы осы ережені бұзды деп бізге айып тақпас үшін бұл форумды жабуға мәжбүрміз.
Сұрақ қойып, форумға белсенді түрде қатысқан барша оқырмандарға алғыс айтамыз.