Accessibility links

Халықтың әміріне көбірек жүгінетін Қазақстан парламенті президентке пысқырсын ба?!


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Стамбул, 16 қыркүйек 2010 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Стамбул, 16 қыркүйек 2010 жыл.

Президент Назарбаев өзінің өкілетін 2020 жылға шейін ұзарту жөнінде Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты республикалық референдум өткізу туралы ел парламентінің ұсынысын қабылдамады. Келесі жүріс – парламенттікі.


Жұма күні ресми баспасөзде жарияланған жарлықта «Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабы 2-тармағының 3-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентінің бастамашылығымен жасалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Қазақстан Республикасы Парламентінің ұсынысы қабылданбасын. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» делінген.

ПАРЛАМЕНТТІҢ СҮЙІП ОЙНАЙТЫН РӨЛІ

Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді жақтайтын бастамашы топ былтырғы желтоқсанның 27-інен бастап азаматтардың қолын жинауға белсене кіріскен еді.

2010 жылы желтоқсанның 29-ы күні парламент мәжілісінің кезекті отырысында депутаттар осы мәселеге байланысты президентке үндеу жолдаған. «...Біз, ҚР парламенті депутаттары, Қазақстанның бүкіл халқы сияқты еліміздің жарқын болашағын тек қана сізбен және сіздің есімімізбен байланыстырамыз. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, осы үндеуді қолдауыңызды өтінеміз» деп жазылған еді ол үндеуде.

Ал қаңтардың 6-сы күні парламент Cенаты президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзартуға қатысты Конституцияға өзгеріс енгізу туралы мәселені республикалық референдумға шығару жөнінде парламенттің ұсынысын президент қарауына жіберген болатын.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы тиісті заң жобасы тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы және оны құрушы Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи миссиясын іске асыру үшін жағдайлар жасау, Елбасы қоғамдық саяси мәртебесін Негізгі заңның шеңберінде тану, сондай-ақ елдің одан әрі тұрақты және қарышты дамуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген», – делінген Парламент Сенатының заңнама және құқықтық мәселелер жөніндегі комитетінің қорытындысында.

Бірақ, міне, бүгін президент Назарбаев Конституцияға жүгініп, бұл ұсыныстан бас тартты.

«РЕФЕРЕНДУМ» «ЕЛБАСЫНЫҢ» ЖАЛҒАСЫ МА?

Бұл оқиға осыған дейінгі тағы бір науқанға – президент Назарбаевқа Елбасы деген мәртебе берген жалпыхалықтық «спектакльге» ұқсап барады.

Естеріңізде болар, 2010 жылы мамырдың 5-і күні Қазақстан парламенті мәжілісінің отырысында үш депутат (Әмзебек Жолшыбеков, Светлана Ферхо және Розақұл Халмұрадов) президент Нұрсұлтан Назарбаевқа заң жүзінде «ұлттық көшбасшы» деген деген мәртебе беріп, Конституцияға түзетулер енгізуді ұсынған. Ал 12 мамыр күні парламент депутаттары конституциялық заңның бірінші президентке қатысты тұсына өзгеріс енгізу жобасын бірауыздан мақұлдаған.

Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев маусымның 3-і күні бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария қылған мәлімдемесінде өзінің осы заңға қол қоймайтынын айтқан. Президент өзіне «елбасы» мәртебесін беруді сұраған халық пен оның қалаулыларына рақмет айтып,
Міне, содан бері Нұрсұлтан Назарбаев өз еркінен тыс, халықтың талабынан аттай алмай, заңға бағынып, «елбасы» деген мәртебені арқалап келе жатыр.
мұндай мәртебені заңмен бекітудің қажеті жоқ деген.

Алайда маусымның 15-і күні Қазақстандағы мемлекеттік ресми басылымдар Елбасы туралы заңды («Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң) жариялады.

Бұл заңға президент Назарбаевтың өзі қол қоймады. Ол заңның «кіндігін кескен» – Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың және премьер-министр Кәрім Мәсімовтің қолдары.

Міне, содан бері Нұрсұлтан Назарбаев өз еркінен тыс, халықтың талабынан аттай алмай, заңға бағынып, «елбасы» деген мәртебені арқалап келе жатыр.

АҚЫРЫ ӨТКІЗЕДІ-АУ

Осы референдумды өткізуді ұсынған бастамашыл топ жетекшісі, Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Азаттыққа сұқбат бергенде «Егер президент осы бастамаларыңызға қарсы шықса, сіздер не істемексіздер?» деген сауалға:

– Әрине, қынжыламыз. Бастамашыл топ қынжылады. Бірақ біз қолды неғұрлым көп жинауға тырысып жатырмыз. Өйткені біздің жинаған қолды көріп, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдаса екен деп ойлаймыз, – деп жауап берген.

Бастамашыл топ президенттің бүгінгі қарсылығына қынжылмасын. «Неғұрлым көп жиналған» қол зая кетпес. Е.Сыдықов мырза «Біздің елде биліктің көзі – халық» дегенді шегелеп тұрып айтқан еді. Сондықтан президенттің Конституцияға да, халыққа да қарсы
Бұл ретте әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үші дауыс берсе, Парламент Президенттің конституциялық заңдарға қарсылығын еңсереді
шығатын дәрмені жоқ.

Бұл жолы да референдум өткізу туралы бастаманы мақұлдамаған президент бүгін ғана өзі жүгінген Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабына ақыры көнетін болар. Онда: «Бұл ретте әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үші дауыс берсе, Парламент Президенттің конституциялық заңдарға қарсылығын еңсереді» деп жазылған.

Қазақстан парламенті тағы да демократиялық талаптарды сақтай отырып, Конституцияға жүгіне отырып, тізеге салып отырып, президент Назарбаевтың көңілі еш қаламаған референдумды өткізеді-ау ақыры. Ол үшін келесі апта қос палатаның бірлескен мәжілісін өткізіп, «Қазақстандағы шынайы биліктің көзі – халық екенін» тағы бір мәрте жаһанға паш етсе болғаны.

(Бәзілхан Жұмабай - алматылық журналистің лақап аты. Автордың бұл мақаладағы жеке көзқарасы мен пікірі Азаттық радиосы редакциясының ұстанымымен сай келмеуі мүмкін).
XS
SM
MD
LG