Accessibility links

Назарбаев «ұлы келешек» пен Путиннің «сіңірген еңбегі» жайлы айтты


Иран президенті Хасан Роухани (сол жақтан екінші) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан үшінші), Ресей президенті Владимир Путин (оң жақ шетте) Уфадағы саммитте. 9 шілде 2015 жыл.
Иран президенті Хасан Роухани (сол жақтан екінші) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан үшінші), Ресей президенті Владимир Путин (оң жақ шетте) Уфадағы саммитте. 9 шілде 2015 жыл.

Уфадағы БРИКС пен ШЫҰ саммиттері кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу жетекшілігіндегі Еуразия одағы мен халықаралық ұйымдар әріптестігі туралы сөз қозғады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Башқұртстан астанасы Уфада БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы) пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан) саммиттері кезінде бұл ұйымдардың Еуразия экономикалық одағымен (ЕЭО) байланысы туралы айтты.

Назарбаев қазіргі үрдістер жағдайында «ЕЭО Батыс пен Шығыс арасындағы бір-бірін өзара толықтыратын ынтымақтастықтың дамуының жаңа кезеңі ретінде Ұлы Жібек жолын жаңғырту үдерісіндегі негізгі буынға айналды» деген.

«Қазірдің өзінде ЕЭО мен ШЫҰ арасындағы қызу диалог алдағы трансқұрлықтық тығыз ынтымақтастықтың басталуына оңтайлы негіз қалауда. ЕАЭО-ШЫҰС көлденең көлік артериясы мен БРИКС-тік көлік артериясының қосылуы сауданың күрт өсуіне ықпал ете алады. Болашақта оны біздің аумағымыздағы ортақ бірлестік және ортақ еркін аймақ ретінде қарастыруға болады» деп мәлімдеген Қазақстан президенті.

Қазақстан президенті ШЫҰ мен БРИКС саммитін «тарихи оқиға» деп бағалап, екі ұйымның бірігуі «ұлы қадам» болатынын айтқан.

«Бұл біреулерге ұнамауы мүмкін, себебі бұл қадамда үлкен болашақ бар» деген Назарбаевтың сөзін келтіреді «Қазақстан жаңалықтары» агенттігі.

Сонымен бірге Назарбаев Ресей президенті Владимир Путиннің «бұл істердің басы-қасында жүргені еңбегін жоғары бағалайтынын» айтқан.

Саммит кезінде Назарбаев Путиннің қолынан Александр Невский орденін алды. Бұл орден Қазақстан президентіне «Еуразиялық интеграциялық прогрестерді жүзеге асыруға ат салысқаны» үшін берілген.

«Бүкіл Ресей халқына, БАҚ өкілдеріне саммитке деген ықыластары үшін алғыс айтамын. Уфадағы саммит – ұйымдардың әлемдік процесте ықпалы зор екенін көрсетеді» деген Назарбаев.

Жабық есік жағдайында өтетін БРИКС-ке мүше елдер басшыларының кездесуіндегі негізгі тақырып Украинадағы қақтығыс, Грекия дағдарысы, «Ислам мемлекеті» экстремистік тобынан төнген қауіп мәселелеріне арналған. Саммиттен кейін қатысушылар «Уфа декларациясын» қабылдап, 2020 жылға дейінгі экономикалық серіктестік туралы стратегияға қол қояды.

Уфа саммитін ұйымдастыру туралы шешім 2012 жылы қабылданған. Кейбір сарапшылар саммиттің Ресейде ұйымдастырылуын Мәскеудің Батысқа блок қоюға талпынысы деп бағалады. Ал Ресей басылымдары Уфа саммитін G7 («Үлкен жетілік») саммитімен теңейді.

Батыс елдері Ресейді адам құқықтарын бұзды және былтырғы сәуір айынан бері алты мыңнан аса адам мерт болған Украинаның шығысындағы қарулы қақтығыстарда сепаратистерді қолдады деп айыптайды. Ресей бұл айыптарды жоққа шығарады.

Уфа саммиті туралы фотогалерея:

XS
SM
MD
LG