Accessibility links

McDonald's пен Boeng-тің Қазақстанды кезген елесі


McDonald's мейрамханасы ашылған күнгі кезек. Мәскеу, 1 ақпан 1992 жыл.
McDonald's мейрамханасы ашылған күнгі кезек. Мәскеу, 1 ақпан 1992 жыл.

Шетел басылымдары Малайзияның 2014 жылы жоғалған ұшағы Қазақстанда құпия қонуы мүмкін деп болжайды. БАҚ «Назарбаев туысы қолдауымен» ашылатын McDonald's желісі жайлы да жазған.

Үндістанның Asian Age газеті Куала Лумпурдан Пекинге ұшып бара жатып, 2014 жылдың наурызында жоғалып кеткен «Малайзия әуе желісі» компаниясының МН370 рейсі ұшағы туралы жазады.

ТАҒЫ ПУТИН

Газет МН370 рейсі ұшағы «шындығында, Владимир Путин бұйрығымен ұрланып, құпия түрде Қазақстанға қонған» деп мәлімдеген АҚШ-тың ғылым және технология жөніндегі сарапшысы Джефф Уайздің былтырғы теориясы жайлы әңгімелейді.

Джефф Уайз бұл теориясын Ұлыбританияның Inmarsat телекоммуникация компаниясы Boeng 777 ұшағынан тараған акустикалық сигналдарды ұшақтың өзі радардан жоғалып кеткеннен кейін жеті сағат бойы тіркеген деген болжамға сүйеніп жасаған. Asian Age басылымы «Малайзия әуе желісі» компаниясының 2014 жылдың шілдесінде Украинаның шығысында зымыранмен атып түсірілген тағы бір ұшағының апатына қатысты Ұлыбританиядағы Bellingcat зерттеу тобы жүргізген тексеру «екі апатқа да Ресей президенті Владимир Путин жауапты болуы мүмкін деген таңғаларлық теорияны қоздыра түседі» деп жазады.

Офицерлер Францияның Ла Реюнион аралы мағынан табылған белгісіз ұшақтың сынықтарын көтеріп барады. 29 шілде 2015 жыл.
Офицерлер Францияның Ла Реюнион аралы мағынан табылған белгісіз ұшақтың сынықтарын көтеріп барады. 29 шілде 2015 жыл.

Asian Age газеті «Уайздың жоғалып кеткен МН370 ұшағына қатысты теориясына сәйкес, ұшақты ұрлаушылар оны басқа бағытта ұшып бара жатқан сияқты етіп көрсету үшін, ұшақтың навигациялық жүйесін «бұзған», бірақ ол Қазақстаннан Ресей жалдап отырған Байқоңыр ғарыш айлағына қарай ұшқан» деп жазады.

МН370 рейсі ұшағын ұрлап әкетуге қатысты расталмаған бұл теорияны Ұлыбританияның Express таблоид газеті де сипаттаған.

МН370 рейсі ұшағының жоғалуы авиация тарихындағы ең үлкен жұмбақтың біріне баланады. Ұшақ жоғалғаннан кейін талай ай бойы түрлі сарапшылар ұшақ Үнді мұхитында Австралияның Перт қаласы түбінде күйреген, Сан-Диего әскери базасында қонған, «Талибан» террористері немесе тіпті бөгде ғаламшарлықтар ұрлап әкеткен деген қилы теорияларды ұсынған.

ҮНДІСТАНДАҒЫ TALGO

Үндістанның Business Standard газеті Испанияның Talgo компаниясы мен Үндістан үкіметі арасында ұшқыр пойыздар сату жөніндегі келісім-шарт бекіту жоспарлары жайлы жазады. Talgo пойыздары іске қосылса, Үндістан астанасы Дели мен елдің ең ірі экономика орталығы Бомбейдің арасындағы жол «қазіргі қолданылып жүрген темір жол желілеріне ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізбей-ақ» 17 сағаттан 12 сағатқа дейін қысқарар еді.

Өзбекстандағы Talgo пойызы.
Өзбекстандағы Talgo пойызы.

Газет Talgo компаниясы пойыздары артықшылықтарын сипаттап, олардың жеңіл екенін, доңғалақтарының буындасып орналасуы соқтығысқан жағдайда вагондардың бір-біріне соғылып қалуына жол бермейтінін, сондай-ақ Talgo пойыздарының апат жағдайында соққыны жұмсартатын қауіпсіздік жүйесі бар екенін жазады. Business Standard басылымының жазуынша, қазір Talgo пойыздарын Испания, Португалия, Франция, Швейцария, Италия, АҚШ, Аргентина, Қазақстан және Өзбекстан пайдаланады.

Қазақстанда Talgo пойыздары елдің Астана, Алматы сияқты ірі қалалары арасындағы жолға кететін уақытты біраз қысқартты. Бірақ советтің онша жайлы болмағанымен, кең-мол вагондарына үйренген жолаушылардың көбі Talgo вагондарының іші тар деп шағымданады.

АСТАНАДАҒЫ ТҰҢҒЫШ MCDONALD'S

Сингапурдың Channel News Asia теларнасы сайтында жарияланған мақалада Американың McDonald's фастфуд желісінің бөлімшесі жуырда Қазақстанда ашылатынын хабарлайды. «АҚШ фастфуд алыбы McDonald's 10 жылдан ойланып-толғанып, ақыры алғашқы мейрамханасын наурыздың 8-і күні Қазақстан астанасында ашуды ұйғарды. Бұл - франшизаны енгізуге арналған 3,5 миллиард доллар инвестициялық жобаның нәтижесі» деп жазады Channel News Asia.

Сайттың жазуынша, франшизаны Қазақстан нарығына енгізу жауапкершілігі Ресейлік McDonald's бөлімшесі мен президенті Хамза Хасбулатовқа жүктелген. Ресейде алғашқы McDonald's мейрамханасы 1990 жылы ашылған, қазір бүкіл елде бұл жүйенің 545 бөлімшесі жұмыс істейді. Ал Беларусьте McDonald's желісінің 11 мейрамханасы бар. Бірақ Ресей Қырым түбегін аннексиялап алғалы ресейлік McDonald's «патриоттық көңіл күшеюі салдарынан қысым күшейді» деп шағымданған.

Сайттың жазуынша, қазақстандық бөлімшені «жергілікті бизнесмен әрі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы Қайрат Боранбаев» басқарады. Мақалада Қайрат Боранбаевтың бұрын елдің газ секторында жұмыс істегенін әрі оның қызы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиеніне тұрмысқа шыққаны да көрсетілген.

Channel News Asia сайты «McDonald's мейрамханалары желісін Қазақстанда дамытуға Боранбаевтың Қазақстан президентімен туыстығы ықпал ете ме?» деген сұраққа Хамзат Хасбулатовтың жауап бермегенін жазған.

XS
SM
MD
LG