Төрт жылға бас бостандығынан айырылған мұсылман орыс азаматы Валерий Твердохлебтың әйелі Нина күйеуінің «тәубеге келгендігіне» сене алмайды.
«ТӘУБЕГЕ КЕЛУІ МҮМКІН ЕМЕС»
– Ол маған «қатемді түсіндім, тәубеме келдім» деп айтқан емес. Бұл бейнекөрініс біреулердің ықпалымен жазылған болар, – деді Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Нина Твердохлеб.
Ол күйеуімен 3-4 қазан күндері кездескен, одан кейін телефон арқылы да сөйлескен. Күйеуі түрмеге «түсіру тобы келіп кеткенін» ғана айтқан.
– Мен бейнесюжеттегі күйеуімнің сөзін естідім. Оның бостандығы шектеулі. Сондықтан оның сөзін кез-келген адам өз ыңғайына қарай көрсетіп, пайдалана алады, – дейді Нина.
Ол Валерий Твердохлебтың «тәубесіне келетіндей қылмыс жасамағанын» айтады.
Валерий Твердохлеб 2010 жылы сәуірдің 9-ында Ақмола облысы Жақсы аудандық соты шешімімен төрт жылға жалпы режимдегі түрмеге кесілген.
Ол «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік және діни өшпенділікті қоздыру», «Лаңкестікті насихаттау және лаңкестік әрекетін жасауға жария түрде шақыру» баптары бойынша айыпты деп табылған болатын.
Валерий Твердохлеб 2005 жылы ислам дінін қабылдаған. Айыптаушы орган – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облыстық департаменті оған тыйым салынған діни кітаптарды (имам Ән-Нававидің, Ибн Теймияның және өзгелердің кітаптары) таратқаны үшін, Кавказдағы «жиһадтың» атышулы идеологы Саид Бурятскийдің дәрістерін принтерден шығарып алғаны үшін айып таққан.
БЕЙНЕСЮЖЕТ
Республикалық ақпарат құралдарының бірі – «31 арна» қазанның 21-і күнгі жаңалықтарында «Қазақстан территориясында экстремистік ұйымдар жұмысы жалғасып жатыр» деген тақырыпта бейнесюжет көрсетілді.
«Дін төңірегіндегі дау әлі басылар емес» деген телеарна:
– Ақмола облысының жастары, мешіт имамдарына иланудан қалдық деп налып отыр. Өйткені олар діннің дұрысы мен бұрысын айтар адам таба алмай дал. Ал соның кесірінен теріс ағымның арбауына түскендер темір тордың ар жағынан бірақ шығуда, – дейді.
Ол сөзге дәлел ретінде Ақмола облысы Гранитный кентіндегі ЕЦ 166/25 колониясында жазасын өтеп жатқан Валерий Твердохлебті сөйлеткен.
– Ислам дінін қабылдаған украин ұлтының азаматы Валерий Твердохлеб та Жақсы ауданындағы уахабшылардың белді мүшесі болған. Ол, тіпті, бұл ағымға жастарды тартып, оларға ақша беріп, Кавказға жиһадқа жіберген болып шықты, – дейді сюжет авторлары.
– Ол балалар Кавказға барды. Бірақ «мұсылманға көмектесу» деген желеу жалған болып шықты. Ондағылар есірткі, қару сатумен айналысып, ақша табады. Ал бұл – исламға жат дүние, – деген Валерий Твердохлебтың сөзінен кейін тілші оның «мешітке келіп жүріп теріс жолға түскендігін» атап өтеді.
«КЕРЕК БОЛСА, АЙТҚЫЗАДЫ»
Түрмеде үш жыл отырып шыққан соң тұтқындардың құқын қорғаумен айналысып жүрген Вадим Курамшин «бұл – жүйенің әдеттегі ісі» дейді.
– Жай сотталушыдан бастап «авторитетке» дейін жүйеге керек «сұхбат» бергізу түкке тұрмайды. Камера алдында, керек десеңіз, дәретхана жуып, ән айтқандар жағдайлар бірнеше рет кездескен. Қажетті сұхбаттарды бермеудің бір ғана жолы – бақилық болу, – дейді Курамшин.
Вадим Курамшин дәл осы колонияда өткен жылы мекемедегі аса қатал режимге қарсы шыққандардың наразылығы «аяусыз басып-жаншылғандыңын» айтады. Бұл оқиғадан, ресми дерек бойынша, 2 тұтқын қаза тауып, 80-нен астам адам ауруханаға түскен. Оқиға бойынша өткен жылы қылмыстық іс қозғалып, 2011 жылы шілденің 26-сы күні Көкшетауда сот процесі басталған. «Ашық деп жарияланған сот процесіне кіре алмаған журналистердің колония ішіндегі сотталғандардан сұхбат алып жүргені қызық екен» дейді құқық қорғаушы.
– Мен сотқа осымен 12 рет келіп отырмын. Нәтиже жоқ. Мені және тағы бірқатар тәуелсіз ақпарат құралдарын іс өтіп жатқан қоныстандыруы колониясының территориясына кіргізбейді, – дейді ол.
Твердохлебов жазасын өтеп жатқан ЕЦ 166/25 колониясының қаталдығын «жақсы білемін» деген Курамшин:
– Егер жүйеге қажет болса, Твердохлеб «Ұлт көшбасшысына қастандық жасамақ болғандығын да» мойындауы ғажап емес, – деді.
«ЕШКІМДІ МӘЖБҮРЛЕМЕЙМІЗ»
Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ресми өкілі Самал Ғадылбекова «колониядан хабар жасаймын деген кез-келген ақпарат құралына есік ашық» дейді. Ол үшін алдымен колония басшылығынан, одан кейін қылмыстық-атқару жүйесі комиетінен рұқсат алу қажет екен.
– Бізге республикалық «Хабар», «Қазақстан» арналары келеді. Оларды көп алып кіреміз түзету мекемелеріне. Сол кезде сотталғандар қарсылық білдіріп жатса, «Сен сұхбат бересің!» деп айтуға құқымыз жоқ. Олай болып жатса, сотталғандар бізді сотқа беруге құқығы бар және олардікі дұрыс болып шығады. Сол үшін біз ешкімді мәжбүрлемейміз, – дейді ресми өкіл.
Сондықтан ол «Твердохлеб қысыммен сұхбат берді» дегенмен келіспейді.
– Егер Твердохлеб камераның алдында сөйтіп айтып отырса, яғни ол өз еркімен айтып отыр деген сөз, –дейді Самал Ғадылбекова.
Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ресми өкілі түрмеге байланысты хабар жасаған журналистер жұмысына араласпайтындарын айтты. Ал «Гранитныйдағы сотқа кей журналистер кіре алмай жүр» деген дерекке байланысты:
– Ол жердегі сотқа кіре алмай жүрген – жалғыз Вадим Курамшин ғана. Ол қазір «Свобода слова» газетінің тілшісі болғанымен, үш рет жауапқа тартылып, екі рет жазасын өтеген адам. Сол үшін ол процесске кіргізілмейді. Егер «Свобода слова» басқа тілші жіберсе, біз кіргіземіз, – деді Самал Ғадылбекова Азаттық радиосы тілшісіне.