Accessibility links

«Шатақ» заңгер Танковтың түрмедегі ахуалы


Евгений Танков. 4 сәуір, 2014 жыл.
Евгений Танков. 4 сәуір, 2014 жыл.

Судьяны «шыбын қаққыш дуэліне» шақырғаны үшін сотталған қарағандылық адвокат Евгений Танков жазасының өтелмеген бөлігін бостандықты шектеу жазасына ауыстыруды сұрап, кассациялық шағым түсірді. Анасының айтуынша, Танков түрмеде де заңдық кеңес береді.

34 жастағы Евгений Танков жазасын Қарабас кентіндегі АК 159/18 түзеу колониясында өтеп жатыр. «Сот төрелігіне қауіп төндіріп, күш көрсеткен және сотты құрметтемеген» деген айыппен сотталған қарағандылық заңгер Танковтың жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін бостандығын шектеу жазасына ауыстыру туралы берген бірнеше өтінішін апелляциялық сот қанағаттандырмай тастаған. Қазір Танков кассациялық шағым берген. Таяуда ғана сот оның жаза мерзімін жарты жылға азайтқан.

Евгений Танковтың әке-шешесі де түрмедегі баласымен ұзақ мерзімді кездесуде болып қайтқан. Үйіне оралған анасы баласының түрмедегі тіршілік-тынысы жайлы Азаттыққа сұхбат беруге келісті.

«БАСҚА ПЛАНЕТАЛЫҚ»

Анасы Валентина Танкованың айтуынша, Евгений түрмеде білімін жетілдіріп, тұтқындар ғана емес, колония қызметкерлеріне де тегін заңдық кеңес беріп жүргенге ұқсайды. Өзі түрмедегі тұтқындардың жағдайын жақсартуға күш салып, ғұмырбаяндық кітап жазып жүр екен. Оған қоса кітапты да көп оқитын болған.

Тұтқындар «бізге ұқсамайсың, құдды өзге планетадан келген сияқтысың» деп оны «басқа планеталық» деп атап кетіпті.

Анасының айтуынша, Танковтың келешекке деген үлкен жоспарлары бар. Бірақ жұртты тағы таң қалдырғысы келіп, олар жайлы онша айтқысы келмейді.

– Жағдайы жақсы деуге келеді. Қатты жүдеп кетіпті, бірақ сағы сынбаған. Тұтқындармен қарым-қатынасы да жақсы екен. Сол жердегілер «бізге ұқсамайсың, құдды өзге планетадан келген сияқтысың» деп оны «басқа планеталық» деп атап кетіпті. Көбі шала сауатты тұтқындарға көмектесіп, арыздарын жазып беретін болғандықтан оны ешкім ренжітпейтін көрінеді. Керісінше, көбі қолдауға тырысады екен. Заңға қатысты кітаптарының бәрі бар. Тұтқындардың біріне тіпті аттестат алу үшін түрме мектебінде оқуға көмектесіпті, – дейді Валентина Танкова Азаттық тілшісіне.

ТҮРМЕДЕГІ КҮРЕС

Сотталған заңгердің анасының айтуынша, тұтқындарды тамақ және киім-кешекпен, тұрмыстық заттармен жабдықтауды жақсарту үшін де Евгений Танков түрмеде өз әрекетін жалғастырған.

– Женя түрмедегі тұтқындардың жағдайын сәл де болса жақсартуға тырысып жүргенін айтты. Бір күні камерасына тінту жүргізіп, кітаптарын тартып алыпты. Бірақ, кейін заңды құқығын талап етіп, онысын қайтартып алған. Қазір кітаптарының бәрі тумбочкасында жатыр. Бұрын қыстың өзінде күн ұзақ жұмысқа жегілетін тұтқындарды қазір баламның күш салуының арқасында қоғамдық жұмысқа екі сағаттан артық жібермейді екен. Тұтқындарды тамақтандыру сапасын жақсартуға қатысты мәселе көтергеннен бері бұрынғы шикі, дәмсіз нанның орнына дұрыс нан беретін болыпты. Енді тіпті қыша, алма, қызанақ та береді екен, – дейді Валентина Танкова.

Евгений Танковтың анасы Валентина Танкова. Жеке мұрағаттағы сурет.
Евгений Танковтың анасы Валентина Танкова. Жеке мұрағаттағы сурет.

Анасының айтуынша, енді Танков спортпен шұғылдану үшін тұтқындарға спорттық аяқ киім, костюм керектігін айтып, түрме кітапханасына көбірек кітап сұратып жүр екен.

– Ол түсініктемеде колонияда киім-кешек, төсек-орын жабдықтарынан не жетпейтінін жазыпты. Фото және видео түсіруге арыз беріпті. Негізі, заң бойынша мұның бәріне рұқсат етіледі ғой, - дейді Танковтың анасы.

Валентина Танкова «балам тұтқындардың тамаққа жарымайтынын әрі тумбочка, қол жуғыш сияқты заттар жетіспейтінін айтып, шағымдану үшін колония бастығының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасарымен де кездескісі келеді» дейді.

«САҒЫН СЫНДЫРАДЫ ДЕП ҚОРҚЫП ЕДІМ...»

Жұртқа оқыс қылықтарымен танылған заңгердің жақтастары, әсіресе азаматтық белсенділер арасында көп. Былтыр Евгений Танков қамалғаннан кейін қарағандылық белсенділер Астанада арнайы акция өткізіп, «бұл іске араласып, оның әділ әрі заңдылықты сақтау арқылы қаралуын» қамтамасыз етуін сұрап, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдаған.

Кейбір азаматтық белсенділер түрмедегі Евгений Танковқа қазір де қолдау танытып жүр.

Евгений Танков үкім шығар алдында соңғы сөзін айтып тұр. Қарағанды, 23 шілде 2014 жыл.
Евгений Танков үкім шығар алдында соңғы сөзін айтып тұр. Қарағанды, 23 шілде 2014 жыл.

– Түрмеде оның сағын сындырып жіберетін шығар деп қорқып едім. Бағына қарай, олай болмады. Ол түрмеде де күресін жалғастырып жатыр. Евгенийді аккумуляторым санаймын, ол маған күш-қуат береді. Мұндай жігерлі, амбициясы мықты адамдар аз ғой. Қиындыққа мойымайтын тамаша жігіт. Билік өкілдерінің тілінде сөйлеудің жолдары мен түрлерін біледі. Оны түсінбегендіктен, олар Евгенийден бала сияқты қорқады. Ол бәрін заң жүзінде жасайды, рухы мықты. Жұрттың көкейіндегі, бірақ көбінің қолынан келмейтін әрекеттерге барады. Қандай тәуекелге бас тіккенін жақсы біледі. Сол үшін жазаға ұшырады, - дейді қарағандылық белсенді Павел Шумкин Азаттыққа.

Жергілікті белсенділер интернетте «Танков талапкерлер әділ сот төрелігіне жете алмаған істерге қоғам назарын назарын аудару үшін судьяны шыбын қаққышпен дуэльге шақырды» деп жазады.

Жұрт арасында Евгений Танковты «жел диірменмен күресуші» деп атайтындар бар. Кейбір адамдар оны тіпті күлкі етіп, оқыс қылықтары мен сөздері үшін Танковты кәсіби маман ретінде қабылдамайды.

Заңгер Евгений Танков былтыр сот залында судья Арай Алшынбековті шыбын қаққышпен «символдық дуэльге» шақырған. Ол бұл қылығын сот ісінде әділдік жоқ екенін көрсетуге арналған қазіргі заман өнерінің бір түрі деп атаған. Бірақ билік оның іс-әрекетін «судьяға күш көрсету» деп бағалап, сол қылығы үшін үш жылға соттаған. Евгений Танков жаза мерзімін қылмыстық іске қатысты айыпталушы ретінде тұтқындалған 2014 жылдың наурызынан бері өтеп жатыр.

XS
SM
MD
LG