Accessibility links

«Цифрлық Қазақстан» болмақ елде IT мамандар тапшы


Компьютер процессорының жанында отырған адам. (Көрнекі сурет)
Компьютер процессорының жанында отырған адам. (Көрнекі сурет)

Интернет қолданушысы елде қарапайым веб-сайт жасайтын адам табу оңай емесін айтады. Ал IT мамандарының сөзінше, ол салада бұдан басқа мамандар да жетіспейді.

Журналист, Қазақстандағы спорт тақырыбына арналған қазақтілді сайттардың бірі – statsport.kz сайтының иесі Есей Жеңісұлы бұл сайтты жасар кезде көптеген ақпараттық технология (IT) мамандарының көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.

- Жоспарым бойынша, сайттың әр айдары бір-бір бет болуға тиіс еді. Әрбір бет ішінен парақшаларға бөлініп, энциклопедия жүгін арқалауға тиіс болатын. Жасаушылардың басым бөлігі мұндай типтегі сайттармен ұшыраспағанын айтып, әңгімені ұзартқан жоқ. Спорт сайттарын жасауға маманданған бір топтың өкілі арнайы келіп, түгел спецификасын қағазға сызып, аванс ақшасын алды да, содан кейін төбе көрсеткен жоқ, – дейді ол.

Есей Жеңісұлы ақыры сайтының алғашқы нұсқасын бір адамға жасатып, кейін оны өзге маманға оңдатқан.

– Қазіргі қалпында сайттың дизайны, мүмкіндігі өзіме ұнайды. Бірақ әлі толық ойымдағыдай болған жоқ. Алдағы уақытта сөзсіз жетілдіру керек, – дейді ол.

«НАҚТЫ БІР САЛАҒА МАМАНДАНҒАН АДАМДАР АЗ»

Қазақстанда ақпараттық технология саласын меңгерген адамдарға мұқтаждық бар екенін IT маманы, Surak-zhauap.kz жобасының авторы, Ербол Серікбай да растайды. Оның айтуынша,Қазақстанда бұл салада әсіресе нақты бір бағытқа маманданған адамдар өте аз.

VPS (виртуал жеке сервер) баптайын маман, веб-программист, дизайнер, SEО-оптимизатор өте тапшы.

– VPS (виртуал жеке сервер) баптайын маман, веб-программист, дизайнер, SEО-оптимизатор өте тапшы. Көбісі ананы шұқылап, мынаны шұқылап, осы салаға келіп қалған, – дейді ол.

Ербол Серікбайдың сөзінше, елде IT саласында бәсекелестік мүлдем дамымаған, жаңа технологияларды білетін техникалық мамандарға сұраныс өте көп – жергілікті компаниялар ол жоқтың орнын өздерінше толтыруға мәжбүр.

– Сондықтан кейбір қазақстандық интернет ресурстар техникалық проблемаларын шешу үшін ресейлік не украиналық IT компаниялардың көмегіне жүгінеді. Ол компаниялар бөлімшелерін ашып, Қазақстанға қызмет көрсетіп жүр, – дейді Ербол Серікбай.

IT маманы Қазақстанның жаңа технологияны меңгеру қарқыны ақырын екенін, елдің бұл салада танымал өнім жасай алмай, әлі тұтынушы болып келе жатқанын айтып өкініш білдірді. Оның мәліметінше, қазақстандық сайттардың 70-80 пайызы тегін Open Source (ашық бағдарламалар) жүйесі негізінде, мәселен, Wordpress платформасы арқылы жасалған.

Компьютер қарап отырған студенттер. (Көрнекі сурет)
Компьютер қарап отырған студенттер. (Көрнекі сурет)

IT бойынша Қазақстанда бірнеше университет қана білім беретінін айтқан Ербол Серікбай «бұл нарықтағы кадр тапшылығынан құтылу үшін белгілі бір салаға маманданған адамдарды көбірек оқыту керек» деп біледі.

– Жаңа технологияларды салаға бөліп оқыту керек, бағдарламасын үнемі жаңарып отыруы керек, ол жаққа ІТ меңгерген жақсы мұғалімдер керек. Бұл саланы өз бетімен меңгергісі келген адам әсіресе ағылшын тілін үйреніп, интернеттегі тегін ресурстардан оқып, маман бола болады, – дейді ол.

Ербол Серікбай «Қазақстанда әзірше IT саласы бойынша ішкі сұранысты қанағаттандыра алатын мамандар жоқтың қасы болса да, белгілі бір саланы меңгерген жас мамандар ақырындап шығып келе жатыр» деп тәуба етеді.

«АҒЫЛШЫНША ТҮСІНЕТІН, КОМПЬЮТЕРЛІК САУАТЫ БАР 30 БАЛА»

Елдегі кей ІТ мамандар өздері жұмыс істейтін саладағы кадр тапшылығын өз беттерінше шешуге кіріскен. Мәселен, қазір Үндістанда жұмыс істеп жүрген IT сарапшысы Садық Шерімбек «өзгерістерге дайын, білімге құштар, техносүйер, білгенін өзгелермен бөлісе алатын жас буын өкілін» сол елде оқытқысы келетіні жайлы Facebook-парағында жазды.

«Үндістандағы бүкіл алты айлық білім алуы мен өмір сүру шығынын өз мойныма аламын. Бір ғана шарт бар. Үндістандағы оқуын аяқтаған соң, менің туған ауылым Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Бірлік ауылында бір жыл тұрып, сол жақтағы мектеп жасындағы балаларға ағылшын тілі бастамалары, компьютерлік программалау мен робототехника негіздері саласын үзбей оқытып, жақсы жетістіктерге жеткізуі керек... Үндістанның нарығын көрген бала Қазақстанда жүрген Ресей мен Украина компанияларын қуып шығатын деңгейге жетеді біраз жылдан соң» дейді ол.

Садық Шерімбек бұл бастамасын Қазақстандағы IT саласы мамандарын даярлауға көңілі толмауымен түсіндіреді. Оның сөзінше, бұл салада әсіресе өндірісті автоматтандыру ісінің мамандары өте тапшы.

– Автоматизация – табиғатынан өте қажет мамандық. Тек біздің елдің жоғары оқу орындарына ол мамандыққа түскен студенттер соңына дейін өздерінің не істейтіндіктерін білмей кетеді. Hyundai, Hitachi, Siemens-тердің автоматизация жүйелерін оқытпайды бізде. Алматыда бірен-саран оқу орындары ғана Siemens-тің курстарына жолдама беріп тұрады, – дейді ол.

Смартфон ұстап отырған жастар. (Көрнекі сурет)
Смартфон ұстап отырған жастар. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда автоматизация ісі мамандарына сұраныс жоғары екенін айтқан Садық Шерімбек «біздің технологияда пилоттармен айлықтары бірдей мамандық иелері – осылар» дейді. Ол өзі жұмыс істейтін саланың Қазақстандағы дамуына оптимистік көзбен қарайды. Маманның пікірінше, өзі Үндістанға оқуға шақырған жас ол жақтан білім алып келіп, бір жылдың ішінде бір ауылдан ағылшын тілін түсінетін һәм компьютерлік сауаты бар 30 оқушы тәрбиелесе, «бұл – саналық революция».

«МАМАНДАР ЖЕТКІЛІКТІ, БІРАҚ МЫҚТЫЛАР АЗ»

Елдегі ірі ұлттық байланыс операторы «Қазақтелеком» телекоммуникациялық компаниясының IT маманының (аты-жөнін жарияламауды өтінді) айтуынша, елде ақпараттық технология мамандары жеткілікті, гәп – олардың сапасына қатысты.

Мамандар бар, бірақ соңғы технология мамандары жетпейді. Мысалы, жасанды интеллект, big data, data science саласындағы мамандар керек.

– Мамандар бар, бірақ соңғы технология мамандары жетпейді. Мысалы, жасанды интеллект, big data, data science саласындағы мамандар керек, – дейді ол.

Сұхбаттасымыз «жобаның қиындығына байланысты бізде болмаған технологиялар қолдану керек болса, кей компаниялардың шетелден мамандар шақыратыны рас» екенін айтады. Оның сөзінше, елдегі ІТ саласындағы мықты мамандардың көбі шетелге кетіп жатыр.

– Қазақстандағы жалақы мықты ІТ мамандарға аз болады. Мен танитын біраз адамдар шетелге жұмысқа кетті. Күшті мемлекеттер – АҚШ, Канада, Австралия, Еуропа мамандарды өздеріне тартады. Олар шетелде жаңа технология үйренеді, жалақысы мықтылығына қарай өсе береді. Бұған ешнəрсе істей алмайсың, – дейді ол.

Қазақстанда IT саласын дамыту жайын билік те жиі сөз қылады. Мысалы, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын жолдауына қарағанда, Қазақстан ақпараттық технологияны дамытуды «30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеудің» басты құралы деп біледі. Елдің «цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуі тиіс» екенін айтқан Назарбаев үкіметке ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауды, «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырған.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дамуы индексі бойынша әлемде 1-орында тұрған Оңтүстік Кореядағы интернет қауіпсіздігі агенттігі. Сеул, 28 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дамуы индексі бойынша әлемде 1-орында тұрған Оңтүстік Кореядағы интернет қауіпсіздігі агенттігі. Сеул, 28 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі сайтындағы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жобасынша, елде 2021 жылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында 182 мың адам жұмыс істеуі керек, бұл саланың табысы жалпы ішкі өнімнің 4,9 пайызын құрауы тиіс. Министрлік төрт жылдан кейін Қазақстанда интернет желісінің пайдаланушылар үлесі 81 пайызға, халықтың цифрлық сауаттылығы деңгейі 81,5 пайызға жетеді деп жориды.

Әзірше БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі – Халықаралық телекоммуникация одағының ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дамуы индексіндегі 30 озық елдің қатарында Қазақстан жоқ. Бұл ел осы индекске кірген 175 елдің арасында 52-орында. Бұрынғы постсоветтік елдер бойынша бұл тізімде Қазақстаннан озғандар – Беларусь (31-орын) пен Ресей (43-орын). Тізімнің басында Оңтүстік Корея, Исландия мен Дания тұр.

XS
SM
MD
LG