Павлодар облысындағы №162/4 қатаң режимдегі колонияда маусымның 18-і күні күндіз 28 жастағы сотталушы азамат дарға асылып өлген. Азаттық радиосына бұл туралы Павлодар облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«ЕШКІМДІ КІНӘЛАМАЙДЫ»
– Сотталушы жұмыс істеп отырған жерінде өлген. Киімін тігіп отырған болатын. Ол өліміне ешкімді кінәламайтыны туралы хат қалдырып кеткен, – дейді комитеттің баспасөз қызметінің хатшысы Борис Гаврилюк маусымның 20-сы күні Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, сотталушы 2002 жылы жазда қарақшылық және ұрлық жасағаны үшін 11 жылға сотталған екен. Борис Гаврилюк қазір осыған
байланысты тексеру жүріп жатқанын айтты.
Павлодар облысында жыл басынан бері мұндай жайттың осымен төртінші рет қайталанып отырғанын айтқан сұхбаттасымыз «мұндай ақпаратқа қоғамның назарын қатты аудартудың қажеті жоқ» екенін ескертті.
ЗАРЕЧНЫЙДАҒЫ ОҚИҒА
Маусымның 17-сі күні Алматы қаласы маңындағы Заречный елді мекенінде орналасқан қатаң тәртіптегі колонияда да сотталушылардың бірі өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
Құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің айтуынша, ИК-71 колониясында өткен жұмада СПИД-пен ауыратын бір топ сотталушы тамақтандыру мен медициналық көмек көрсету жүйесіне шағымданып, Алматы облыстық қылмыстық атқару комитеті өкілдерімен кездесуді талап еткен. Өздерінің талаптарын орындату үшін олардың кейбірі тіпті өз-өздеріне қол жұмсауға дейін барған. Колония әкімшілігі түрмеге әскер кіргізген.
«Қазір түрменің алдына сотталушылардың көптеген туыстары, ішкі әскер солдаттары жиналған. Біздің ойымызша, олар әскерді бекер әкелген. Себебі сотталғандар режимге бағынбайтын акция ұйымдастырған жоқ» делінген маусымның 17-сі күні ақпарат құралдарына тараған хабарламада.
Алматы қаласы және облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитеті бұл айтылғандардың басқасын растаса да, «түрмеге әскер енгізілді» деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.
Комитет өкілінің айтуынша, жұма күні түрме әкімшілігіне өздерінің шағым-талаптарын айтқан сотталушылар жоғарыда көрсетілген талаптардан бөлек колониядағы режимді жұмсартуды талап еткен.
– Олар сонымен бірге режимді жұмсартуды және үйден келетін сәлемдемелерді шектемеуді сұрады, – дейді комитет төрағасының орынбасары Ирина Якубова.
Сұхбаттасымыз сотталушылардың шағымданған кезде қатты ашуланып, мазасыз күйге түсетіндерін де айтып берді. Оның айтуынша, түрме әкімшілігіне қысым жасау мақсатында сотталушылардың екеуі қолдарын жарақаттап, тіпті біреуі өзін-өзі өлтірмек болған.
– Алайда колония қызметкерлері оны көріп қалып, қол жұмсауына мүмкіндік бермеген. Оған медициналық көмек көрсетіліп, Қапшағайдағы ауруханаға алып кетті. Қазір оның жағдайы қалыпты. Бүгін оны алып кетеді ол жақтан, – деді Ирина Якубова маусымның 20-сы күні Азаттық тілшісіне.
Ирина Якубованың айтуынша, осыдан кейін колонияда комитет өкілдерінің қатысуымен түсіндірме жұмыстары жүргізілген, қазір «жағдай қалыпты».