Accessibility links

Медиаторлар коммуналдық қарыз жабу жолын ұсынды


Теміртау медиаторлары. Теміртау, 14 маусым 2013 жыл.
Теміртау медиаторлары. Теміртау, 14 маусым 2013 жыл.

Коммуналдық қызметке борышкер болған тұрғындардың қарызын төлеуге шамасы жетпейді. Медиаторлар шиеленісті басқаша жолмен шешуді ұсынып отыр.

Орталық Қазақстанның шағын өндірістік қаласы Теміртаудың тұрғыны Ирина Тишкина коммуналдық мекеме қызметкерлерінің қарыз өндіру тәсілін өз басынан өткерді. «Оқжетпес» кәсіпорнына коммуналдық қызмет ақысын төлеп келген әйел олардың түбіртегіне назар аудармай, бәрін өзі есептейтін. Сөйтіп есептен жаңылады, солайша 10 мың теңге қарыз болып шыға келеді. Сомасы көп болмаса да, оның электр энергиясын өшіріп, сымын кесіп кетті. Ирина Тишкинаның айтуынша, оған ештеңе ескертпеген. Қосылу үшін қарыздан бөлек 800 теңге төлеуге тура келді. Теміртау тұрғыны Ирина Тишкина Азаттыққа:

– Бәрін өркениетті әдіспен жүзеге асыру керек еді. Бізді түк түсінбейтін тобыр санамасын. Бірден энергияны өшірмей, алдымен адамдарға ескерту керек, – дейді.

Теміртау тұрғыны Ирина Тишкина.
Теміртау тұрғыны Ирина Тишкина.
Мұндай жағдай Қазақстанда көп адамның басынан өткен. Енді бұл мәселені шешуге жаңа кәсіп иелері - медиаторлар ұмтылып отыр. Олардың қызметі ақылы. Медиаторлар «заңдық шиеленістерді сотқа жеткізбей, көп шығынға ұрындырмай шешіп береміз» дейді. Бірақ коммуналдық қызметтер мен тұрғындардың кейбірі «медиатор тәрізді делдалдарсыз-ақ мәселені шешуге болады» деп санайды.

СОТТЫ АЙНАЛЫП ӨТУ

Теміртауда құрылған «Синергия» қоғамдық бірлестігінің медиаторлары жергілікті коммуналдық қызметкерлерге мәселе сотқа жетпей тұрған кезеңде-ақ борышкерлермен жұмыс істеуді ұсынады. «Солайша уақыт пен ақшаны үнемдеп, жүйкеңізге салмақ түсірмейсіз» дейді олар.

Олар коммуналдық кәсіпорын мен тұрғындармен қарызды өтеу туралы арнайы келісім жасау керек дегенді түсіндіріп жатыр.
Кәсіпорын сот шығынын өтемейді, сот үкімін орындаушыларға бармайды. Қарызды мәжбүрлеп төлетуден құтылады, бәрі ерікті түрде орындалады.

– Тұтынушының материалдық жағдайына байланысты қарызды өтеудің арнайы кестесі жасалып, әр төлемнің мөлшері анықталады. Кәсіпорын сот шығынын өтемейді, сот үкімін орындаушыларға бармайды. Қарызды мәжбүрлеп төлетуден құтылады, бәрі ерікті түрде орындалады, – дейді «Синергия» қоғамдық бірлестігінің медиаторы Елизавета Ахметова.

Теміртаудағы медиаторлардың қызметі әзірге тегін. Бірақ болашақта олардың қызметі ақылы болуы ықтимал. Ақылы қызметті қатардағы тұтынушы, борышкер пайдалануы мүмкін.

Теміртау қаласының сотына түсетін азаматтық істің көбі коммуналдық қызмет бойынша қарызды өндіруге арналады. Осы жылдың бес айында сотқа осындай 600 азаматтық шағым түскен. Тұрғындар 10 мың, кейде тіпті 100 мың теңге қарыз болып шығады.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Тұрғындар көбінесе электр энергиясы, жылу мен судың ақысын төлемейді. Коммуналдық мекеме қызметкерлері қарызды өндіру жолдарын ойлап табатынын айтады. Олардың айтуынша, алдымен борышкерге ескерту жасалады. Сосын қызметтен айырады, одан нәтиже болмаса, сотқа береді. Қызметкерлер мұндай шараның да әсер етпейтін кезі болатынын айтты.

Ал қарызды сот арқылы өндіру ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Алдымен шағымданушы мемлекеттік баж салығын төлеуге тиіс, екіншіден істің оның пайдасына шешілуі де екіталай. Оның үстіне жауапқа тартылушы сот шешіміне шағымдануы мүмкін.

Медиаторлардың айтуынша, соттасу борышкерді де әуреге салады. Сот біткен соң олар қарызды қайтарып ғана қоймай, мемлекеттік баж салығының шығынын өтеп, сот үкімін орындауға кеткен соманың 10 пайызын төлейді. Көбіне олардың дүние-мүлкі тәркіленіп, сатылады. Медиаторлар «соның бәрінен құтылу үшін біздің қызметті пайдалансын, кызмет берушімен келісімге келіп, жеке кесте бойынша тұтынушылар қарызды өз еркімен төлесін» дейді.

"МЕДИАТОРЛАРҒА МҰҚТАЖ ЕМЕСПІЗ"

Теміртаудың коммуналдық мекеме қызметкерлері жақында қалада өткен сот кеңесінде медиаторлардың ұсынысы туралы естіді. Ол жерге судьялар мен коммуналдық кәсіпорын заңгерлері шақырылды. Бірақ заңгерлер «Қызмет беруші мен тұтынушы-борышкер арасындағы шиеленісті шешуге медиаторлар керек пе?» деген сауалға нақты жауап бере алмады.

Біраз уақыт өткен соң коммуналдық мекеме қызметкерлері өз пікірін білдірді. Теміртау қаласының көп бөлігіне электр энергиясын, жылу мен ыстық-суық су жеткізетін «Оқжетпес» коммуналдық кәсіпорны медиаторлардың қызметі мен олардың қарыз өндіру әдісіне мұқтаж емеспіз дейді.
Тұрмысы нашар адамдарға арналған жәрмеңкеден келе жатқан тұрғын. Теміртау, 29 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Тұрмысы нашар адамдарға арналған жәрмеңкеден келе жатқан тұрғын. Теміртау, 29 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

– Медиаторлардың бізге керегі не? Өзіміз де медиаторлар сияқты жұмыс істейміз. Клиенттің жағдайына қарап, қарызын бөліп төлеуді де ұсынамыз. Әр адамның жағдайын жеке қараймыз. Алдымен оларға қарызды өтеу туралы ескертеміз. Егер өтемесе, электр энергиясын не кәріз жүйесі қызметін өшіреміз, сонда да міндетін өтемесе сотқа береміз, – дейді Азаттыққа «Оқжетпес» өткізу қызметінің басшысы Екатерина Болюх.

Қазір бұл кәсіпорынға 8 мыңнан астам тұрғын қарыз. Жыл басталғалы сотқа 250-ден астам шағым түсіпті. Әдетте сотқа арыз қарыз 50 мың теңгеден асқанда беріледі (шамамен 330 АҚШ доллары). Кейде тұтынушының қарызы бірнеше жүз мың теңгеге кетіп қалады.
Егер медиаторлар расымен көмектесіп жатса, жақсы. Бірақ олар біздің мәселені тегін шешіп бермейді ғой.

Тағы бір жергілікті коммуналдық кәсіпорын «Аква-трейдинг» медиаторлар сияқты үшінші тараптың араласуынан нәтиже шықпайды деп санайды. Кәсіпорын басшысы Әнуар Аркенов Азаттық тілшісіне:

– Әрине, олар төлемді кешіктіреді. Бірақ өз күшімізбен амалдауға тырысамыз. Біздің өткізу қызмет бөлімі биыл борышкерлерді мықтап қолға алды. Коммуналдық салада үшінші тараптың араласуы қажет емес. Бұл мәселе түбегейлі шешімін таппаған. Мүмкін медиаторлар қарызы бар тұрғындарды қузауға ықпал ететін шығар, бірақ олардың да қызметін төлеу керек, – деді.

Қатардағы тұтынушы Ирина Тишкина да медиаторлардың мәселені шешетініне күмәнмен қарайды.

– Егер олар расымен көмектесіп жатса, жақсы. Бірақ олар біздің мәселені тегін шешіп бермейді ғой. Коммуналдық қызметті анда-санда төлемейтін адамға қарызды өзі өтегені ыңғайлы, бөгде біреулердің қызметін төлеу қажет емес. Мүлде төлегісі келмейтін тұтынушыларға бәрібір – оларға сот та, медиаторлар да көмектеспейді, – дейді Ирина Тишкина.

Бірақ Теміртауға көрші қала, облыс орталығы Қарағандыда медиаторлар қызметі өркендеп келеді. Негізінен олар «Қарағанды жылу» компаниясының борышкерлерімен жұмыс істеп жатыр. Бұл кәсіпорын қарағандылықтарға электр энергиясы мен жылу таратады.

Мақаланы аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG