Accessibility links

Мәжіліс Еуразия одағы келісімін мақұлдады


Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко (солдан оңға қарай). Астана, 29 мамыр 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко (солдан оңға қарай). Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

Қазанның 1-і күні Қазақстан парламентінің мәжілісі Қазақстан, Беларусь және Ресей Федерациясы арасындағы Еуразия экономикалық одағы келісімін мақұлдап, сенатқа жолдады.

Еуразия экономикалық одағының қызметін (ЕЭО) 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап күшіне ендіретін келісімді Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттары мақұлдады. Сенат бұл құжатты осы апта қарайды.

Парламент мәжілісіндегі «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің Азаттық тілшісіне айтуынша, Еуразия экономикалық одағы туралы келісімді мақұлдар кезде депутаттар тарапынан ешқандай қарсылық болмаған.

- «Қазақстанның тәуелсіздігіне қатер төндіруі мүмкін кез-келген ұйымнан шығатынымыз» туралы президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан сөзді депутаттардың есіне салдым, - дейді ол.

ЕЭО туралы келісімді қыркүйектің 26-сы күні Ресей мемлекеттік думасы бірауыздан мақұлдаған еді. Құжатты Беларусь парламенті қазанның 7-і күні ратификациялайды деп жоспарланған.

Парламент сенатының бұрынғы депутаты Зәуреш Батталова – ЕЭО туралы келісімге қол қоюға қарсылық білдіріп, «мемлекет тағдырын шешуге қатысы бар мұндай одақтар референдум арқылы шешілуі тиіс» дейтін ұстанымда жүрген қоғамдық белсенділердің бірі. Ол биыл көктемде басталған Украина мен Ресей арасындағы тартыс пен Ресейге салынған санкциялардан кейін ЕЭО туралы келісімді парламент бекітпей қоя тұруы мүмкін деген аз да болса үміті болғанын айтады.

- Ресейге салынған экономикалық санкциялардың әсері қазір Қазақстанда анық біліне бастады. Оны депутаттардың білмеуі мүмкін емес. Соған қарамастан одақты ратификациялап, парламенттің атқарушы биліктің қолбаласы екенін тағы бір рет дәлелдеп отыр, - деді ол Азаттыққа.

Досым Сәтпаев.
Досым Сәтпаев.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев:

- Геосаяси ойындарымен Ресей киліккен санкциялар Кеден Одағы (ЕЭО Кеден Одағы дамуының келесі сатысы деп жарияланған - ред.) елдерінің тауар айналымына зиян тигізіп үлгерді. Санкциялар кесірінен Ресей экономикасы (рублі) құлдырап, ол Қазақстан валютасы мен экономикасына проблема тудырады деген болжам бар. Яғни біз саясатты экономикадан, саяси мүддені бизнес мүддесінен жоғары қоятын мемлекетпен әріптес болып отырмыз, бұл өте қауіпті, - дейді.

13 жыл парламент сенатының депутаты болған Бексұлтан Тұтқышев бұрынғы әріптесі Зәуреш Батталованың пікіріне қосылмайды. Оның ойынша, мәжілістің ЕЭО туралы келісімді тезірек бекіткені дұрыс болған.

- Қазақстанның жері көп, адамы аз, өзімізді Қытайдан да, Ресейден де қорғай алмаймыз, оның үстіне Ресей – құдайы көршіміз. Одаққа қосылғаннан қорықпау керек, кей тұстарда ұтылсақ та, кей тұстарда ұтатынымыз бар, - дейді ол.

Азаттық тілшісі ЕЭО туралы келісімді мақұлдаған мәжілістің қазіргі басқа да бірнеше депутатын сөзге тартып көрген еді. Бірақ олардың барлығы дерлік түрлі себеппен пікір айтудан бас тартты.

Бұған дейін кейбір ресейлік ақпарат құралдары Украина мен Ресей арасындағы шиеленістен соң Қазақстан мен Беларусь ЕЭО құру туралы келісімді мақұлдауды шегіндіруі мүмкін деген сарындағы жорамалдар таратқан еді.

Қыркүйектің 24-і күні Қазақстан парламенті мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің жетекшісі Мәулен Әшімбаевтың «бұл жобаға (ЕЭО туралы келісім – ред.) біздің комитет биыл желтоқсанның 11-іне дейін қорытынды жасайды» деген пікірі қазақстандық кейбір антиеуразияшыл топтардың үмітін оятып, әлеуметтік желілерде түрлі пікірлерге түрткі бола бастаған еді.

Азаттық тілшісі осы пікіріне орай сол күндері Мәулен Әшімбаевпен және ЕЭО туралы келісім жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Қуаныш Сұлтановпен хабарласып көрген. Екеуінің де өкілдері «келісімді мақұлдауға қатысты жұмыс жоспар бойынша жүріп жатқанын, қазан айының 1-іне талқылауға шығарылып, келісім қазанның 10-ына дейін дайын болуы тиіс екенін» айтқан. Бұл ақпарат Ресей мемлекеттік думасының ТМД істері жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Слуцкийдің қыркүйектің 26-сы күні айтқан «ЕЭО келісімін Қазақстан қазанның 1-і, Беларусь қазанның 7-сі бекітіп, қазанның 9-ы күні Минскде үш мемлекет басшысы кездесуі керек» деген сөзіне сай келді.

Биыл мамыр айының 29-ы күні Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин ЕЭО құру туралы келісімге қол қойған еді. Келісім үш мемлекеттің парламенті бекіткен соң 2015 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс.

ЕАЭО келісіміне қол қою
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:35 0:00
Жүктеп алу

​Одақты жақтаушылар бұл құрылымның үш мемлекет үшін капитал мен тауар еркін айналатын тығыз интеграциялық даму жобасы ретінде сипаттайды. Бірқатар қазақстандық саясаткерлер мен азаматтық қоғам белсенділері одақтың шарттарын Қазақстан экономикасы үшін бәсеке тұрғысынан тиімсіз, елді ресейлік және белорус тауарларының нарығына айналдыратын амал деп сынайды.

XS
SM
MD
LG