ҰҚК-нің шекара академиясы «намаз оқитын жастар академияға да алынбайтынын» ескертеді. Ал қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша «діни жораларды сақтайтын адамдар әскерге шектеусіз қабылданады».
Азаттық радиосының тілшісіне Қазақстандағы әскери оқу орындарының бірінің оқытушысы Талғат Жораев (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) әскери қызметкерлер арасындағы «діни радикализмге бейімдерді» анықтаудың өзі жасаған тәсілдері туралы әңгімелеп берді.
«ҚАЛАЙ АНЫҚТАСАҢ ДА, ӨЗІҢ БІЛ»
Талғат Жораевтың айтуынша, оның арнайы дінтанушылық білімі жоқ. Бірақ оқу орнының басшылығы оның курсанттарға гуманитарлық салада сабақ беретінін ескеріп, әскери училищедегі діни ахуалды бақылап тұру және қандай да курсант немесе әскери қызметкер діни сеніміне орай күдік туғыза қалса, ол туралы ішкі қауіпсіздік қызметіне ақпарат жазып беру міндетін жүктеген.
Оқытушы өзіне намаз оқитын курсанттар мен әскери қызметкерлерді анықтау туралы тапсырма берілгенін, «қалғанын басшылықтың шешетінін» айтады. Оның сөзінше, намаз оқитын әскери қызметкерлердің барлығын жоғарыдан түскен ауызша нұсқау бойынша түрлі сылтау тауып оқудан, не жұмыстан шығарады. Сондықтан «діни сенімім үшін қудалады» деп ешкім шағымдана алмайды, бірақ оның не үшін шығарылғанын жұрттың бәрі біледі.
– Ондай адамдар жауапты жұмыстардан бірден шеттетіледі, қолдарына қару берілмейді. Қазіргі жағдайда намаз оқып жүріп, жоғары лауазымды офицер болу екіталай. Бұйрықтан бас тарта алмайсың, бірақ бұл жұмысты қалай бастарымды білмедім. Академияда намаз оқитын курсанттар баршылық еді. Маған әуелі соның ішіндегі «теріс ағымда» жүргендерді анықтауды тапсырды. Бірақ кімнің дұрыс, кімнің бұрыс жолда жүргенін анықтау тәсілдерін өздері де білмейтін болып шықты. «Қалай анықтасаң да, өзің біл» деп бұйырды. Шындап келгенде, жоғары жақтың мақсаты кімнің қай мазһабта жүргенін емес, кімнің намаз оқитынын анықтау екені белгілі болды, – дейді Талғат Жораев.
«ҚМДБ БЕКІТПЕСЕ, ТЕРІС ЖОЛДА ДЕГЕН СӨЗ»
Талғат Жораев «газет-журналдарды парақтап, діннен хабары бар адамдармен, мүфтиліктің қызметкерімен әңгімелескенін» айтты.
– Бірақ біреудің сырт келбетіне, жүріс-тұрысына қарап діни көзқарасын анықтаудың нақты тәсілін ешкім айтып бере алмады. Ақыры «Әбу Ханифа мазһабынан басқа жолда жүргендерді» анықтауға арналған өзімнің жеке тәсілдерім мен тест сұрақтарымды жасадым, – дейді ол.
Талғат Жораевтың айтуынша, ол намаз оқитын курсанттармен әңгімелесе келе оның әуелі дінін, пайғамбарын, сосын мазһабын сұрайды.
– Мәселен уаххабистік көзқарастағылар намаз оқыған кезде аяқтарын талтайтып, шынтақтарын жанындағы адамға тигізіп тұрады да, аракідік «әмин» деп дауысын созатыны белгілі. Қазір курсанттардың намаз оқуына рұқсат жоқ. Дегенмен олардың оқып жүрген кітаптарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен бе, жоқ па – соған қараймын. ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы) бекітпесе, онда теріс жолда деген сөз, – дейді ол.
Әскери оқытушы түрлі діни тақырыпта сөйлесіп, діни сауалдар қойған кезде «діндар курсанттың» психологиясы тез-ақ сыр беретінін айтады. Бірақ Талғат Жораевтың «жеке тесті» қандай да бір ғылыми, я болмаса діни кеңестің сараптамасынан өтпеген. Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен де бекітілмеген. «Қазақстанда ислам діні туралы кітаптар ҚМДБ-ның бекітуімен ғана шығарылады» деген ұйғарым да – өзінікі.
Әңгіме барысында Талғат Жораев естіген-білгендерінен өзі жасаған тест сұрақтары әскери училищеде біраздан бері тәп-тәуір кәдеге жарап келе жатқанын, басшылық тарапынан сын болмағанын айтты.
– «Діни-психологиялық» жауаптарға дұрыс жауап бермеген жастар да әскери комиссариаттан өте алмайды. Денсаулығы жарамды болса да, келешек «уаххабшылардан» осылайша құтыламыз, – дейді «тест авторы», әскери оқытушы Талғат Жораев.
«ҚҰРАН ОҚЫҒАНЫМ ЕСТЕРІНЕ ТҮСТІ»
Азаттық тілшісі зейнет жасына, яғни 45 жасқа толысымен дереу әскерден шығарылған тағы бір әскери қызметкермен сөйлескен еді.
– Мұсылман баласы болған соң бата жасап барғанда Құран оқу салтымызда бар нәрсе ғой. Кезінде жоғары басшылық қызметкері «Құран оқи аласың» деп қояр да қоймай Құран оқытып еді бір қазаға көңіл айта барғанымызда. Дін туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін жаңа басшылықтың есіне сол «түсіп кетіп», көп алдында бетіме басты. Жұрт көзінше мешітке барып намаз оқуды да қойдық. Бірақ бәрібір зейнет жасқа толысымен қызметімнен босатып тынды, – дейді аты-жөнін айтуды қаламаған бұрынғы әскери қызметкер.
Оның айтуынша, зейнет жасына толғанымен, өзгелер секілді әлі де бірер жыл сапта жүруіне мүмкіндігі болған.
«НАМАЗ ОҚИТЫНДАР АКАДЕМИЯҒА АЛЫНБАЙДЫ»
Осы мәселеге орай Алматыдағы бірқатар әскери оқу орындары мен қорғаныс министрлігіне хабарласқан едік. Соның ішінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) шекара академиясы «өздерінде намаз оқитын курсанттар жоқ екенін» айтты.
Ол академияның тәрбие және әлеуметтік құқықтар басқармасының аға офицері, капитан Қуандық Ибраевтың сөзіне қарағанда «намаз оқитын жастарды академияға да алынбайды».
Ал қорғаныс министрлігі Азаттық радиосының арнайы жолдаған сауалына «Діни жораларды сақтайтын адамдар әскери қызметке шектеусіз қабылданады» деп жазбаша жауап берді.
Министрліктің сөзіне қарағанда «Жаңа заң қабылданғаннан кейін діни белгісі бойынша әскери қызметшілерге қатысты ешбір қысым тіркелмеген. Тек «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң талабына сәйкес «Қарулы күштерге қатысы бар орындарда Құдайға құлшылық етуге, діни жораларды, рәсімдерді және жиналыстар жасауға, миссионерлік қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді».
Қорғаныс министрлігі Азаттық радиосының «Солдаттар мен курсанттардың діни сенімін тексеру үшін қолданылатын қорғаныс министрлігі бекіткен арнайы нұсқаулық немесе арнайы тест сұрақтары бар ма?» деген сауалын жауапсыз қалдырды.
ӘРКІМНІҢ ӨЗ ТЕСТІ БАР
Биыл, қыркүйектің ортасында Атырау облысы Құлсары кентінде арнайы жасақтың шабуылынан кейін мерт болғандардың діни сенімі де әркімнің өз «тесті» бойынша анықталған еді.
Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы оларды «тәкфірші террористер» десе, Атырау облыстық дін істері жөніндегі департаментінің директоры Оразбек Қасымов «Атыраудағы сегіз мыңға жуық жамағаттың 60-70 пайызы салафиттер екенін» айтты.
Ал осы департаменттің теологы Нұрәлі Қайранбаевтың пікірінше де Құлсарыдағы теракт жасамақ болғандар – «сөз жоқ, уаххабизм ағымы өкілдері».
– Мен оларды мемлекетті мойындамау, әскери қызметкерлерге, жауынгерлерге қарсылық білдіру тәрізді идеологиялық ұстанымдарына қарап анықтап отырмын, – деген еді ол Азаттық тілшісіне.
Қазақстанда әсіресе соңғы екі жылда жиілеп кеткен «террористік», я «діни экстремистік топтардың» «көзін жою операцияларынан» соң арнайы қызмет орындары, полиция мен бас прокуратура «атыста қаза болғандардың» ұстанған қандай да бір нақты идеялары мен көзқарастары туралы егжей-тегжейлі ақпарат бермей келеді.
Қазақстан Республикасы конституциясының 2-бөліміндегі 14-баптың 2-тармақшасы бойынша «Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды». Ал осы бөлімдегі 19-баптың бірінші тармағына сәйкес «әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы».
Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.

«Діни-психологиялық» жауаптарға дұрыс жауап бермеген жастар да әскери комиссариаттан өте алмайды. Денсаулығы жарамды болса да, келешек «уаххабшылардан» осылайша құтыламыз.