– Үйден шықпаймыз. Себебі қазір қалада қарауылдар қайта күшейіп тұр. Кешкі сағат, мейлі, 21.00 болсын ұстап алады да, сағат 23.00-те учаскеге алып келеді, «жаңа ұстадық» деп. Дәлелдеп көр. 12 мың теңге айыппұл төлеп шығасың, – дейді Жаңаөзен қаласының тұрғындары Азаттық тілшісіне.
Олар «марқұмдардың қырқын беру ғұрыптарына бара алмай отырғандарын» айтады.
«АЛЛАНЫҢ ЖАЗУЫ МА ЕКЕН!»
Жаңаөзен қаласының тұрғыны Жаймұхан Көшеров ұлының қырқын беріп жатыр. Оның баласы, «Өзенмұнайгаз» компаниясының бұрынғы жұмысшысы, 32 жастағы Жаңаберген Көшеров желтоқсанның 16-сы күні аяғынан тиген оқтан көз жұмған. Оқ оның сол аяғына тиген, бірақ жас жігіт медициналық көмек дер кезінде көрсетілмегендіктен қансырап көз жұмған.
– Баламның денесі мәйітханада жатқанын 16-сы күні кешке естідім. 18-і күні тануға барып, 19-ы күні сүйегін үйге әкелдік. Сол күні жерленді. Бәрін айта алмаймын, – деді Жаймұхан Көшеров жасқа булығып. – Қырқына ағайын-тума, жора-жолдас көп келді. Миллион теңгені де алдық. Алланың жазуы ма екен! – деп тағы үнсіз қалды.
Жаймұхан Көшеров Жаңаөзен қалалық сотына баласының қазасына кінәлі адамды тауып беруді талап етіп, арыз жазған. «Жауап береміз, қарап жатырмыз» деген бір хат келіпті. Марқұмның артында екі баласы, жары қалды.
АУРУХАНА МЕН АБАҚТЫДАҒЫ ДОСМАҒАМБЕТОВТЕР
Жаңаөзен қаласы тұрғындарының айтуынша, жаралы адамдарды қамау оқиғасы көбейе түскен. «Ауруханадан шыққандарды бірден апарып қамап жатыр» дейді олар.
Жаралылар арасында жағдайы нашарлар да көп. Солардың бірі – Ақтаудағы облыстық аурухананың хирургия бөлімінің №7 палатасында жатқан 25 жастағы Қайрат Досмағамбетов. Қайраттың анасы, жасы 70-ке қараған Оңайгүл апа ұлына желтоқсанның 16-сы күні алаңның тұсынан өтіп бара жатқанда оқ тигенін айтады.
– Ол өте аңғал бала. Ереуілге тіпті қатысы болған жоқ. Тарсылдап жатқан мылтық даусын түсінбей, «Шартылдақтар атып жатыр ма?» деп аспанға қарап тұрғанында оқ екі шабының ортасына тиген, – дейді 12 баланы дүниеге әкелген Оңайгүл апа.
Оқ Қайраттың үлкен дәрет пен зәр шығару жолдарын зақымдап кеткен.
– Баланың дәретін түтікпен шығарып алып отырмын. Оған үш операция жасалды. Енді сол жерлерінің жарасы жазылса, Астанаға квота бере ме деген үмітім бар, – дейді анасы.
Оңайгүл апаның айтуынша, төсекке таңылып жатқан жарақаты ауыр Қайратты дәрігерлер ауруханадан ерте шығарып жіберуге тырысқан.
Маған ақшасын бермей-ақ қойсын, баламның денсаулығын қалпына келтіріп беруге көмектессе болғаны.
– Тек Ақтау қаласындағы № 9 шағын ауданда орналасқан дәрігерлер комиссиясына барып шағымданып, әзер қалдырдым. Маған ақшасын бермей-ақ қойсын, баламның денсаулығын қалпына келтіріп беруге көмектессе болғаны, – деді Қайрат Досмағамбетовтің анасы.
Оңайгүл апаның тағы бір баласы Мақсат Досмағамбетовтің абақтыда жатқанын бұған дейін жазған едік.
Азаттық тілшісі Жаңаөзенге сапары кезінде Мақсат Досмағамбетовтың жұбайы Динараны іздеді.
– Оның әйелі қорқып, үйіне жоламай жүр, – деді аты-жөнін айтудан бас тартқан таныстарының бірі. – Өйткені белгісіз біреулер есігін қағып, «былай деп арыз жаз» деп мазалайды екен.
Аты-жөнін айтқысы келмеген әлгі кісі бұл әулеттегі адамдардың дені мұнайшы болғанын, қазір жұмыссыз екенін айтты.
– Тағы бір баласы «НГДУ-4»-те дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. Ереуіл басталған күннің ертесінде жұмысқа барған оны бастықтар өздері қайтарып жіберіп, жұмыстан шығарған. Оның бүйрегі ауырады. Ол да содан соң ереуілге қосылып, жұмыс сұрап тұрды, – дейді Жаңаөзен тұрғыны.
«ҚАМАП ТАСТАЙМЫЗ»
«Өзенмұнайгаз» компаниясының мұнайшысы Жанат Мұрынбаев желтоқсанның 29-ында қамауға алынған екен. Жанаттың әйелі Күләш Тыныштықбаева қазір күйеуінің Ақтаудағы абақтыда отырғанын, бірақ онымен әлі кездесе алмағанын айтты.
– Қарауылдар бізден тек сәлемдемені ғана алады. «Сөйлесуге болмайды» дейді. Енді олар көршілерімізді тергеуге шақырып, «қамап тастаймыз» деп қорқытуға кірісті. Кезекті бір тергеу кезінде барып, сыртынан көріп кеттім, – деді ол.
Күләш Тыныштықбаева полицияға барып, «көршілерін мазаламауды сұрағанын» айтады.
– Көршілерім де алаңдаулы. Менің өзім де бейуақытта есік қаққан адамдардан қорқатын болдым, – дейді ол.
«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СОТҚА ТАРТУ КЕРЕК»
Жаңаөзенде қаза болған адамдардың қырқына орай Атырау қаласының бір топ тұрғындары орталық «Иманғали» мешітіне жиналды. Олардың арасында қаладан 300 шақырым Жылыой ауданынан келген азаматтар да болды.
– Оқ атқандар Алланың алдында да, заңның алдында жазаға тартылуы керек. Соларды атуға бұйрық бергендерге лағынет айтайық, – деді қоғамдық белсендісі Жұмабай Доспанов жиналғандарға.
Әдетте түскі намаз уақытында толып кететін орталық мешітте адам болған жоқ. Мешіттің орталық есіктерінің бірі мүлде жабулы тұрды. Біраз уақыттан соң жиналғандарға Жылыой ауданы тұрғындары келіп қосылды.
Құлсарыдан келген Орынбай Еркінбаев «осы дұғаға қатысу үшін он шақты адам болып арнайы келдік» дейді.
– Мен біздің маңғыстаулық қандастарымызды атқызуға бұйрық бергендерді Қазақстан соты әділ жазалайды дегенге сене алмаймын. Олар халықаралық сотқа жазаға тартылуы керек, – деді құлсарылық Ақтанберген Жалғасбаев.
Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев қаңтардың 25-і күні мемлекеттік телеарна арқылы Жаңаөзен оқиғасы туралы мәлімдеме таратты.
Бас прокурор оқиғаның шиеленісуіне «кінәлі», адам өліміне «айыпты» басшылардың және «оқиғаны ұйымдастырушылардың» аты-жөндерін атады.