Accessibility links

Жол апаты құрбандары күні қарсаңында Мақсат Үсеновтің есімі аталды


2013 жылы көлігімен адам қағып өлтіріп алған алматылық Мақсат Үсенов. Әлеуметтік желідегі суреттерінен коллаж.
2013 жылы көлігімен адам қағып өлтіріп алған алматылық Мақсат Үсенов. Әлеуметтік желідегі суреттерінен коллаж.

Жол апатынан қаза тапқандарды дүниежүзілік еске алу күні қарсаңында Алматыда Мақсат Үсеновтің кезекті рет көлік апатына ұрынғаны хабарланды.

Қазақстан бас прокуратурасының Азаттыққа берген ресми мәліметі бойынша, 2014 жылдың алғашқы он айында елде барлығы 16729 жол-көлік апаты тіркеліп, 23333 адам зардап шеккен. Олардың 2126-ы қаза тапқан. Билік орындары Қазақстанда былтырғымен салыстырғанда жол апаттары сәл де болсын азайғанын айтады.

«2013 жылдың алғашқы он айында 17542 жол апаты тіркелген. Биыл 16729 апат тіркелді. Жол апаттарының жартысынан көбі – жаяу жүргіншілерді қағып кету фактісі. Биыл он айда 7342 жаяу адамды қағу фактісі анықталды. Дегенмен, былтырғымен салыстырғанда биыл жол апаты 4,6% азайған» дейді бас прокуратура өкілі Сәбит Нұрлыбай.

Биліктің есебі бойынша, биылғы он ай ішінде ең көп жол-көлік апаты Алматы қаласында тіркелген. Жол апатынан қаза тапқандарды дүниежүзілік еске алу күні қарсаңында, Алматы қаласында Мақсат Үсенов есімді азамат жол-көлік апатына себепкер болған деген күдікпен ұсталғаны туралы хабар тарады.

Алматы қалалық полиция департаментінің веб-сайтындағы Мақсат Үсенов жайлы ақпарат. 15 қараша 2014 жыл.
Алматы қалалық полиция департаментінің веб-сайтындағы Мақсат Үсенов жайлы ақпарат. 15 қараша 2014 жыл.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша, қарашаның 15-і күні таңертеңгі 8 сағат 40 минут шамасында қаладағы Гагарин көшесінде жолдың қарсы бағытына шығып кеткен «Мерседес» автокөлігі «Тойота» жеңіл автомобилімен соқтығысып қалған. Оқиға салдарынан басынан жарақат алған «Тойота» көлігінің жүргізушісі – 38 жастағы әйел адам ауруханаға жеткізілген.

«Мерседес» автокөлігінің тізгінінде болған М.К.Үсеновті полиция патрулі дәрігерге тексеруге апарған. Жол-көлік оқиғасының мән-жайы тексеріліп жатыр деп хабарлайды Алматы ІІД баспасөз қызметі.

Жергілікті ақпарат құралдары бүгінгі жол-көлік апатына байланысты ұсталған адам бұған дейін Алматыда бір адамды автокөлікпен қағып өлтіріп алған Мақсат Үсенов болуы мүмкін деген болжам айтып отыр. 2013 жылы желтоқсанда Алматы көшелерінің бірінде Мақсат Үсенов BMW X6 жеңіл көлігімен көшеде алты адамды қағып, олардың бірі мерт болған еді. Оқиға орнынан қашып кеткен Мақсат Үсеновтің үстінен қозғалған іс кейін «тараптардың татуласуымен» жабылған. Биыл ақпанда Үсенов 45 күн әкімшілік қамауда отырып, сот шешімімен төрт жылға көлік жүргізушісі куәлігінен айырылған еді.

Осы Мақсат Үсенов пен сенбі күні жол-көлік оқиғасына қатысты ұсталған жүргізушінің бір я басқа адам екенін Алматы полициясынан анықтау мүмкін болмады.

Биыл жылғы қаңтар мен қараша айлары аралығында Қазақстанның әр аймағында болған жол апатының санын Азаттық әзірлеген төмендегі инфографикадан көре аласыз.

XS
SM
MD
LG