Accessibility links

«Күмбезбен» қалқалаған соң, шекараны да қорғауды ұсынды


Ресейдің Краснодар облысындағы радиолокациялық стационарлық станциясы. (Көрнекі сурет)
Ресейдің Краснодар облысындағы радиолокациялық стационарлық станциясы. (Көрнекі сурет)

Қазақстанға келген Ресей президенті Владимир Путин «ТМД елдерінің біріккен шекара күштерін» құруды ұсынды. Қазан айында Қазақстан-Ресей әскери ынтымақтастығы ұлғайды, мұның астарында қатер жатуы мүмкін бе?

Өткен аптада Бурабайда - ТМД елдерінің саммитінде Ресей президенті Владимир Путин одаққа мүше кейбір пост-советтік республикалардың сыртқы шекарасында күшейіп келе жатқан терроризм қаупіне бірлесіп қарсы тұру үшін «ТМД елдерінің біріккен шекара күштерін» құруды ойластыруды ұсынды. Бақылаушылар Путиннің жаңа бастамасына қатысты ұстамды реакция білдірді. Бұл мәлімдеме қарсаңында – Путиннің Астанаға сапары кезінде Қазақстан мен Ресей арасында Ресейден зымыран ұшыру тәртібі қарастырылған әрі «зымыраннан бөлінген қалдықтар» құлайтын жерді Қазақстаннан жалға алу туралы келісімге қол қойды.

Ал бұдан ертеректе Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық Балқаш торабын Ресейге беру шарттары туралы келісімді ратификациялау заңына қол қойған. Қазақстан генералдары мұндай келісімдер тиімді екенін ғана айтады. Алматылық саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттыққа берген жеке сұхбатында кейбір қатерлерді көрсетеді.

БАЛҚАШ ТОРАБЫ

«Балқаш торабы» - советтің зымыран шабуылын алдын ала ескерту жүйесі (ЗШЕЖ) элементінің СССР заманынан қалған атауы. Нысан Қарағанды облысындағы Балқаш көлі маңында орналасқан әрі ғарыш кеңістігіне үздіксіз барлау жүргізуге, баллистикалық зымырандар мен ғарыштық нысандарды автоматты түрде анықтап, оларды бақылауға арналған. СССР ыдырағаннан кейін Балқаш торабы ресейлік ЗШЕЖ-інің элементіне айналған. Нысанда құрамында әскери полициясы бар ресейлік жеке әскери бөлім қызмет етеді.

Балқаш көлі үстіндегі Халықаралық ғарыш станциясы. (Көрнекі сурет)
Балқаш көлі үстіндегі Халықаралық ғарыш станциясы. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық авиация генералы Сармантай Нұрғажиннің айтуынша, радиоэлектрондық кешеннен тұратын Балқаш торабы Қазақстан территориясында орналасқан өзге ресейлік полигондармен өзара тығыз байланыста жұмыс істейді. Оның негізгісі - Ресей территориясынан ұшырылатын зымырандар тиетін оқу-жаттығу нысаналары орналасқан Сарышаған полигоны. Балқаш торабы оларды атылған сәттен бастап Сарышаған полигонына келіп құлағанға дейін бақылайды. Жуырда Ресей Каспий теңізінен Сирия территориясындағы позицияларды атқылаған қанатты зымырандар да осы Сарышаған полигонында Балқаш торабының «бақылауымен» сынақтан өткен.

- Қанатты зымырандар Сириядағы нысаналарға артық-кемі бір метр дәлдікпен тиді, - дейді генерал Сармантай Нұрғажин.

Бірақ оның айтуынша, Балқаш торабының негізгі міндеті – әуе шабуылы мен зымыранға қарсы тиімді қорғанысты қамтамасыз ету мақсатыменәуе және ғарыштық кеңістікті барлау. Сармантай Нұрғажиннің пікірінше, Балқаш торабының әуе және зымыранға қарсы қорғаныс күштерімен өзара байланысы Қазақстанды қауіпсіздік «күмбезімен» қамтамасыз етеді әрі Ресейдің әуе және ғарыштық кеңістігін оңтүстік жақтан қалқалауға мүмкіндік береді.

Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары генерал-майор Валерий Сапсай 1990 жылдары Қазақстан-Ресей әскери-техникалық ынтымақтастық келіссөздеріне қатысқан. Ол екі мемлекет арасындағы әскери қауіпсіздікті бірлесіп нығайтуға бағытталған Балқаш торабы сияқты келісімдерді жоғары бағалайды. Оның айтуынша, құрамына Балқаш торабы да кіретін ресейлік ЗШЕЖ Ресей ғана емес, Қазақстанның қауіпсіздігін де қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді.

- Приозерск (Сарышаған полигонының әкімшілік орталығы) мен Балқаш торабы екеуі біртұтас жүйеде. Кезінде ең үлкен антенна Приозерскіде болған, - дейді генерал Валерий Сапсай.

Сонымен Қазақстанның әуе кеңістігі Ресей армиясы көмегімен күзетіледі. Жарты ай бұрын парламент сенатында қорғаныс министрінің орынбасары генерал Оқас Сапаров «Ресей Балқаш торабын Қазақстанның әуе кеңістігінде туындауы ықтимал қауіп-қатерлер туралы хабарлайтын «Крокус» қондырғысымен жабдықтайды» деп мәлімдеген.

ҮМІТ ПЕН ҚАТЕР

Жергілікті ресми баспасөз Қазақстан мен Ресей әскери ынтымақтастығын әрі қарай дамытуды құптап жазып жатыр. Парламент сенатының халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мүшесі болған бұрынғы депутат Ғани Қасымовтың айтуынша, Балқаш торабына қатысты келісім - ұжымдық қауіпсіздік аясында қабылданған міндеттемелерді орындауға бағытталған шаруа. Оның айтуынша, бұл келісімнен Қазақстан тек ұтады.

- Мұның бәрі екі елдің одақ аясында алған міндеттемелерін орындау үшін жасалып жатқан шаруалар, - дейді Ғани Қасымов Азаттыққа.

СССР-дің бұрынғы радиолокациялық станциясы, Балқаш-9 нысаны. Карағанды облысы, 22 мамыр 2010 жыл.
СССР-дің бұрынғы радиолокациялық станциясы, Балқаш-9 нысаны. Карағанды облысы, 22 мамыр 2010 жыл.

Әлеуметтік желілердегі бақылаушылар «Ресейдің Сириядағы әскери қақтығысқа араласуы және жуырда исламшылдардыңСириядағы нысандарын Каспий теңізінен зымырандармен атқылауы іс жүзінде соғысты Қазақстан шекарасына жақындатып қойды. Қазіргі кезде ешкім өзін қауіпсіз сезіне алмайды» деп жазады. Сондықтан «әскери ынтымақтастықты кеңейту кезінде тең құқылы ынтымақтастық шегінен қаншалықты аттауға болмайды?» деген сауал туады. Алматылық саясаттанушы Досым Сәтпаев ұжымдық қауіпсіздік болғаны жақсы, бірақ бір мемлекет өз қауіпсіздігін екінші бір мемлекет қорғайды деп үміттенгені жөн емес дейді.

- Біздің ел әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін шынымен де көрші мемлекетке сеніп тапсырып қойғандай көрінеді. Әсіресе соңғы кезде Ресей іс-қимылы мен саясатын ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымы аясындағы әріптес елдермен де келіспей әлемнің кейбір аймақтарында аяқастынан агрессиялық әрекетке көшіп жатқан кезде еліміздің ұлттық қауіпсіздігі үшін бұл - ең негізгі әрі ең үлкен қауіп, - дейді Досым Сәтпаев.

Оның айтуынша, кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі әуелі өз ресурстары есебінен қамтамасыз етілуі тиіс. Саясаттанушы «қоғамға жария болған әскери басшылар арасындағы жемқорлық Қазақстанның әскери қауіпсіздігіне зиян келтірді» деп санайды.

Украина президенті Петр Порошенконың сапарынан кейін іле-шала Қазақстанға Ресей президенті Владимир Путин келді. Киев «бұрынғы басшылық тұсында Украинаның қарулы күштерін қасақана күйретіп, әскери басшыларын жемқорлықпен аздырды» деп Мәскеуді талай айыптаған. Киевтің пікірінше, Мәскеу бұл әрекетінің арқасында Қырымды аннексиялау жөніндегі мақсатын оңай іске асырған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG