Accessibility links

Қазақстандық шекара әскерлерінің тікұшағы Өгем шатқалында апатқа ұшырап, 10 адам қаза тапты


8 қыркүйекте Қазақстанның ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» аймақтық басқармасының «Арлан» барлау-іздеу тобының Ми-8 ұшағы қазақ-өзбек шекарасының маңындағы Өгем шатқалында апатқа ұшырады.


ШЕКАРАДАН ӨТПЕК БОЛҒАН АЛТАУ

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, төтенше оқиға сейсенбі күні таңертең тіркелген. 10 сағат 30 минутта тікұшақпен байланыс үзілген. Оның ішінде, экипижды қоса есептегенде 13 адам болған. «Қазақстан-Жаңалықтар» агенттігінің хабарлауынша, Ми-8 тікұшағының апатынан 10 адам қаза болды, қалған үшеуі ауыр жараланған.

Оқиға орнына жеткен құтқару қызметі апаттан аман қалғандарды Шымкент қаласындағы ауруханаға жеткізді. Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы Арман Әсібеков ауруханадағы үшеудің денсаулығының нақты қандай дәрежеде екендігін дәрігерлер ғана белгілейтіндігін мәлімдеді.

ҰҚК Ми-8 ұшағы Өзбекстанның ҰҚҚ Шекара қызметі берген мәлімет бойынша сейсенбі күні түскен тапсырыспен әуеге көтерілген.

- Өзбекстанның Шекара қызметінен 6 адам Қазақстан жаққа қарай шекараны заңсыз түрде қиып өтуі мүмкін деген ақпарат болған. Сол мақсатпен ұшырылған тікұшақ бұл. Ол адамдар өтпеуі де мүмкін, өтпеген де шығар, өткен болса осы уақытта ұсталған болар еді ғой, - деді ҰҚК баспасөз қызметі басшысының орынбасары Мұхтар Анарбеков.

Ұшақтың құлау себептеріне қатысты болжамдар жоқ.

- Ұшақтың апатқа ұшырау себептері «қара жәшікке» сараптамалық тексеру жасалғаннан кейін ғана белгілі болады, - деді комитет өкілі.

Сондай-ақ, ол тікұшақты атқыланған ба деген болжамдарды жоққа шығарып отыр.

Бұған дейін «Интерфакс» агенттігі алдын ала болжам бойынша тікұшақ құйрығымен жартасты жанап өткен, соққының салдарынан үш адам сыртта қалған, ұшақтың өзі жерге құлап жарылған деген ақпарат таратқан болатын.

ӨЗБЕКСТАНДА ТІРКЕЛМЕГЕН БАҚ- на АҚПАРАТ БЕРІЛМЕЙДІ

Апатқа ұшыраған тікұшақ қазақ-өзбек шекарасына жақын Өгем тау шатқалынан табылған болатын. Төтенше жағдай туралы бірінші болып осы аймақтың орман шаруашылығындағылар хабарлаған.

"Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің ақпараты бойынша, оларға Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінен қаруланған алты адам екі елдің шекарасын бұзып өтуге дайындалып жатыр деген ақпарат түскен. Осыған байланысты ҰҚК Шекара қызметінің "Оңтүстік" аймақтық басқармасының басшылығы шекараны күзету, бақылау шарасын күшейтті" делінген «Қазақстан -Жаңалықтар» агенттігінің таратқан дерегінде.

Осы ақпараттың егжей-тегжейін білмек болып, Өзбекстан ҰҚК-нің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда баспасөз хатшысы Олимжон Туракулов "Өзбекстанда тіркелмеген БАҚ-на ақпарат берілмейді" деді.

РЕСЕЙ ТІКҰШАҚТАРЫНЫҢ АПАТҚА ҰШЫРАУЫ БІР БҰЛ ЕМЕС

Қазақстанда негізінен Ресейде шығарылған тікұшақтар пайдаланылады. Олардың қазақ жерінде апатқа ұшырауының аз-кем тарихы мынандай тарихы:

2001 жылдың қаңтарында генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, Қазақстанның қорғаныс министрі болып тұрған кезде мінген тікұшақ апатқа ұшырады. Соның салдарынан бір офицер қаза болып, Бас штабтың ондаған офицері жараланды.

2001 жылы Леңгір қаласында «Ми-8 МТ» тікұшағы құлады. Бұл апаттан бір адам қаза болған.

2008 жылы наурызда, сол кезде Қызылорда облысының әкімі болған, Мұхтар Құл-Мұхаммед мінген ұшақ апатқа ұшырады. Оның бортында 18 адам болған, бесеуі қаза тапты.

2009 жылы 17 маусымда Үшарал қаласында «Ми-24» әскери ұшағы ұшу алаңына құлады. Ешкім зардап шекпеген.

XS
SM
MD
LG