Accessibility links

Қазғарыш басшысы Аймахановтың жайынан бейхабар


Запастағы қазақ ғарышкерлері Мұхтар Аймаханов (сол жакта) пен Айдын Айымбетов (оң жакта). Сурет "Қазақкосмос" сайтынан алынды.
Запастағы қазақ ғарышкерлері Мұхтар Аймаханов (сол жакта) пен Айдын Айымбетов (оң жакта). Сурет "Қазақкосмос" сайтынан алынды.

Қазақстанның ғарыш бағдарламасы бойынша ұша алмаған Мұхтар Аймаханов Ресей азаматы ретінде ғарышқа ұшпақ. Ұшқыштың әкесі ұлының қай елдің атынан ұшатыны маңызды емес деп санайды.

Осы аптада бұрынғы қазақстандық ұшқыш, 2012 жылы Ресей азаматы атанған Мұхтар Аймахановтың ресейлік ғарышкерлер тобына кіретіні жайлы ақпарат тарады. «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің жазуынша, сейсенбі күні ресейлік «Роскосмос» басшысы Олег Остапенко вице-премьер Дмитрий Рогозинді ғарышкер Мұхтар Аймахановты ресейлік ғарышкерлер тобына қосатыны туралы хабардар еткен.

Ал вице-премьер бұл шешімді құптаған. Мұның алдында "Роскосмос" өкілдері Аймахановта "ғарышқа ұшуға деген зор талап пен ынта" бар екенін айтқан.

Желтоқсанның 19-ы күні «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев журналистерге бұл жайттан хабарсыз екенін жеткізді.

"Мен ештеңе естіген жоқпын, сіз не айтып тұрсыз?" деп агенттік басшысы жергілікті ақпарат құралының тілшісіне қайыра сұрақ қойды.

Азаттық телефон арқылы тілдескен Мұхтар Аймахановтың әкесі Рабат Аймаханов та ұлына қатысты соңғы жаңалықтардан хабарсыз болып шықты. Алматыда тұратын зейнеткер ұлының ғарышқа ұшу туралы арманына жетуіне тілектес екенін айтты. Оның сөзінше, ұлы Мұхтар Аймаханов соңғы рет желтоқсан айының басында Қазақстанға келіп кеткен. Алайда алдағы жоспарлары жайында айтпаған.
Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшып шыққан зымыран. Көрнекі сурет
Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшып шыққан зымыран. Көрнекі сурет

"Ол баяғыдан-ақ ғарышқа ұшу мақсатын алға қойған еді. Алғашында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстаннан екі адамды (Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетов - ред.) таңдап алды. Екеуі де дайындалды. Бірақ ақша жоқ болғандықтан ұша алмай қалды. Айымбетов осында қалды. Балам болса, Ресейге кетуге рұқсат сұрады. «Алған бетімнен қайтпаймын» деді. «Өзің біл қалқам» дегем. Сүйтіп сол жаққа ауысқан" деді Рабат Аймаханов Азаттыққа.

Рабат Аймахановтың айтуынша, ұлының ресейлік ғарышкерлермен бірге дайындықтан өтіп жатқанына сегіз жылдан астам уақыт болған. Ол ұлы «Қазақстанның атынан ұша ма, Ресей атынан ұша ма, бұл аса маңызды емес» деген пікір айтты.

«Ұлыңыз Қазақстанға қайтып орала ма?» деген сұраққа Рабат Аймаханов:

"Қайтып оралу туралы ол айтпайды. Оны бір Құдай біледі. Жақында келген кезде бар айтқаны: "Мен сол жақта қалам" деді. Басқа ештеңе айтқан жоқ. Балама ылғи "ешкімге өкпелеме, өкпелесең, алысқа бармайсың" деп айтып келем" деді ол.

Қазақстандық ғарышқа ұшудан үмітті екі ұшқыш - Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов 2007 жылы Ресейдің Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлер орталығында арнайы дайындықтан өткен. Екеуінің бірі 2009 жылғы күзде халықаралық экипаж құрамында ғарышқа ұшуға тиіс еді. Бірақ Қазақстан жағы қаржы тапшылығына байланысты ғарышкер ұшыруды кейінге қалдырған. Бұл мәселе Астана мен Мәскеу арасында болған ең жоғарғы келіссөздерде бірнеше рет көтерілсе де, шешілмеген күйі қалды.

45 жастағы Мұхтар Аймаханов 2012 жылы Ресей азаматтығын алған. Қазір ол отбасымен Ресейде тұрып жатыр. Ал Қазақстанда қалған Айдын Айымбетовке 2012 жылы ғарышкер мәртебесі берілді.

2013 жылғы қыркүйек айында "Қазғарыш" агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың Пекинде Қытай ұлттық ғарыш әкімшілігінің басшысы Ми Синжуймен кездесіп, қытайлық экипаж құрамында қазақстандық ғарышкерді ұшыру мәселесін талқылағаны туралы хабарланды.

Бүгінге дейін екі қазақстандық - Тоқтар Әубәкіров (1991 жылы ҚазССР кезінде) пен Талғат Мұсабаев (1994, 1998, 2001 ж.ж.) ғарышқа ұшқан болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG